Бокс 03 Қараша, 2018 (0) (254)

Батыр Жүкембаев БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді

Бірінші жартылай орта салмақта ел намысын абыроймен қорғап жүрген боксшы Батыр Жүкембаев келешек жоспарымен бөлісіп, әлемдік және қазақстандық кәсіпқой бокстың жай-күйі жайлы пікірін ортаға салды.


«Ең алдымен мені қолдаған қазақстандық жанкүйерлерге алғыс білдіремін. Соңғы қарсыласым Патрисио Мореномен (20-2, 14 КО) айқасу мен үшін оңайға соққан жоқ. Жетінші раундта намысқа тырысып нокаутпен жеңіске жеттім. Ендігі мақсатым - АҚШ елінде жекпе-жектер өткізу. Қазір Канада елінде жаттығып, сол елде жұдырықтасып жүргендіктен, жергілікті жанкүйерлер арасында танымал бола бастадық. Олар да боксты жақсы көреді. Чемпион болғым келеді және сол үшін «Батыр777» командасы барынша жұмыс істеуде.  Қазіргі таңда өз дивзионымда әлемдегі үздік 30 боксшының арасына кіріп тұрмын. Бұл титулды айқастар өткізу үшін жақсы мүмкіндік. Головкин мен Альварес арасында жекпе-жек кешінде болдым. Барлығы ұнады. Енді Геннадий шыққан шыңнан асып түскім келеді.   

     -Келесі жекпе-жегім осы жылдың аяғында немесе келер жылдың басында өтеді. Мені Головкинмен салыстырып, оның ізбасары деп атағаны әрине қуантады. Дегенмен, менің өз стилім және өз жолым бар. Тарихта қазақ боксының жаңаша үлгісін көрсеткен чемпион ретінде қалғым келеді. Басты мақсат осы. Сонымен қатар Қазақстанда жекпе-жек өткізсем деген үлкен арманым бар.

     - «Батыр777» командасы ретінде кәсіпқой боксты жаңадан бастаған бауырларыма барынша көмектескім келеді. Өйткені олардың көпшілігі мұхит асқан соң алданып жатады немесе сәтісіз келісімшартқа отырып жатады. Бұл спортшыны өсірмейді. Сондықтан бокс дейтін бизнесте сауаттылық керек. Жақсы промоутер мен білікті менеджер – сәттіліктің кепілі.

     -Қазақстандық кәсіпқой боксшылар жақын уақытта әлемдік жаулайды. Көздеген нысанамыз да айқын. Қолдан жасалған, жарнамасы жер жарған «батырлардың» заманы өтті. Енді қазақтың нағыз Батырларының ел намысын ту ететін уақыты келді» деді Жүкембаев өз сөзінде.

Еске салсақ, Батыр Жүкембаев (14-0, 12КО) соңғы рет 6-қазанда Канаданың Квебек қаласында, мексикалық боксшы Патрисио Мореноны (20-2, 14 КО) жетінші раундта нокаутпен ұтқан болатын. Осылайша отандасымыз кәсіпқой рингтегі 14-ші жекпе-жегінде жеңіске жетіп, 12-ші нокаутын тіркеді.

ҚОСЫМША ДЕРЕК:

Батыр Жүкембаев - Канададағы жарқын жекпе-жектерінің арқасында, сол құрлықтағы болашағы зор саналатын боксшылардың біріне айналды. Ендігі мақсаты - АҚШ-тың бокс нарығына өту. Беделді ESPN телеарнасының журналисті - Стефан Эспиноза, Батырды "Головкиннің ізбасары" деп атаған еді. Қазіргі таңда Батыр IBO International және WBC Continental Americas белбеулерінің иегері.

 

 



Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру