Сараптама 28 Қазан, 2018 (0) (263)

Максим Раков спорттық карьерасын аяқтады

Қазақстан дзюдосының тарихындағы атақты балуандардың бірі Максим Раков ресми түрде спорттық карьерасын аяқтады.

Спортшы мұндай шешімге келуінің себебін әр түрлі жарақаттар, жасының біразға келгенімен және татамиден шаршағанымен байланыстырды. Енді ол халықаралық аренада төрешілік етуді жоспарлап отыр екен. Сондай-ақ бірнеше жыл бұрын әкесімен бірге дзюдо мектебін ашқан. Енді соның жұмысын әріқарай жетілдіруге бар күшін салмақ. Бұл мектеп Қарағанды қаласында ашылған.

Біз Максим туралы не білеміз? Ол 1986 жылы 7 ақпанда дүниеге келген. Спортшылар отбасында өскен. Әкесі Сергей Раков дзюдо күресімен айналысқан. Қазіргі кезде ұлттық құраманың бапкерлер штабында жұмыс істейді. Анасы жеңіл атлетикадан спорт шебері. Баласын алғаш жаттығу залына алып келген анасы екен. Максимнен бөлек оның тағы төрт бауыры да дзюдо күресінің өкілдері.

Оның үлкен спортта жүргеніне 20 жылға жуықтаған. Осы уақыт аралығында жеңісте, жеңілісте кездесті.

Өзінің айтуынша, алғашқы қатысқан жарысында ұтылып қалыпты. «Содан кейін татамиде көбірек жаттығатын болдым», – дейді.

Жаңа ғасыр басталған жылы Якутияда төрт жылда бір рет өтетін халықаралық «Азия балалары» турниріне қатысады. Бұл додада Максим тұғырдың үшінші сатысынан көрінді. Бір қызығы, сол кезде команданы жарысқа кейіннен ұлттық құраманың бас бапкері болған Ермек Имамбеков бастап барған екен.

Одан кейін 2002 жылы Оңтүстік Кореяда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды.

Ал халықаралық аренадағы тұңғыш жеңісін Германияда тойлапты. Бұдан кейінде отандық жанкүйерлерді жерге қаратқан жоқ. Осыдан 12 жыл бұрын Катар астанасы Дохада өткен Азия ойындарында финалға дейін жетті. Сосын 2007 жылы Кувейттегі сары құрлық біріншілігінде қола медаль еншіледі. Ол кездері Раков 90 келіде белдесіп жүрген болатын. Өз салмағында елдегі №1 балуан болды. Олимпиада ойындарында Жіткеев екеуі сенім артар серке спортшылар болар деп топшылағанбыз. Пекин Олимпиадасының алдында Голландиядағы халықаралық турнирде чемпион атанса, Аустралияда өткен әлем кубогында күміс жүлдеге қол жеткізді. Бірақ 22 жастағы талантты балуан Олимпиада ойындарына қатыса алмады. Төрт жылдықтың басты додасының алдында жарақат алып, Бейжің татамиінен тыс қалды.

– 2007 жылы әлем чемпионатынан жүлде аламын деп ойлағанмын. Бірақ иығымнан жарақат алып жолым болмады. Маған өте жылдам арада ота жасады. Сөйтіп, көп созбай, екі айдан кейін татамиге қайта шықтым. Мен негізі әдістерді сол қолмен жасаймын. Алайда жарақатты дәл осы қолдан алған едім. Сондықтан барлығын қайтадан бастап, оң қолмен әдістерді жасауды үйрендім. Өкінішке қарай, ескі жарақатым қайта сыр беріп, Олимпиада ойындарын үйден қарауға тура келді. Сол кезде карьерамды аяқтаймын деген ой болған. Бірақ әкем спортта қалуға көндірді, – дейді ол.

Осылайша, Раков Олимпиада қатыспаса да жасыған жоқ. Жарақатынан айыққан соң, жаттығуды қайта бастады. Сол кезде ҚР Дзюдо федерациясына іскер азамат Бекет Махмұтов басшы болып келген. Бұл тұста қарағандылық балуан салмағын ауыстырды.Олимпиададан кейін Асхат Жіткеев карьерасын аяқтаған соң, 100 келінің көшбасшысы болды.

Раков 2009 жылы алдымен Азия чемпионатында ешкімге дес бермей, Тайваньдағы татамиден алтын жүлдемен оралды. Бірақ құрлық біріншілігінде 90 келіде өнер көрсетті.

Бұдан кейін Голландияның Роттердам қаласында өткен әлем чемпионатына қатысты. Жаңа салмағында (100 келі) барлық қарсыласын ұтып, чемпион атанды.Сөйтіп, Қазақстанның спорттық жылнамасына өз атын алтын әріптермен жазып қалдырды. Себебі, оның алдында ешқандай қазақ балуаны әлем біріншілігінің алтынын еншілеп көрмеген еді.

– Голландияға жай өзімді күшімді тексеру үшін барған едім. Менен ешкім жүлде күткен жоқ. Сондықтан еркін күрестім. Ешқандай қысым болмады. Тіпті, финал да жаттығудай жүргендей күрестім, – дейді Максим.

Финалда Раков жергілікті балуан Хиндрик Гролды иппонмен ұтты.

Осыдан кейін Лондон Олимпидасына дейін бірнеше жарыста олжа салды. Қытайдың Гуанжоу қаласында өткен Азия ойындарында қола медаль еншілесе, Париждегі әлем чемпионатында екінші орын алды.  Әлем Гран-прилерде топ жарып жүрді. Оның арасында Алматыдағы жарыста бар. Соның арқасында көп ұпай жинады. Олимпиада ойындарына өз салмағында №1 балуан болып барады.Бірақ бірінші айналымда Әзербайжанның жас талантты балуаны Эльдар Гасимовтан жеңіліп қалды.

Осыдан 3 жыл бұрын Астана дзюдодан әлем чемпионатын қабылдады. Еліміздегі халықаралық жарыстарда үнемі тұғырдың жоғары сатысынан көрініп жүргетін Максим жүлдесіз қалады. Екінші айналымда шидо саны бойынша француз Сирилю Марэге жол берді. Сол кезде қарағандылық балуанмен тілдескенімізде:

«Жеңілдім.Басқа не айтуға болады? Мұндай кездесулерде сәттілік жолдас болмаса ұту қиын. Қарсылас өте мықты. Екеуіміз жиі кездесеміз. Бұған дейін екі рет ұтқанмын.Бұл жолы жолым болмады. Төрешілерге артар кінәм жоқ. Қазір ештеңе өзгермейді. Егер бірдеңе жасау керек болса, кездесуге дейін істеу керек еді. Бұл жерде бір ғана факт бар. Ол – жеңімпаз. Мен жеңілдім.Бұлай нашар өнер көрсеткенім үшін кешірім сұраймын. Қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Бірақ жеңіске жете алмадым. Бұл – әлем чемпионаты. Оның үстіне 100 келіде осал қарсылас жоқ. Барлығы да «Сен тұр, мен атайын» дейтіндей сайдың сайдың тасындай іріктелген балуандар. Өздеріңіз көрдіңіздер, Еуропа чемпионы Грол екінші айналымда-ақ «ұшып» кетті. Бір-бірінің атақ-дәрежесіне қарап жатқан ешкім жоқ», – деп еді Раков.

Максим отыз жасында орда бұзу үшін 2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасына қатысты.Алайда, дәл осы Олимпиаданың бір жүлдесі қарағандылық балуанға ақыры бұйырмай кетті. 2008 жылы жарақатына байланысты тыс қалса, 2012 жылы бірінші айналымда күтпеген жерден ұшып кетті. Рио төрінде болашақ чемпион чехиялық Лукаш Крпалекке есе жіберді.

Өзі де Олимпиада ойындарынан бос қайтқанына өкініш білдіргенін, бұл жерде негізінен «психологиялық фактор» әсер ететінін айтты.

Жетістіктері:

Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері (2002);

20 жасқа дейінгі Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2002);

Әлем Суперкубогының қола жүлдегері (2006);

Үш дүркін жазғы Азия ойындарының жүлдегері (2006, 2014 жылдары күміс, 2010 жылы қола);

Азия чемпионатының қола жүлдегері (2007, 2016);

Әлем кубогының күміс жүлдегері (2008);

Әлем Суперкубогының иегері (2008);

Екі дүркін Азия чемпионы 2009, 2017);

Әлем чемпионы (2009);

«Халықаралық Мастерс» турнирінің екі дүркін қола жүлдегері (2010, 2011);

Әлем кубогының иегері (2010);

«Үлкен дулыға» турнирінің үш дүркін қола жүлдегері (2010, 2011, 2012);

Әлемдік Гран-придің төрт дүркін жеңімпазы (2011, 2012, 2013, 2014);

Еуропа кубогының қола жүлдегері (2011);

Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2011);

Әлемдік Гран-придің төрт дүркін күміс жүлдегері (2011, 2014, 2015, 2017);

«Халықаралық Мастерс» турнирінің жеңімпазы (2012);

Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2015);

Еуропа кубогы кезеңінің күміс жүлдегері (2017).

Екі Олимпиада ойындарына қатысқан (2012, 2016). ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру