Футбол 11 Қараша, 2018 (0) (293)

Қазақстан премьер-лигасы мәреге жетті

Бүгін Қазақстан премьер-лигасының соңғы 33-туры өтті. Чемпион алдын ала белгілі болса да, ҚПЛ ойындары қызығушылық тудырмай қоймады. Басынан бастайық

«Астана» - «Ертіс» - 4:0

Ойыннан 2-3 күн бұрын мамандар мен жанкүйерлер букмекерлік кеңселердің ұсынған коэффициенттеріне таңдай қағысқан. Елордалық ұжым өз алаңында аутсайдермен ойнайтын болса да 4,7 коэффициентке, «Ертіс» түзде 1,5 «кэфке» ие болды. Бұл барып тұрған миға сыймайтын дүние болатын. Бәзбіреулер Бабаян қосымша құрамын шығарады екен дескен. Бірақ ол да мүмкін емес-тін.. Еуропа лигасының топтық кезеңі ойындары әлі аяқталған жоқ. Клуб Қазақстан кубогы финалына да жолдама ала алған жоқ. Ал ойыншыларға ойын практикасы керек Бір кездері «Ақтөбе» футбол клубының бас менеджері болған атышулы Дмитрий Васильев Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында мұны «болгарлық мафия» ықпалдылығы» деп баға берді.

Ал ойын басқаша бағытпен өрбіді. Марин Томасов хет-трик жасап, Рангело Янга 1 голдың авторы атанды. Түк бітірмеген керекуліктер турнир кестесінде 10-орынға жайғасып, бірінші лигадағы «Қыран» командасымен ҚПЛ-дағы орнын сақтап қалу үшін кездеседі.

«Қайрат» – «Шахтер» - 0:0

Алматылық клубтың саясатын адам түсініп болмайды. «Жау кеткен соң қылышыңды боққа шап» дегенді түсінбейтіндер чемпион бола алмайтынын білген соң, маңызы жоқ ойындарға тек Қазақстан төлқұжаты барларды ойната бастады. Бәлкім жергілікті ойыншыларға чемпионат басталғаннан сенім арту керек пе еді, кім білсін?.. Ортаңқол «Шахтер», «Тобылдарды» ұта алмай команда нәтижесінде «Астанадан» 15 ұпайға қалып қойды.

Жә, айтпағымыз ол да емес. Бүгін 37 жасар Андрей Аршавин «Қайрат» сапындағы соңғы ойынын ойнады. Үш маусым бойы алматылықтардың ғана емес, күллі қазақ жанкүйерлерінің десек, артық айтқанымыз емес, көз қуанышына айналған Ресей футболының бас жұлдызы биылғы маусымның өзінде 34 матчта алаңға шығып, 11 гол соқты және 14 рет нәтижелі пас берді.

Ал қарағандылықтармен болған ойын біз күткендей бірсыдырғы өтті. Матчта есеп ашылмады. Екінші таймда алаңға шыққан Исаэл, Аршавин мен Эсеола ойынды күшейткенімен, «Шахтер» қорғанысының мығым болғанын байқадық.

«Ақтөбе» - «Қайсар» - 0:2.

Матч алдында қос командада 42 ұпайдан болатын және қайсысы жеңсе 5-орын бұйыратыны анық еді аса маңызы болмаса да. Беларусь ойыншысы Зенкович соққан қос доптың арқасында «қасқырлар» жеңіске жетті. Ойын өте дөрекі өтті, оған дәлел, 9 «сары» қағаздың көрсетілуі.

«Жетісу» - «Ақжайық» - 3:1

«Қырсық бір айналдырса шыр айналдырады» деген мақал батысқазақстандықтарға қаратылып айтылса керек. Бұл ұжым ҚПЛ мен бірінші лига арасында жүріп, көшпелі командаға айналды.

 Матчтың 6-минутында-ақ Евгений Тапалов өз қақпасына гол соғып алды. Бұдан кейін талдықорғандықтар сапынан Альмир Мухутдинов көзге түсті. Араға 13 минут салып, Мәлік Мане есепті қысқартса, 90+1 минутта Сабырхан Ибраев мергендік танытып, есепті 3:1 жеткізді.

«Ордабасы» - «Атырау» - 1:0.

Бұл жолы да букмекерлердің қателесенін байқаймыз. Басымдықты мұнайлы өлке командасына беріп қойған бәс тігушілердің есебі шыққан жоқ. Матчта жалғыз ғана доп соғылды. Оның авторы - шымкенттік команда қорғаушысы Механович. Бұдан кейін қос команда да бірді-екілі мүмкіндік болған. Алайда есеп 1:0 болып қалды.

«Тобыл» - «Қызылжар» - 3:0

Қостанайда тамаша кездесу өтті. Алаң иелері сапынан грузиялық Ника Квеквескири салған жерден көзге түсті. Есеп бірінші минутта ашылды, 1:0! Екінші тайм бастала сала тобылдықтар қонақтар қақпасына лап қойған. 56-минутта Максим Федин есепті еселеп тастады. Ал үзілістен соң Бусурмановты алмастырған «Тобыл» ардагері Нұрбол Жұмасқалиев 83-минутта матчты әдемі қорытындылады. Бір кездері көшбасшы болып жүрген қостанайлықтар сол бабына қайта енсе кәні!

Сонымен «Астана» бесінші жыл қатарынан чемпион атанса, «Қайрат» сонша жыл күмісті қанағат тұтып жүр. «Тобыл» - қола жүлдегер. «Ордабасы» Еуропа лигасы аймағына енді, соған да шүкірлік етеді оңтүстіктікілер. Ал «Ертіс» Бірінші лигада 3-орын алған шымкенттік «Қыран» командасымен 16 және 20 қараша күндері қос матч өткізеді.

Қазақстан премьер-лигасының үздік мергендері – Маркос Пизелли («Ақтөбе») – 18 (3), Адеринсола Эсеола («Ақжайық»/«Қайрат») – 17, Марин Томасов («Астана») – 14.

26 қарашада Қазақстан кубогының финалы аясында «Атырау» мен «Қайрат» кездеседі.


Фото: "Астана" ФК және "Қайрат" ФК ресми сайттарынан алынды.


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру