Футбол 16 Қараша, 2018 (0) (229)

Қазақстан мен Латвия тең тарқасты

UEFA Ұлттар лигасы турнирінің D тобындағы Қазақстан құрамасы өз алаңында Латвияны қабылдады.

Матч бастала сала алаң иелері ойын тізгінін қолға алды. Әсіресе сол қапталда ойқастаған Бауыржан Исламханға Ғафуржан Сүйімбаев доп жеткізумен болды. Команда капитаны бірде биік тепсе, бірде қақпаны дәл көздей алмай жүрді десек артық айтпаспыз. Алаңдағы жалғыз номиналды шабуылшы Бауыржан Тұрысбекке  Мұртазаев, Зайнутдиновтар көмектескенімен, «Тобыл» ойыншысы шабан қимылдағаннан басқа түк бітірген жоқ. Жалпы ойын іш пыстырарлық болмаса да, жоғары жылдамдықта өрбіді деп айта алмайсыз. Ойынның басым бөлігінде қазақтар допты ұзақ ұстап жүріп алды. Латвия ұжымдаса қорғанып, арагідік шабуылдап баққан. 37-минутта Муртазаевтан пас алған Сүйімбаев алға екі қадам жасап, қақпаға соққы жасады. Ванинс ойыншылардың қарбаласынан допты көре алмады. Есеп 1:0. Бірінші тайм тұп-тура 45-минутта тәмамдалды.

Миксу Паателайнен не айтқанын қайдам, матчтың екінші бөлігі бастала сала, латвиялықтар қарсыластар қақпасына лап қойды. Бірді-екілі шабуыл жасай жүріп, сәтті қорғанған қонақтар 49-минутта бұрыштамадан көтерілген соққы арқасында есепті теңестірді.Тарасовтан пас алған Ракель Эричті қапы қалдырды. Бұдан кейін Стойлов шәкірттері белсенсін. Бірақ шабуылшыларға дәлдік жетпей жатты. Құрамаға тепкен добы түзу ұшатын шабуылшы бұйырмай-ақ қойды.Күні кеше Еркебұлан Сейдахмет жарақат алып қалған. Мұртазаев пен Тұрысбек түк бітірген жоқ. Бахтиер Зайнутдинов орталық жартылай қорғаушы рөлін атқарып алға пас жеткізумен болды. 74-минуттан ойынның соңына дейін Алексей Щеткин, Максим Федин және Еркебұлан Тұңғышбаевтар алаңға шықты. Тек Федин ғана оң қапталдан ойынға қан жүгірте алды.

Ойын соңындағы баспасөз мәслихатында сөйлеген Станимир Стойлов та шабуылшының жоғын, бастаған шабуылды соңына жеткізе білетін футболшының жоғына қынжылыс білдірді.

Қазақстан –Латвия – 1:1

Голдар: Сүйімбаев, 37 – Ракэль, 49

Допқа иелік ету: 63% - 37%

Cоққылар:  29 - 7

Қақпаға дәл бағытталғаны: 6 - 2

Сары қағаз: жоқ.

Астана. «Астана Арена», 21463 көрермен

 


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру