Күрес 13 Қараша, 2018 (0) (215)

Біртуар

Қараша айының 17-18 күндері Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында грек-рим күресінен дәстүрлі «Болат Тұрлыханов кубогы» турнирі 24-нші рет өтпек. Осыған орай қазақ елінің бағына біткен Дәулеттей ұлды тәрбиелеп өсірген әкесі, әрі ұстазы Болат Тұрлыханұлы туралы мақаланы назарларыңызға ұсынамыз.


1932 жыл. Аласапыран. Қалың елдің басына қара бұлт үйірілген кез. Қазақтың зиялысы – жау, зияндысы – батыр болып тұрған уақыт. Болат Тұрлыханұлының дүниеге келуі де сол зұлмат жылмен тұспа-тұс келді. Содан кейін де болар, Болат аға қайсар, алғыр болып өсті. Қазақта «тектінің тұяғы», «асылдың сынығы» деген теңеулер бар. Әкесі Тұрлыхан Қасенұлы, атасы Қасен Қажы қандай адамдар болды? Бұл туралы ақын, журналист Мәуітқазы Зүкенов өзінің мақаласында былай дейді: «Асқақ Алтай, Тарбағатай тауларының інісіндей болған Қалба, Құсмұрын, Қандығатай сияқты аласа тау жоталары Шығыс өңірін мекендеген ежелгі Найман елінің ата қонысы екені көпке мәлім. 
     Қасен қажы орнатқан биіктігі 2 жарым метр қара тас әлі күнге дейін тұр
Бай табиғатына қарай бұл жақтың адамдары да кең пейілді, жомарт, үлкен жүректі һәм мейірімді болып туады десек, артық айтқандық емес. Осындай ежелгі ата қонысы Қандығатай өңіріне орналасқан Алжан тауын осы өлкенің тумасы, ақын Тұрлыхан Қасенұлы былайша жырлапты:
- Арқаның бір мүшесі Алжан сері,
Бұлтпенен бой теңескен таудың ері.
Маужырап, буға бөккен қоңыр Алжан,
Құшайын сөзбен сылап, келші бері. 
Ерке Алжан, оймен ұшып аралайын,
Жол берсе құз жартасты қойнау, сайың.
Желімен жүрегімнің желбіресін,
Жарыса бетке біткен қарағайың...
... Мәз-мәйрам бауырында елің жиын, 
Оларға толып жатыр берген сыйың.
Тіл менен ой жете алып, айтып болмас,
Қызықты қоңыр Алжан сырың қиын, – деп Алжан тауының сиқырлы сырын, бай табиғатын келістіре жырлайды. Бұл ұзақ толғаудан біз үзінді ғана беріп отырмыз.
     Ал сонда Тұрлыхан Қасенұлы деген ақын кім еді? Ол – бүгінгі тақырыпқа арқау болғалы отырған елімізге белгілі балуан, күрестен спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Болат Тұрлыхановтың әкесі. Тұрлыхан ақын ғана емес, ХХ ғасырдың басында ел тағдыры үшін күрескен, Алаш Орда қайраткерлері аралас-құралас болған, оқу-ағарту саласының белді қайраткері, журналист-жазушы. Ұлтымызға зобалаң әкелген ХХ ғасырдың 30-шы жылдарында «халық жауы» атанып, елі үшін жанын құрбан еткен тұлғалардың бірі. Атақты Қажымұқанның назарына ілінген балуан Тұрлыхан осал адам емес. Тегі, Болат балуан шын мәнінде кісілігі мен күштілігі үзілмеген ата-бабасына тартқан болар. Олай дейтініміз, Болаттың ұлы атасы – Сыбан, руы Түкі батырдың Бөгенбайынан тарайтын ұрпағы Қасен Жолдыбайұлы. Қасен Меккеге екі рет барып, қажы атанған. Ислам дінін адамгершіліктің тірегі деп ұққан, діннің қағидаларын терең түсініп, мұсылмандық жолды берік ұстаған, еліне қадірлі, абыройлы адам болған. 
     Қасен қажы да жасында күш-қайраттан кенде болмаған сияқты. Олай дейтініміз, Қандығатай тауының бөктеріндегі Қапанбұлақ ауылының «Қасен бұлақ» атанған ата қыстауында Қасен қажы өзі әкеліп, орнатқан биіктігі 2,5, ені жарты метр қара тас әлі күнге дейін тұр. Бір әттеген-айы, кейін тас орта белінен сынып, қазір жартысы ғана сақталыпты. Бұл өлмес мұра маған Павлодар облысының Баянауылындағы Қаныш Сәтпаев мұражайының қасына, 1921 жылы Қажымұқанның досы Сүбек ұстаның сұрауы бойынша орнатқан биіктігі 1,65, ені 90 см ат байлауыш таспен шамалас шара болып көрінеді.
      Қажымұқан демекші, осы бір әйгілі балуан мен Тұрлыханның сыйластығы туралы Қыдырбек Рысбекұлы «Қайтпас қайсар қазақпын» деген кітабында былай деп жазыпты: «1934 жылы 26 ақпан күні Қажымұқан бір топ әйгілі адамдарды бастап, Семейге келеді. Тұрлыхан да қадірлі ағасына сәлем бере барған еді. Баһадүр балуан Жарма өңіріне өнер көрсетуге барғанда алғаш көрген, одан кейін де досы Мұхамедханның үйінде дастарқан басында талай кездестірген Тұрлыханды ұмыта қоймапты. Кішігірім тау тәрізді алып денесіне қарамастан, жеңіл қимылдап, мол құшағына басты. Баяғыдай емес, Қажекең шау тартыпты. Бір жолы Жарма жақтағы сапарында: «Бұл елдің менімен белдесуге жарайтын жігіті бар ма?» дегенде Тұрлыхан: «Балуан аға, сізді жығуға шамам келмейтінін білемін. Бірақ, ұстасуға жараймын» – деген еді. Сонда риза болған Қажымұқан ағасы бауырына тартып, батасын беріп, қасына отырғызыпты. Міне, осылай болса, Болат балуанның ата тегінен батырлық пен балуандық үзілмеген, атадан балаға жалғасқан үрдіс деуге негіз бар. Оның әкесі Тұрлыхан 1902 жылы Жарма ауданының бұрынғы Қандығатай болысына қарасты Теректі деген ата қыстауында дүниеге келіпті. 1920 жылы Семейде мұғалімдер даярлайтын сегіз айлық курсты бітіріп, төрт жылдай ауыл мектебінде мұғалім болып жұмыс істейді. 1925 жылы педтехникумға түсіп, оны аяқтаған соң Аягөз аудандық оқу бөлімінде инспектор, ал 1930 жылы Семейдегі «Колхоз-жастар мектебінің» директоры қызметін атқарды. 1933 жылы Көкпекті аудандық оқу бөлімін басқарды. Ол қай жерде жұмыс істесе де, ақындық пен жазушылықтан қол үзбейді. 1934 жылы Қазақстан жазушыларының І съезіне Семейден делегат боп қатысып, М.Әуезовпен және І.Жансүгіровпен жақын танысады. Сол жолы Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облыстық бөлімінің бастығы болып тағайындалады. Алайда, 1929 жылы «Бай баласы партияға кіріп кетті» деген шағым-хаттың соңы үлкен тексеріске ұласып, ақыры нақақ жаламен «халық жауы» атанып, 1937 жылдың 27 желтоқсанында тұтқындалады. Содан оған туған елден топырақ бұйырмай, 1942 жылы Ресейдің Нижний Тагиль деген жерінде көз жұмды. 
     Болаттың атын Қайымның әкесі қойған екен. Артында зайыбы Меңкебану (Сара) мен Болат, Мұрат атты екі баласы шырылдап қала береді. Болат Тұрлыханұлы 1932 жылы дүниеге келгенде, әке-шешесі Семейде Мұхамедхан ақсақалдың үйінде екен. Тұрлыхан Мұқаңа «Баланың атын сіз қойыңыз» – деп өтінгенде, Мұқаң: «Елдің белі бүгіліп, берекесі кеткен ауыр кезеңде туды ғой. Тасқа салса майырылмайтын, болаттай бекем болсын. Есімін Болат қояйық» – деп алып, дауысын көтеріңкіреп: « Елдің туын ұстайтын ақиық жігіт болып, атаңа тартып өс!» – деп үш рет құлағына айғайлапты. (Мұхаметхан ақсақал – белгілі ғалым Қайым ағаның әкесі - автор). Оның айтқаны айдай келіп, Болат бүкіл қазақ елінің азаматы атанады. «Халық жауының» баласы атанған Болат пен Мұрат әкесінің немере туысы Әбуғали Байеділовтің көмегімен Үржардағы Науалы мектеп-интернат үйіне қабылданып, он жылдықты бітіреді де, Болат әкесінің Алматыда тұратын қарындасы Нағипаға тартып отырады. Мақсаты – Алматы денешынықтыру институтына түсу. Апайының қарсылығына қарамай, «айт-дваға» түсіп, қуанышқа бөленеді. Спортты апайы ол кезде солай атайтын. Болат институттағы жаттығу кезінде көзге түсіп, екінші курста қалалық жарыста жүлдеге үлкен үстел сағатын иеленеді. Сол тұңғыш сыйлығын қамқоршы апайына сыйлап, оны да қуанышқа бөлейді.
     Бірде апайы Нағипа теміржолда кезекшілікте тұрып, радиодан «Болат Тұрлыханов – күрестен Қазақстан чемпионы» - деген хабарды естіп, қуанғаннан көз жасына ие бола алмапты. Болаттың институт қабырғасында жүргенде, әсіресе, туыстарының Тұрлыхан туралы «Әкең Тұрлыхан қойдың ортан жілігін бұрап сындыратын, қаласа бір-ақ ұрып, күлпаршасын шығаратын» деген әңгімелерін, оның ел зиялыларымен тең дәрежеде жүргенін, Қажымұқанмен дәмдес, сыйлас болғанын естігені Болат үшін аса бір мақтаныш еді. Ол оқу бітіріп, елге оралғанда, әкемдей болсам деген арманмен келген болатын. Жас балуан сол абырой, атақ үшін еңбек ете білді. Болат Қалбатау ауылы, Абай атындағы орта мектепте денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып іске кіріседі. Мұғалім бола жүріп, ол аудан, облыс, тіпті, республика көлемінде болған жарыстардан абыройсыз қайтқан емес. Бір ғана мысал, 1959 жылы Қарағанды қаласында қазақша күрестен республикалық жарыс өтеді. Бұған Семей өңірінен сайдың тасындай іріктеліп алынған жармалық Болат Тұрлыханов, шұбартаулық Сайлау Сақаев, абайлық Нұғман Сәдуақасов сынды елге танымал балуандар қатысады.
Абырой болғанда, сол жарыста Семейдің үш жігіті де чемпион атаныпты. Сол жылы тағы бір республикалық жарыс Семейде өтіп, әрі балуан, әрі жаттықтырушы Бөкең тағы да жүлдегер болып, алдына жан салмайды. 
Қалбатау елі қадірлі ұлының атына спорт мектебін берді
     Әрине, айта берсе, Болат балуанның жеңістерінде шек жоқ.
Ол тәрбиелеген балуан шәкірттер жеткілікті. Ол өзі қызмет еткен Жарма, Аягөз, Үржар, Таскескен аудандарында жастарды спортқа баулып, жүздеген дарынды спортшының бағын ашты. Ол – спорт десе жалындап тұратын нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жігіттің өзі. Спорттың тоғыз түрі бойынша жаттықтыратын оның шәкірттерінің ішінде республика чемпионы, спорт шебері, спорт шеберлігіне үміткер болған балуандар қаншама. Болаттың жерлес інісі, шәкірті, еркін күрестен Қазақстан мен Орта Азияның чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, елімізге еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, халық ағарту ісінің үздігі Қабен Байдосов Болат жайында: «Ол кісінің жан-жақтылығына бәріміз тәнті болушы едік. Бөкең спорттың қай түріне салсаңыз да, көсіліп жүре беретін, әдіс-тәсілдің иін қандырып үйрететін. Әсіресе, жамбасқа салуы керемет еді. Оның жамбасына іліккен небір дәудің аяғы аспаннан келгенін көзімізбен көрдік» деп еске алады.
     Қабден балуанның сөзін Болаттың адал жары, халыққа білім беру ісінің үздігі Мәрзия Айтбайқызы Тұрлыханкеліні қуаттағандай «Тұрлыханның тұяғы» атты естелігінде былай депті: «Бөкең көп сөйлемейтін, біртоға мінезді адам еді. Ол ұлдарын жауынгерлік рухта тәбиелеуге баса көңіл бөлді десем, артық емес. Отағасының жанкешті еңбегі еш болған жоқ. Ұлдарымыз шетінен шымыр болып өсті. Ішінен жеке-дара шыққаны – Дәулетіміз. Әкесі Дәулетті ширықтыра түсіп: «Сен батырлар мен қажырлылар әулетіненсің. Атаң Тұрлыхан Қажымұқанмен үзеңгілес жүрген екен. Сондықтан ата-бабаңның аруағына сыйынып жүр. Жаман болмайсың» – деп отырушы еді». 
Иә, шынында да, солай болды. Дәулет әке сенімін ақтаған ел азаматы атанды. Бөкеңнің өзге ұлдары да - спорттың грек-рим және самбо күресінен республика чемпиондары. Аудан жұртшылығы ардақты балуанын құрметтеп, 1994 жылы Қалбатаудағы спорт мектебіне оның есімін берді. Бүгінде бұл мектептегі 800-ге жуық шәкіртке спорттың әр түрінен 20-дан астам жаттықтырушы дәріс беруде. Оның үстіне жыл сайын аудан орталығы мен Семейде балуан атында турнирлер өтіп тұрады. Мұның барлығы туған елінің атақты балуанға деген зор құрметі деген жөн
»

     Сөзімізді сабақтай түссек. Спорт журналисі, бірнеше және «Дәулет» кітабының авторы Қыдырбек Рысбекұлы Болат аға туралы былай толғайды:

«Тағдырға өкпе айтуға болмайды. Жазмыштан озмыш жоқ. Қалың қазақты баудай түсіріп, селдіретіп кеткен отыз екіде талай ұрпақ дүниеге келді. Халықтың тартқан тауқыметі, көрген азабыеменнің иір бұтағындай қайсарұрпақты бесігінен ерлікке, елдікке тәрбиеледі. Сондай өр мінезді, қыран тектес ұрпақтың бірі – Болат Тұрлыханов еді. Бөкең 1932 жылы көктемде дүниеге келіпті. Әкесі Тұрлықан НКВД-ның қиындығына мойымай, «халық жауы» деген жаланы мойнына алмай қасарысқанда, одан туған ұлдың көкжасық болуы мүмкін емес еді.

     Оның үстіне «Әкең Тұрлықан қойдың ортан жілігін бұрап сындыратын» деген үлкендердің сөзі бала Болаттың кішкентайынан көкейіне ұялады.  Әкесінің ел зиялыларымен үзеңгі қағыстырып қатар жүргені, Қажымұқанмен дәмдес, сыйлас болғаны Болат үшін зор мақтаныш еді.

      Ес білгеннен тағдырдың тезіне түскен Болат атасы Қасеннен тараған ұрпақтың алдынан жарқын күндер туатынына имандай сенді».

     Қыдырбек аға өте тиянақты адам ғой. Естеліктердің үтір-нүктесіне дейін қағазға түртіп жүреді. Тұрлықан атаның туған әпкесі Төлеуханның келіні Гүлжазира Мұхамеджарқызының айтқанын  қаз-қалпында жеткізеді. Таңертең ерте барған олар Болат ағаның есік алдын көріп таң қалған екен. Ауланы мұнтаздай етіп қойған отағасы мен отанасы ұл-қыздарымен шай ішіп отырады. Балалардың сергек екенін, таң бозынан дене шынықтырып келгендерін бірден байқайды.Олар шайға отырғанда Болат ағаның ұлдары шабындыққа, қыздары   үй шаруасымен айтналысып кеткен-ді.

     Міне, осыдан-ақ отбасындағы тәрбиенің қаншалықты құнды екенін түсінеміз.

     Болат Тұрлыханұлының адами қасиеттері мен кәсібилігін жазушы аға тағы былай суреттейді:

«Бұл кісі туралы әңгіменің ең құндысы – Семей облысының Аягөз, Жарма, Таскескен өңірінің жастарын спортқа баулып, жүздеген дарынды спортшының бағын ашқаны, дене шынықтыру мен спортты қалың бұқара арасында талмай насихаттап, сол істің алдында қасқайып өзінің жүргені дер едік.

     Болат аға – өмірдегі өз жолын адаспай тапқан адам.  Спорт десе жалындап тұратын Б. Тұрлықанұлы нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың бірі еді. Болат – балуан, Болат – боксшы, шаңғышы, конькиші, хоккейші, теннисші, волейболшы, баскетболшы, гимнаст... Бапкерлік қызметіне үңіле, зерделей қарасақ, тек жасөспірімдерді баптаумен шектелмепті. Бөкеңнің шәкірттерінің ішінде республика чемпионы, спорт шебері, спорт шеберлігіне кандидат болған балуандар, желаяқ, шаңғышы, баскетболшы, теннисші, боксшы, ат спортының шеберлері көп. Болат Тұрлықанұлының ұйытқы болуымен құрылған тоғызқұмалақ, дойбы үйірмелерінде шыңдалған жастар облыстық, республикалық бәсекелерде жүлде алып жүрді.

     Бөкең баптаған Аягөз, Жарма, Үржар, Таскескен аудандарының спортшылары Семей облысының спартакиадаларында үнемі алдыңғы лектен көрінді. Осы жерде бір заңдылықты айтпай кетуге болмайды. Болат Тұрлықанұлының көңілі ауған спортқа бейне бір жан біткендей болып, бала біткен елтіп, жұртшылық еріксіз арбалып, шағын үйірмеден басталған іс дөңгеленіп сала береді. Әуелі ауыл ішінің жарысы көпшілікті үйіріп алса, балалары ауданға, облысқа, республикалық жарысқа баратынын естіген соң, сол ауыл жаппай жанкүйерге айналып шыға келеді. Бұл – мыңнан бір адамның қолынан келетін қасиет. Құдіреті күшті Алла Тағаланың Болатқа әу бастан несібе ғып берген ең үлкен сыйының бірі осы болса керек.

Иә, ел үшін төккен тер, көрген бейнет текке кетпейді екен. Алла Тұрлықан әулетінің маңдайына Дәулеттей ұл берді. Бапкері Болаттың қырағы көзі ұлдарының ішінде Дәулетке түсуінде бір заңдылық болса керек.

Жалпы, Таскескен ауылындағы аға буын өкілдерінің қай-қайсысынан сұрасаң да, Болат аға туралы құнды естеліктер айтудан еш жалықпайды. Себебі, мектепте ұстаздық еткен Болат Тұрлыханұлының баланы баурап алатын қасиетін айтпау мүмкін емес. Спортқа үйір барлық оқушы ағаның жанынан шықпайтын деседі. Ауылдағы басы қадірлі азаматтардың бірі, Болат ағаның шәкірті Жұматай Тұраровтан аға жайлы сұрағанмын.

Жұматай Тұраров: Болат аға жасаған спорт алаңы ертегідей еді.

«1970 жылдары Таскескен ауылында ұстаздық еткен Болат ағаның өміріндегі ең бір қызықты шақтары Таскескенде өтті деп ойлаймын. Мен 1969-72 жылдары аға ұстаздық еткен Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепте оқыдым. Сондағы бір есімде қалған жайт, Қажымұрат Нұрғазин, Жанат Шегіров, Бейбіт Кәріпжанов сынды спортты серік еткен ағаларымыз мектеп бітіріп кеткен соң, Болат Тұрлыханұлы мені спорттың көптеген түрлерінен капитан етіп сайлады. Спорт құралдары тұратын қоймалардың кілтін маған сеніп тапсыратын. Ағаның әр сөзі құнды, әр айтқан ақылы көңілге қонымды еді. Өте әділ, жаны жайсаң, бір мезетте талапшыл қатаң және мейірімді бола алатын.

     Ағаның әр өткізген сабағы мереке іспеттес. Сол үшін дене шынықтыру сабағын асыға күтетінбіз. Мына қызықты қара! Болат ағаның сол кезде жасаған спорт алаңын көрсең! Ондай алаңды әлі ешбір аудан орталығы, еш ауылдан кездестірмедім. Аумағы 1 гектар болатын жерге екі волейбол, бір баскетбол алаңы, лабиринт, чехарда, биіктікке, ұзындыққа секіретін төрт орын, төрт брусь, ядро және найза лақтыратын алаң, шағын теннис үстелі, 100, 400 метрлік жүгіру жолдары, гандбол мен мини-футбол алаңын қалай сыйдырған  деп қайран қаламын. Аға таза еңбек етті, адал болды. Сонысымен де сыйлы еді».

     Міне, бұл - бір ғана оқушысының құрметі. Әр жылдары бірнеше елді мекенде қызмет еткен Болат ағаның артында қаншама шәкірті қалды. Ағаның игі ісін жалғастырғандары да баршылық.

Дүйсен Саяқов: Болат ағаны үлгі тұтамын.

Болат ағаның тағы бір шәкірті  - Дүйсен Саяқов. 1959 жылы Таскескенде туған Дүйсен Қабылқайұлы ағаның ұлы Қайратпен оқыған. 1976 жылы мектеп бітірген Дүйсен аға сол жылы Қарағандыдағы дене тәрбиесі институтына түседі. Еңбек жолын Алтынсарин және Знаменкадағы мектептерде бастаған ол 1989 жылдан бастап,  аудандық атқару комитеті жанындағы Таскескен аудандық спорт комитеті төрағасы қызметін атқарды. Аудан орталығы тарағанша ауыл балаларының спортқа деген құлшынысын арттырған Дүйсен Қабылқайұлы тағдырына ықпал еткен адам Болат Тұрлыханұлы деп санайды.

Ауыл балаларының спортқа құлай берілуіне Болат аға көп себепші болды. Оның өмірі мен үшін үлгі болды. Аға сыптай адам болатын, мұнтаздай жып-жинақы қалпынан айнымайтын еді. Болат Тұрлыханұлының әр таңы отбасымен бірге ауыл көшелерімен жүгіруден басталатын. Сондайды көріп өскен мен, Болат ағаның қолында жаттыға бастадым. Күрестің жілігін шағып, майын ішкен маман ғой ағамыз, - дейді Дүйсен Саяқов. – Сол кездері ЕҚД кешені (комплекс ГТО) нормативін тапсыратын едік қой. Әлі есімде, аталмыш сынақты ең бірінші болып Тұрлыхановтпар әулеті тапсырды. Ағаның арқасында аудан және облыс көлеміндегі талай жарыстар мен турнирлерге қатыстық.

Болат Тұрлыхановтың ақыл-кеңесімен Дүйсен Қабылқайұлы Қарағандыға оқуға тапсырды. Оқуды тәмамдаған соң туған жеріне қызмет етті. Тіпті өздігінен жұмыс істеп жүрсе де Болат Тұрлыханов оның қасынан табылып, қамқорлық танытып, білгенімен бөлісетін.

Мұғалімдікті таңдағаным да ұстазыма еліктегенімнен еді. Ағадан көп нәрсе үйрендім. Пайдалы кеңестерін аямаған Болат Тұрлыханұлы менің жадымда мәңгі сақталады.

  Әрбір мықты еркектің артында арқасүйер мықты әйелдің тұратыны шындық. Мәрзия Айтбайқызы – сондай мықты жан. Шаңырақтағы ұл-қыздарының тәрбиесімен қатар, жұбайының спорттағы жолын қолдап, балаларының спортты серік етуіне бірден бір жағдай тудырған да осы кісі. Кітап жазылып жатқанда Мәрзия апаға қоңырау шалып, Болат аға туралы айтып беруін өтінген едім. Сонда «Қарағым, Болат атаң туралы  көп нәрсе айтуға болады. Оған 1-2 күн аздық етеді. Есімі елге белгілі азамат қой, атаң» деген еді. Дауысынан құрметтің лебі есіп тұрған-ды. Мәрзия апа Болат Тұрлыханұлының қандай да болмасын бастамаларын қолдайтын. Өзі де спортты жақсы көретін ол зайыбы мен балаларына қосылып жүгіруді де әдетке айналдырды. Апамыздың «Шаңырақ шапағаты» атты кітабында Болат аға жайлы «Отағасы – Болат Алматы қаласындағы сол кездегі денешынықтыру институтын 1954 жылы бітірген. Семей облысындағы дене тәрбиесі мамандығынан жоғары білімі бар алғашқы қазақ азаматы болды. Ол спорттың бірнеше түрі (қазақша күрес, еркін күрес, жеңіл атлетика, шаңғы, шахмат және т.б.) бойынша ауыл жастарын баптаған жоғары білімі бар маман еді. Өзім де спорт ойындарына, әсіресе жеңіл атлетикаға ерекше қызығушы едім. Сондықтан да біздің отбасымызды сол кезде құрбы-құрдастар мен замандастар «жұптары жарасқан сайыпқыран спортшылар отбасы» -деп қалжыңға қосатын», деп жазады.  

Болат аға жайлы жазғанымды қорытындылай келе , шынымен де ол кісідей тұлғаның, қайсар қайраткердің жүз жылда бір туатынын тілге тиек еткім келеді. Феномен! Басқа қандай теңеу айтарыңды да білмейсің. Журналист, әріптес ағам Қыдырбек Рысбекұлы Болат Тұрлыханұлының өмірінің соңғы кездерін тебіреніспен жеткізеді.Заңғар ағаны  аса шынайылықпен түсініп, түйсінген Қыдырбек ағаның айтқандары жүректі шымырлатады-ақ.

«Болат Тұрлықанұлының өмірінің соңғы кезеңінен бір дерек. 1993 жылы қазан айында Таскескен ауданы Дәулет Тұрлықановтың құрметіне дүркірете той жасады.Көкке найзадай шаншылған асқақ Ақшәулінің бөктері ат дүбіріне бөленді, белі бекем, бура сан балуандар боз кілемде белдесіп, қалың жұртшылық бір жасап қалды.

     Тойдың дуына елтіген жұртшылық бір жәйді ғана аңғарған жоқ. Сырт көзге сабырлы, көңілді көрінген Болат аға жанға батқан сырқатын ешкімге білдірген жоқ. Дастархан үстінде, бәйге мен күрес кезінде көппен бірге жүрді. Қабағын шытқан жоқ. «Жағдайым болмай тұр» деп сыр берген жоқ. Той тарқаған соң, Болат аға екеуміз бір бөлмеге түнеп шықтық. Аға түн баласы көз ілмеді. Ауруы қанша қинаса да «қыңқ» демеді.

     Түн ортасы ауа бере:

-         Дәулет жарты жыл жаттыққанда Стокгольмдегі әлемдік чемпионаттан (1993 ж.) «алтынмен» оралар еді, - деді баяу үнмен. – Бір жарым ай тер төгіп, «күміске» жетті. Бір жағынан кешен салып, зорыға жаздады ғой. Әйтпесе... – деп күрсінді.

Ағаның жан дүниесін қапысыз ұқтым. Қиналып жатып, ұлының әр қадамын ой елегінен өткізгені рухының өрлігін білдіріп еді.

Сол жылғы қараша айының басында фәни жалғаннан мәңгілік дүниеге біржола бет бұрды. Артында ауылының шаңдақ көшесінен Олимп шыңына дейін созылған қасқа жол қалды...»

Қазақта «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі, өзіне келер мұратын, өзі біліп тұрса игі» деген қастерлі сөз бар. Болат Тұрлыханұлының артында қалған ұрпағы ата менен баба жолын жалғастырып келеді.



Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру