Футбол 26 Қазан, 2018 (0) (197)

Саян Хамитжанов: Бір сәттік нәтижені ғана ойлау ұзаққа апармайды

«Астана» футбол клубының баспасөз қызметі клуб президенті Саян Хамитжановпен жастар командасының нәтижелері туралы сұхбаттасты.
«Астананың» жастар командасы Жасөспірімдер арасындағы Чемпиондар Лигасында Албания чемпионы «Влазния» командасын екі ойын қорытындысы бойынша 7:1 есебімен жеңді. «Астана» футбол клубының баспасөз қызметі клуб президенті Саян Хамитжановпен жастар командасының нәтижелері туралы сұхбаттасты, - деп хабарлайды Alaman.kz тілшісі. 

 Саян Хамитжанов: Бір сәттік нәтижені ғана ойлау ұзаққа апармайды


— Саян Жақсыгелдіұлы, Албаниядан ақжолтай хабар келді. «Астананың» 19 жасқа дейінгі командасы жергілікті чемпион «Влазнияны» ірі есеппен тізе бүктірді. Осындай нәтижені күтіп пе едіңіз?

— Жасөспірімдердің футболын алдын ала болжау қиын, олардың арасындағы ойындар кейде тұрақсыз, кейде күтпеген нәтижелер болып жатады. Сондықтан мұндай нәтиже аса таңғалдырмайды. Жас ойыншылар барынша көбірек халықаралық тәжірибе алатындай жақсы ойын көрсеткен дұрыс, бұл олар үшін аса қажет. Біздің балалар жақсы нәтижеге жетумен қатар, тамаша ойын өрнегін көрсеткені қуантады. Келесі раундқа жолдама алғанымыз жақсы, әрине, бірақ ары қарай ойындар қиындай түседі. Келесі кезеңде бізді Загребтің «Динамосы» күтіп тұр. Ол — Әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған Хорватия құрамасына 14 бірдей ойыншы тәрбиелеп шығарған «Динамо».

— «Астананың» жастар командасы да осыншама табысты ойнайды деп көпшілік күткен жоқ. Бұл жетістік ненің арқасы?

— Біз клубқа келген кезде-ақ келешек туралы ойланбай, бір мезеттік нәтижеге ғана арқа сүйеу арқылы ұзаққа бармайтынымызды түсіндік. Елордада футболға қажетті инфрақұрылым аса тапшы болғанына қарамастан, жастар мен жасөспірімдер футболын дамытуға барынша жақсы жағдай жасауға әрекет жасап келеміз. Былтыр «Астана» футбол орталығы Қазақстандағы барлық клубтар арасында үздік нәтиже көрсетті. Футбол орталығымыздың биылғы нәтижелері де жақсы. Қазірдің өзінде алтын медальдар еншімізде, бірнеше команда өздерінің жас санаты бойынша финалға жолдама алды.

— Албанияда жеңіске жеткен команданың өзегін дубльдік құрамның ойыншылары құрайды. Жігіттер жастар командалар біріншілігінде көш бастап келеді, әрі Еуропадағы нәтижелері де жаман емес. Олардың ішінде негізгі құрамға алынуы мүмкін ойыншылар бар ма?

— Екінші команданың бірнеше ойыншысы негізгі командамен жаттығуларға жұмылдырылады. Прокопенко, Сағынаев, Жақыпбаевтар бірнеше ресми кездесулерде негізгі команда сапында ойнап та үлгерді. Олар осы бетінен айнымай, жастар футболы мен үлкен футболдың арасындағы шекарадан сәтті өту үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды деп сенеміз. Ойыншыларды жастар футболында біршама жетістікке жеткен Василий Маруняк жаттықтыруда, олардың еңбегі еш кетпей, жемісін береді деп сенеміз.

Астана ФК баспасөз қызметі






  


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру