Күрес 23 Қазан, 2018 (0) (2511)

Нұрислам Санаевты алтыннан айырған кім?

Венгрия астанасы Будапеште өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында еркін күрестен ел қоржынына жалғыз жүлдені 57 келіге дейінгі салмақта белдескен Нұрислам Санаев салды.

Финалға дейінге белдесулерінің барлығын айқын басымдықпен жеңген палуанымыз ақтық бәсекеде ресейлік спортшы Заур Угуевтан жеңілді. Жеңілді деуге ауыз да бармайды, қолда тұрған жеңісін төрешілер қарсыласына алып берді. Біздің бапкерлер де палуанымызға араша түсіп, көпе-көрнеу жасалып жатқан қиянатқа қарсы тұра алмады. Бәлкім қарсы тұрғысы да келмеген шығар. Кім білсін?..

Рио олимпиадасының қатысушысы, Азия чемпионы ақтөбелік Нұрислам Санаев әлем чемпионатына керемет дайындықпен келгендігі алғашқы белдесулерінен анық байқалды. Хунгария жеріндегі ең алғашқы белдесуінде Нұрислам Самоа елінен келген палуанды оңай жеңді. Украиналық Аракелянмен болған белдесу де Нұрисламға қиындық тудырған жоқ. Ширек финалдағы қарсыласы Түркия елінің спортшысы Сүлейман Атли жерлесімізге аздаған қарсылық көрсеткенімен Санаевтың мықтылығын мойындауға мәжбүр болды. Жартылай финалда Нұрисламды АҚШ елінің палуаны, әлем чемпионатының жүлдегері Гилман күтіп тұрған еді. Еркін күрестің басы қасында жүргендер бұл белдесуде Гилманның жеңетініне сенімді болған. Дәл осы тұста Нұрисламның жеңіске деген құштарлығы анық көрініп тұрды. Атақты қарсыласынан қаймықпай, өзіне деген сенімнің арқасында Гилманды 11-0 есебімен жеңіп финалға жолдама алды. Финалда оны осы салмақтың көшбасшысы ресейлік Заур Угуев күтіп тұрған.

Финалдық белдесуде алғашқы ұпайға дағыстандық палуан қол жеткізді. Нұрислам да қарап қалмай есепті теңестірген. Заур біздің палуанды кілем сыртына итеріп шығарып тағы бір ұпайға ұзаған. Санаев өзі жетік меңгерген әдісін жасау арқылы есепті тағы теңестірді. Кездесу аяқталуға он үш секунд қалғанда төрешілер біздің палуанға қарсыласының жейдесінен ұстағаны үшін екінші ескерту жасап Угуевтің пайдасына бір ұпай қосты. Күрес ережесіне сәйкес бұл тұста төреші белдесуді тоқтатып қарсыласына ұпай бергенін көрсетуі керек болатын. Бұл жолы олай болмады. Нұрисламның ту сыртынан қарсыласына ұпай қосып жіберді. Өзіне жасалған бұл қиянатты аңғармаған Санаев белдесуде алдамын деген оймен күресін жалғастыра берді. Тек финалдық кездесу аяқталуға үш секунд қалғанда ғана отандасымыз опасыздықтың жасалғанын біліп алға ұмтылғанымен бәрі кеш еді.

Жанұшыра әділдік іздеп төрешіге барды. Ұлттық құраманың кеңесшісі тәжірибелі маман Маирбек Юсуповтың дер кезінде челлендж баспағанын түсінбей дал болды. Тіпті, өзінің жеңіліп жатқанын ескертпеген Юсуповтың қылығына қайран қалған Санаев көз жасына ерік берді. Бәлкім сол сәтте Маирбек Юсуповтың өзі үшін араша түспейтіндігін де сезген болар.



Кей сәттерде «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» «судан құрғақ шығатындар» болады. Ұлттық құраманың кеңесшісінің әрекеті осыған ұқсады. Венгриядағы Әлем чемпионатынан соң ұпайы түгел бір адам болса дәл осы Юсупов болар.  Нәпәқасын Қазақстаннан тауып жүрген күрес маманы елімізге келген соң басшылар алдында әлем чемпионатынан жүлдемен оралғанына масаттанады. Ал кіндік қаны тамған Дағыстан республикасына барғанда да құрмет қошеметтен кенде қалмайды. Себебі Юсуповтың болысуымен олардан тағы бір әлем чемпионы шықты. Бапкер үшін Тува елінен шыққан бүгінде Қазақстан намысын абыроймен қорғап жүрген Нұрислам Санавқа қарағанда көз алдында өскен, бір жаттығу залынан шыққан қандасы Заур Угуев жақынырақ болған шығар?! Басқалай Юсуповтың Нұрисламға қиянат жасалып жатқандағы немкеттілігін түсіндіре алмайсыз.

Әлем чемпионатының финалына қазақстандық палуандардың күнде шыға бермейтіні белгілі. Еркін күрестің басы қасында жүргендер болмаса соңғы рет  біздің палуандардың ақтық сында қашан күрескенін дәл атап беретіндер санаулы. Елімізден шыққан Әлем чемпионатының жүлдегерлерін санар болсақ бір қолдың саусағына де жетпейді. Батырларымызды керек шақта қорғай алмай қалатынымыз қалай? Тек Санаевқа қатысты ғана айтар болсақ бұл бірінші рет емес. Рио олимпиадасында да Нұрисламды өзіміз жығып бердік. Ол кезде бас бапкер болған Сергей Белоглазовтың қателігінен палуанымыз грузиялық Владимир Хенчигашвилиден ұтылған. Нәтижесінде, Хенчигашвили Олимпиада чемпионы атанды.

(Мына суретке назар салыңыз. Құрама кеңесшісі жаны күймей неғып отыр деп таң қаларсыз? Күл болмаса, бүл болсын деп отырған сияқты. Әйтеуір жерлесінің жеңгенін көзі көрді. Өз "үлесін" қосты.)

(Мына суретте ше? Ресей бас бапкері Жанболат Тедеев 61 келіде Рашидов Йоулес Боннеден ұтылған кезде төрешімен төбелесіп, залдан қуылған болатын. Шәкірті үшін шырылдап бақты) 


Будапешт төріндегі даулы кездесу жайлы қазақстандықтықтармен қатар ресейлік күрес жанкүйерлерін де бей-жай қалдырмады. Олар Санаев пен Угуевтың кезесуі жайлы пікірлерін әлеуметтік желілерде білдіріп жатыр. Кейбір пікірлерді назарларыңызға ұсыналық.






Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру