Футбол 26 Қазан, 2018 (0) (202)

"Астана" "Яблонец" клубымен тең түсті

26 қазан күні елордалық "Астана" УЕФА Еуропа лигасының топтық кезеңі аясында Чехияның "Яблонец" клубымен кездесті, - деп хабарлайды Alaman.kz тілшісі

Елордалық клуб үшін бұл ойын Чехиядағы алғашқы кездесу емес. Алдыңғы маусымда Прагада "Славия" клубын сырт алаңда 1:0 есебімен жеңген болатын. Дәл қазіргі қарсыласы "Яблонец" Чехия чемпионатында бесінші орында келе жатыр. 

"Яблонец" Еуропа лигасының бірінші турында "Динамо Киев" футболшыларымен 2:2 есебімен тең ойнаса, сырт алаңда "Ренн" клубынан 2:1 есебімен жеңілді. Жалпы осы кездесудің алдында чехиялық клуб бір ұпаймен соңғы орында болды. Ал "Астана" футболшылары төрт ұпаймен бірінші орында жайғасты. 

Бастапқы минуттарды қонақтар сенімсіз бастады. Сондықтан болар кездесудің төртінші минутында Поважанец "Астана" қақпасына гол салды. Елордалық клуб гол жібере салысымен ойынды өз қолына алуға тырысқандай болды. Он бірінші минутта Джуниор Кабананга сол қапталдан әуелете пас шығарды. Допқа баспен бірінші болып Педро Энрике жетіп, таразы басын теңестірді. Қос команда алғашқы минуттарда гол соққаннан кейін, бірінші таймда есеп өзгермеді. 

Екінші таймда Григорий Бабаян Энрике мен Кабананганың орнына Мужиков пен Янганы алаңға кіргізді. Статистикалық тұрғыдан "Яблонец" ойыншылары көп допқа иелік(54-46) етсе де, "Астана" футболшылары соққы жасау көрсеткіші бойынша қарсыласымен тең болды(13-13). Қорытынды есеп 1-1. 

Енді жауапты кездесу 8 қараша күні "Астана аренада" өтеді. 

Сурет: ФК Астана


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру