Футбол 08 Қараша, 2018 (0) (25)

UEFA чемпиондар лигасының 4-туры ойындары өтті

Әдеттегідей сейсенбі және сәрсенбі күндері UEFA чемпиондар лигасының 4-туры ойындары өтті. Енді өткен матчтарды қысқаша шолып өтсек.


А тобы

 «Атлетико» – «Боруссия» матчында алаң иелері допқа аз да болса иелік ете жүріп жеңіске жетті.

Голдар: Сауль, 33, Гризманн, 80.

Топ аутсайдерлері «Монако» мен «Брюгге» арасындағы матчта 4 доп соғылды, бәрі алаң иелері қақпасына! Бір кездері ешкімге дес бермеген монаколықтар «Брюггеден» ойсырай ұтылып, пұшайман болды.

Голдар: Ванакен, 12, 17 – пенальти, Уэсли, 24, Вормер, 85.


В тобы

Топ басындағы каталониялықтар мен миландықтар тең тарқасты. «Барселона» допқа иелік ету көрсеткіші бойынша ұлкен басымдыққа ие болған. Алайда 83-минутта ғана «Интер» қақпасына гол соға алды. Араға 4 минут салып, алаң иелері есепті теңестірді.

Голдар: Икарди, 87 - Малком, 83.

«Тоттенхэм» нидерландықтарды жеңді. ПСВ В тобындағы ең аз ұпай жинаған команда екенін ескерсек, қорытынды есептің әділетті болғанын көреміз. Алайда қонақтардың 2 минутта-ақ есеп ашқанын айта кету ләзім.

Голдар: Кейн, 78, 89 – Де Йонг, 2  


С тобы

Сербиялық «қызылжұлдыздар» «Ливерпулді» қабылдады. Жай қабылдап қана қойған жоқ, қақпаларына қақыратып тұрып қос гол соғып қайтарды! Статистикаға сүйенсек, допқа иелік ету, қақпаға соққы бағыттау, дәл пас беру сияқты көрсеткіштер бойынша мерсисайдтықтар басымдық танытқан. Бірақ алаң иелері табандылық танытып, нәтижелі ойын көрсетті. Есеп 2:0.

Голдар: Павков, 22, 29.

Топтағы қос серке «Наполи» мен «ПСЖ» тең тарқасты. Ойын барысында италиялық команда қақпаға 20 соққы бағыттады. Соның біреуі ғана голға айналды. Қонақтар сапынан Бернат көзге түсті.

Голдар: Инсинье, 63 – Бернат, 45+2.


D тобы

«Порту» мәскеулік «Локомотивті» тас-талқан етті. Қонақтар өз қақпаларына 4 доп жіберіп, бір ғана голмен жауап қата алды.

Голдар: Эррера, 2, Марега, 42, Корона, 67, Отавио, 90+3 – Фарфан, 59.

«Шальке» - «Галатарсарай» - 2:0. Немістер топтан шығудың қамын жасап жатыр. Әзірге осы ойыннан кейін екінші орыннан көрінген «Шальке» стамбулдықтарды оңай ұтты дей алмайсыз, бірақ есептің аты – есеп. Нәтижесі көрініп тұр.

Голдар: Бургшталлер, 4, Ут, 57.


Е тобы

«Бавария» - АЕК – 2:0. Таңдай қағарлық ештеңе болған жоқ. Жай ғана неміс машинасы жеңіске жетті.

Голдар: Левандовски, 31-пенальти, 71.

«Бенфика» - «Аякс» - 1:1. Голландия клубы «Баварияны» ұзатып алды. Олардың арасын екі ұпай бөліп тұр. «Бенфика» «Аяксты» қуып жеткісі келеді. Бірақ өз алаңында оған шамасы келмеді.

Голдар: Жонас, 39 – Тадич, 61.


Ғ тобы

«Манчестер Сити» - «Шахтер» - 6:0. Манчестерліктер қонақтарға еш мүмкіндік бермеді.

Голдар: Сильва, 13, Габриэль Жезуш, 24-пенальти, 72, пенальти, 90+2, Стерлинг, 49, Марез, 84.

«Лион» - «Хоффенхайм» - 2:2. Бір кездері өз алаңында кімді болса да бет қаратпай ұтатын лиондықтар қазір ортаңқол командаларды ұта алмайтын халге түскен. Десе де, франциялық клуб бұл топта екінші орында тұр.

Голдар: Фекир, 19, Ндомбеле, 28 – Крамарич, 65, Кадерабек, 90+2.


G тобы  

ЦСКА – «Рома» - 1:2. Мәскеуліктерді ұтса топ бастайтынын жақсы білетін Римнен келген қонақ команда ойыншылары барын салды. 4-минутта есеп ашты. Әскерилер әупірімдеп жатып есепті теңестірген, алайда қуаныш көпке созылмады. 10 минут болмай жатып, «Рома» гол соғып кетті. Бұл жеңіс голы болатын.

Голдар: Сигурдссон, 50 – Манолас, 4, Пеллегрини, 53.

«Виктория Плзень» - «Реал Мадрид» - 0:5. Осыдан дәл екі апта бұрын мадридтік клуб «Викторияны» әрең жеңген еді. Сантьяго Соларидің келуі испаниялықтарды жігерлендіріп жіберді ме, қонақта екенін ұмытқан команда айналасы 20 минуттың ішінде төрт гол соғып үлгерді. Ойындағы бесінші гол 67-минутта соғылды.

Голдар: Бензема, 21, Каземиро, 23, Бензема, 37, Бэйл, 40, Кроос, 67.

Н тобы

«Ювентус» - «Манчестер Юнайтед» - 1:2. Адам айтса нанғысыз, бірақ бұл – футбол. Алаң иелері бәрін тамаша бастаған. Толассыз шабуылдар, Роналдудың голы... 86-минутқа дейінгі жеңіс. Ары қарай ше... әрине «Юве» топтан суырылып тұрып шығады, оған ешкімнің күмәні бола қоймас. Дегенмен, бұл жолғы жеңілістің дәмі тым ащы еді... Ойын соңындағы автогол команданы жеңіліске ұшыратты.

Голдар:  Роналду, 65 – Мата, 86, Бонуччи, 90-автогол.

«Валенсия» - «Янг Бойз» - 3:1.

Голдар. Санти Мина, 14, 42, Солер, 56 – Ассале, 37.


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру