Бокс 01 Қараша, 2018 (0) (412)

Данияр Елеусіновтің кәсіпқой бокстағы карьерасы қалай болмақ?

Әуесқой бокста Серік Сәпиевтен кейін барлық титулға қол жеткізген екінші боксшы Данияр Елеусінов. 27 жастағы отандасымыз мұнымен тоқтап қалмай, осы жылы кәсіпқой боксқа ауысты. Жақында төртінші кездесуінде жеңіске жетті.


Даниярдың промоутер таңдаудан жолы болды

Данияр кәсіпқой бокстағы алғашқы талпынысты өткен жылы жасаған еді. Бірақ ол кезде аустралиялық компаниямен жұмыс жүзеге аспай, әуесқой боксқа оралған болатын.

Биыл наурыз айында британиялық маман Эдди Хирннің көзіне түсіп, келісімшарт жасасты. Энтони Джошуа, Келл Брук, Джордж Гроувз, Тони Белью, Амир Хан, Дэниэл Джейкобс секілді әлемдік бокс жұлдыздарымен жұмыс істейтін Хирн Қазақстанға келіп, тіпті, баспасөз мәжілісін өткізген болатын.

Сол кезде атақты промоутер қазақ боксшының мақтауын келістірген еді.

«Данияр - қазақ халқының мақтанышы, Олимпиада чемпионы. Біз онымен және басқа да Олимпиада жүлдегерлерімен келісім-шарт жасастық. Олардың арасында Энтони Джошуа бар. Данияр әлемнің барлық жерінде жұдырықтасатын болады. Қазақстанда да жекпе-жегін өткіземіз. 100 пайызға оны әлем чемпионы ретінде шығарамыз», – деген баспасөз мәжілісінде Хирн.

Елеусіновтің кәсіпқой боксқа ауысына менеджер Зия Алиев көмектескен. Британиялық промоутермен  келісімшарт жасауына Алиев ықпал еткен. Ол қазақ боксшысы өнер көрсететін «Boxing Star» компаниясының басқарушы директоры.

­«Мен Эдди Хирн шақыртуын қабыл аламын деп ойлаған жоқпын. Менеджер Зия Алиевпен үнемі байланыста болды. Ол жақында өте жақсы ұсыныс дайындап отырғанын айтты. Бірақ толық баяндаған жоқ. Тек Алматыдағы оқу-жаттығу жиындарынан кейін келісімшарт негізін түсіндіріп берді. Мен бұл ұсынысты қабыл алдым. Эдди Хирн – өте белсенді промоутер.  Энтони Джошуа қалай танымал еткенін бәрі жақсы біледі. Қазіргі кезде бірнеше Олимпиада чемпиондарымен жұмыс істейді. Жылына 30 жекпе-жекке дейін өткізеді. Басқа ешкім олай істей алмайды. Тіпті, Top Rank пен  Golden Boy өзінде ондай промоутер жоқ», – деді баспасөз мәжілісінде Д. Елеусінов.

Шыны керек, Данияр Елеусіновтің промоутер таңдаудан жолы болды деп айтуға болады. Өйткені, Қанат Ислам, Жанқош Тұраров бастаған бірнеше талантты боксшыларымыз промоутер мәселесінен көп қиындық көріп жүргені жасырын емес. Эдди Хирн жоғары да айтқандай, талай мықтылардың бағын жандырған тәжірибелі менеджер.

Төрт жекпе-жектің екеуін нокаутпен аяқтады

Данияр жарты жылдың ішінде 4 кездесу өткізіп үлгерді. Ең алғаш 29 сәуірде шаршы алаңға көтерілді. Нью-Йорктегі Джейкобс-Сулецки жекпе-жегінің андеркартында өнер көрсеткен отандасымыз 6 раундқа жоспарланған кездесуді уақытынан бұрын аяқтаған болатын. Қарсыласы – АҚШ боксшысы Ноа Кид.

22 жастағы Ноа Кид сол жолы кәсіпқой бокстағы карьерасында алғаш рет жеңілуге мәжбүр болды. Осыған дейін 4 жекпе-жек өткізіп, 3 рет жеңіске жеткен екен, 1 кездесуін тең аяқтаған.

Одан кейін 6 маусым күні Лондон қаласындағы Йорк-холл орталығында өткен бокс кешінде Венгриядан келген Золтан Шабоның (23-11, 14 КО) осал тұсын тапты.Бірақ көпшілік күткендей нокаут болмады. Алты раундқа жоспарлаған жекпе-жек толықтай өтті. Жеңімпазды кездесу аяқтағаннан соң төрешілер анықтады. Данияр Елеусінов 65:64 есебімен жеңіске жетті.

Тамыз айында Кардиффтегі (Уэльс) Ice Arena Wales  аренасында тағы бір мажар боксшысы Габор Горбичтен (24-11, 14 КО) айласын асырды. Бұл жолы да кездесу толықтай алты раундқа созылды.

Қатарынан екі жекпе-жекте қарсыласын нокаутқа түсіре алмай, тек ұпай айырмашылығымен ұтқаны көпшіліктің талқысына да түскен болатын. «Данияр әуесқой мен кәсіпқой боксты шатасырып алған ба?» деген пікірлер де айтылды.

Дегенмен, ол соңғы кездесуін нокаутпен аяқтады. 22 қазанда АҚШ-тың Бостон қаласындағы TD Garden аренасында жергілікті боксшы Мэтт Доэртимен (8-5-1, 4 КО) кездескен. Отандасымыз қарсыласын бірінші раундта-ақ нокаутпен ұтты. Сөйтіп, жекпе-жектерді мерзімінен бұрын аяқтауға қауқары жететінін байқатты.

«Мен оны бірінші раундта құлатамын деп ойламадым. Өйткені, Мэтт  бұрын-сонды бұлай ерте жеңілмеген. Мерзімінен бұрын ұтсам да, келесі раундтардың бірінде болар деп едім. Бәлкім, үшінші-төртінші раундтарда. Алайда, барлығы өте жылдам аяқталды. Бұл жерде төреші араласты. Егер ол болмағанда, кім білетін еді... Мүмкін, қарсыласымның жағдайы одан да қиындар ма еді?», – дейді Данияр Sports.kz сайтына берген сұхбатында.

Бокста панчер деген түсінік бар. Яғни боксшы жекпе-жек кезінде орта қашықтықты ұстап отырып, техника мен сериялық соққыларының арқасында қарсыласын нокаутқа түсіреді. Кейде тіпті бір соққымен құлатуы мүмкін. Біздің елде Головкинді панчер деп атайды. Ал Даниярдың соққысы ондай аса қуатты емес. Есесіне, аяқпен жақсы жұмыс істейді, техникалық арсеналы өте бай. Елеусіновтің кәсіпқой бокстағы карьерасына күмән келтіретіндер де әлі де жетерлік. Дегенмен, ол өз-өзіне сенімді.

«Мен өз-өзіме сенімдімін. Құдайдың берген күш-қуаты бар. Өте жылдам боксшымын.Соның барлығы жақсылап дайындалсам көмектеседі деп ойлаймын. Кәсіпқой бокстың қолғабында да айырмашылық бар. Мысалы, қолғап кимей сол боксшыны көшеде ұрсам ол құлайды. Кәсіпқой бокстың қолғабы да, дәлдігі де өзгеше. Мен Головкин сияқты керемет нокаутер боксшы боламын деп айтпаймын.Бірақ кәсіпқой бокста бір соққы шешетінін ұмытпау керек. Мұнда жақсы тайминг керек.Әуесқой бокста нокаутқа түсіріп құлатуға емес, соққыны дәл бағыттау яғни ұпай жинауға ұмтыламыз. Кәсіпқой бокста темп басқа, өз күшінді бөліп жұмсауды үйренесің. Айта берсең айырмашылық көп. Менің алаңдағы қимылым Эрисланди Лара, Гильермо Ригондаға көбірек келеді. Бастысы, шыдамылыққа бой үйрету қажет», – деген еді көктемдегі баспасөз мәжілісінде боксшының өзі.

Даниярдың салмағында чемпиондардан кім бар?

27 жастағы қазақстандық боксшы әуесқой бокста 64, 69 келіде өнер көрсеткен. Соңғысында Олимпиада мен әлем чемпионатын ұтты. Енді ол кәсіпқой бокста осы екі салмақтың ортасындағы 66,7 келі яғни 147 фунтта бақ сынап жүр.

Бұл салмақтың мықтыларына тоқталып өтсек. Қараша айында 30 жасқа толатын АҚШ-тың кіші Кит Турман деген мықтысы бар. Әзірге жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген. Кәсіпқой бокста жүргенін 10 жылға жақындаған. Осы уақытқа дейін 28 кездесу өткізіп, 22-сін нокаутқа түсірген. Ол WBA тұжырымы бойынша супер чемпион. Былтыр Дэнни Гарсияны жеңген.

WBA тұжырымының жүйесінде бокстасып жүргендердің қатарында атақты Мэнни Пакьяоны да айтуға болады. Бірақ ардагер боксшының Елеусіновпен кездесе қоюуы екіталай.

Осы салмақтағы WBC белбеуіне  Шон Портер ие. Ол осы тұжырымның бос белбеуін экс-әлем чемпионы Дэнни Гарсиямен жақында сарапқа салып, ұпай айырмашылығымен басым түсті.

Көпшіліктің мақтауын естіп жүргендердің бірі кіші Эррол Спенс. Жеңілмеген мықтылардың қатарында. IFB тұжырымы бойынша әлем чемпионы. Әуесқой бокста айтарлықтай жетістігі жоқ. 2012 жылы Лондон Олимпиадасында Серік Сәпиев өнер көрсеткен 69 келіде бақ сынап, ширек финалда ресейлік Андрей Замковойға ұтылып қалған. Есесіне, кәсіпқой бокста өзің мойындатып жүр. Бүгінгі таңда 24 рет шаршы алаңға шығып, 21-інде қарсыластарын мерзімінен бұрын жеңген.

«Эррол Спенс аса бір керемет талант бар деп ойламаймын. Қазір болмаса да, жақын арада Елеусінов оны оңай орнына қоятына сенемін. Егер үш раундтық жекпе-жек болса Данияр Спенс қазір-ақ жеңеді. Америкалық негізінен қарсыласын қысымға алып, оның ашылғанын күтетін боксшы. Ал Данияр одан техникалық тұрғыдан басым түсуі тиіс. Өйткені, Елеусінов жылдам әрі ақылды. Эрролдың соңғы қарсылас бір орында тұрып жұдырықтасады екен. Егер қарымта шабуылға иелік ететін боксшы болса, оған көп қиындық тудыратыны анық», – дейді Зия Алиев Sports.kz сайтына берген сұхбатында.

WBO белбеуіне тағы бір америкалық Теренс Кроуфорд иелік етеді. Бұрын бірінші орта салмақта өнер көрсеткен. Сол тұста барлық титулды жеңіп алып, абсолютті әлем чемпионы да болған. Төрт бірдей негізгі титулды жеңген тарихтағы үшінші боксшы.

Биыл жартылай орта салмақта WBO тұжырымы бойынша чемпиондық белбеу қойылған бокс кешінде аустралиялық Джефф Хорнмен жеңді. Сөйтіп, одан осы белбеуді тартып алды.  Кроуфорд қарсыласын тоғызыншы раундта нокаутқа түсірді.

Елеусінов әлем чемпионы атанамын десе, осы мықтылармен кездесуі тиіс.

Кәсіпқой боксшыға елден жырақ дайындалған маңызды

Шыны керек, Қазақстанда танымал адамдарды БАҚ өкілдерінен бөлек, той-томалаққа шақыратындар да көп. Бұл жағынан спортшылар қиындық көп. Әсіресе, кәсіпқой боксшыларға. Журналистер үнемі Қанат Исламға осы тұрғыдан ақыл айтып жүретін еді. Бұл мәселені Данияр Елеусінов жақсы түсінетін болып шықты.

«Кәсіпқой бокста дисциплина яғни тәртіп аса маңызды. Сол үшін Америкаға кетіп барамын. Онда мені ешкім мазаламайды. Ойым тек спорт және бокс болады. Қазақстанда дайындалу өте қиын. Өйткені, көңілің көп нәрсеге алаңдай береді, мазалайтындар да көп. Америкада назар аударып, көңіл аударатындар аз. Алаңсыз жаттығу жасауға мүмкіндік аласың», – деген еді баспасөз мәжілісінде боксшының өзі.

Отандасымызға қазіргі кезде әлеуметтік желіден де алшақтау болуға кеңес береміз. Боксшыны жарнамалау, маркетинг жұмыстарымен өзі емес, менеджерлері айналысқан дұрыс болар.

Қазақстанда қашан кездесу өткізуі мүмкін?

Биыл Қазақстанда тек Бейбіт Шүменов ғана кәсіпқой бокс кешін өткізді. Отандық жанкүйерлер Астана мен Алматы қалаларында осы жекпе-жектерді көргісі келетіні түсінікті. Геннадий Головкин уәде еткенімен, әзірге Қазақстанда жұдырықтаспай жүр. Данияр Елеусінов алдағы уақытта осындай кеш өткізуі мүмкін бе?

«Қазақстан үлкен кәсіпқой бокс кешін көргісі келетіндердің көп екенін талай естідім. Головкин мен Жақияновтан ондай жекпе-жек күтіп жүргендер бар. Бірақ екеуі де ұйымдастырған жоқ. Біз 6 раундтық жекпе-жек үшін Даниярды Қазақстанға алып келгіміз келмейді. Кемі 10 раундтан тұратын кездесу өткізуі қажет. Оны танымал жұлдыз жасаймыз деген сенім бар. Елеусінов – Қазақстанда жұлдыз. Алайда АҚШ немесе Англияда ешкім танымайды. Сондықтан Данияр алдағы уақытта Нью-Йорк,Лондон, Монако секілді қалаларда шаршы алаңға шығатын болады. Сол кезде танымалдылығы артады, – деген еді промоутері Эдди Хирн баспасөз мәжілісінде.

P.S.Данияр Елеусінов – Олимпиада чемпионы атанған санаулы қазақтың бірі екенін жоғары да айттық. Елеусіновке еліктейтін жас боксшылар өте көп. Әуесқой бокста Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиевтің жолын жалғап, 69 келіде ел мерейін үстем еткен боксшы. Енді, кәсіпқой бокстағы карьерасына табыс тілейміз.


Бек Төлеуов

Фото: Sputnik Kazakhstan










Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру