Қысқы спорт 24 Қазан, 2018 (0) (177)

Астанада конькимен жүгіру спортынан Қазақстан біріншілігі басталды

Бүгін Астанада конькимен жүгіру спортынан Қазақстан біріншілігі басталды деп хабарлайды Olympic.kz. Ел чемпионатына 100-ге жуық спортшы қатысып, жаңа маусым алдында ұлттық құрамаға ілігу үшін күш салмақ.

Дәл осы турнирде кімнің негізгі құрамға алынып, ірі жарыстарға қатысатыны анықталады. Чемпионатта ұлттық құрамадан бөлек, жасөспірімдер командасына да іріктеу жүргізілмек. 

Спортшылар ел біріншілігіне тас-түйін дайын әрі әлем кубогі кезеңдеріне қатысуға рұқсат беретін нормативтерді де орындап қойған. Команда мүшелерінің көпшілігі жаңа маусым алдында жеке рекордтарын жаңартып үлгерген. Әсіресе, ұзақ және орта қашықтықтардағы бәсекелестік жоғары болмақ. Өйткені, аталған қашықтық бойынша халықаралық нормативті орындаған спортшылар саны бөлінген квотадан да көп болып тұр. 

Мәселен, 1500 метрге жарысатын конькишілер ішінен чемпионды анықтау оңайға соқпайтыны анық. Себебі, бірінші орынға жеті бірдей үміткер бар. Олардың кез-келгені чемпион атануы мүмкін. Мамандар ел чемпионатында мұндай тартыстың соңғы он жылдан бері болмағанын айтады.

Конькимен жүгіру спортынан команда бас бапкері Дмитрий Бабенко Olympic.kz сайтына берген сұхбатында чемпионаттан қандай нәтиже күтетінін айтты. 

«Алдын-ала болжам жасау қиын. Бұл менің бапкер ретіндегі алғашқы жарысым. Осыған дейінгі жаттығу кезеңдерінде барлық конькишілердің бабында екенін байқадым. Сол себепті, бәрі де мүмкін... 500 метрге жарысатындардың ішінде 4-5 спортшының көрсеткіші жоғары. Бір-бірінен қатты ұзап кетпеген. 1000 метрге жүгіретін спортшылардың ішінде алтауы бірдей уақыт көрсетуде. Тек аздаған секундтар ғана бөліп тұр арасын. Сондықтан, алдын-ала кесіп айту қиын», - дейді бас бапкер. 

Үш күнге созылатын Қазақстан чемпионаты Астанадағы «Алау» мұз айдынында өтеді. Жанкүйерлерге жарыстың 11.00-де басталатынын және кіру тегін екенін ескертеміз. 


Сурет: Радмир Фахрутдинов



Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру