Бокс 06 Қараша, 2018 (0) (24)

Карина Ибрагимова: Әлем чемпионатында барымды саламын

60 келі салмақта өнер көрсететін Ақмола облысының спортшысы Карина Ибрагимова биылғы Әлем чемпионатында ел намысын қорғайды.

Карина Ибрагимова: «Әлем чемпионатында барымды саламын» 

-      Биыл өзіңіз үшін сәтті жыл болды деп айта аласыз ба?

-      Иә. Өздеріңіз байқағандай мен Әлем чемпионатына баратын боксшылар тізіміне ілігіп отырмын. Бұл қуанышты жағдай. Биыл біраз жарыстарға қатыстым. Жаман емес. Ендігі бар ойым Нью-Делиде жеңіске жету.

-      Үндістандағы Әлем біріншілігіне дайындығыңыз қалай?

-      Биыл Польшада «А» санатына жататын халықаралық турнирде 4 қарсыласпен кездесу өткізіп барлығында жеңіске жеттім. Елге оралған соң Алматыда 3 апта оқу-жаттығу өткіздік. Қазір дайындықты Астанада жалғастырып жатырмыз.

-      Әлем чемпионатына неліктен Сізді таңдап алды?

-      Әлем чемпионатына бару үшін спарринг болатыны жайында бапкерлер алдын-ала ескертті. Мен Айжан Қожабековамен жекпе-жек өткіздім. Ол да мықты спортшы. Соның қорытындысы бойынша тізімге іліндім.

-      Өз салмағыңызда мықты қарсылас деп кімді айтар едіңіз?

-      60 келі салмақ дәрежесі Олимпиада ойындарының бағдарламасында болғандықтан мықты боксшылар өте көп. Барлығы да жоғары дайындықпен келеді. Сондықтан әр кездесуге, әр қарсыласқа тыңғылықты дайындалу қажет. 

-      Жеңіп шығарыңызға сенімдісіз бе?

-      Алдын-ала болжау қиын. Бәрі ойдағыдай болса жеңуге тиіспіз. Тартынып қалмасымыз анық.

-      Әлем біріншілігінен кейін жоспарыңыз қандай?

-      Биыл әлі Спартакиада болады. Сосын келер жылғы Әлем чемпионаты бар. Жеңіске жеткендерге Олимпиада ойындарына жолдама беріледі. Сондықтан жаттығуымды үзбеймін. Денсаулығыма қарап, тек шыныға бермек ойым бар.

Дереккөз: Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі

 


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру