Сұхбат 23 Қазан, 2018 (0) (84)

Нұрбақыт ТЕҢІЗБАЕВ, Пекин Олимпиадасының күміс жүлдегері: «Ел намысы сынға түскен додада аянып қалмадым»

Күрес түрлерінен өтетін әлем чемпионаты жалауын көтеретін күн жақын.  Венгрия астанасы Будапешт қаласында болатын дүбірлі додада сынға түсетін балуандарымыз да белгілі. Осы орайда қазақтың оң жамбасына келетін  күрестен де әлем чемпионы шықпағанына 20 жылдың жүзі болғаны еске түседі. Сондықтан Пекин Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаевпен сұқбаттасуды жөн көрдік.

– Аға, әңгімеміздің әліппесін Венгрияда өтетін әлем чемпионатынан бастасақ. Кімнен үміт күтеміз? Балуандардың әлеуеті  мен басты қарастыластарын қалай бағамдайсыз?

–  Ең алдымен әлем чемпионатында бақ сынайтын балуандарымызға сәттілік тілеймін. Ел намысы сынға түсетін дүбірлі дода спортшыларымыз ұлт рухын асқақататар жеңіс сыйлайтынына сенімдімін. Венгрияда белдесетін балуандардың барлығының тізімін білмеймін. Десек те, Ұлттық құраманың бас бапкері Нұрым ағай өте білікті, тәжірибелі бапкер. Мені де талай жыл жаттықтырып, жоғары нәтижеге қол жеткізуіме септігін тигізді. Нұрым ағайымыз бастап барған жарыстарда балуандарымыз әрқашан үздіктер қатарынан көрініп, жүлдесіз қайтпаған. Әлем чемпионатында топ жару әр спортшының арманы, алға қойған мақсаты. Сондықтан бұл додаға түсетін жас, тәжірибелі балуандарымыздың көзінде от, бойында намысы бар. Мысалы, 55 келі салмақта күресетін Жансерік Сәрсенбиевті бұрыннан білемін, өте еңбекқор балуан.  60 келіде белдесетін Айдос Сұлтанғали жас болса да, намысқой, талай топ жарған. Ол жастар арасында Азия чемпионы, ересектер арасында Түркияда өткен халықаралық турнирде жеңімпаз болған. Айдос білгенінен жаңылмаса, әлем чемпионатында үздік шығады деген ойдамын. 2017 жылы Парижде өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев та тәжірибелі, былтырғы жетістігін қайталауы керек. Шыны керек, «мына спортшы чемпион болады» деп ешкімнің атын атап, түсін түстегім келмейді. Бәрінің әлеуеті мықты, бәрі «чемпион атансам» деген мақсатпен бара жатыр. Бірақ әлем чемпионатында дүниежүзінің  ең үздік, сайдың тасындай іріктелген балуандарың белдесетінін ескеруіміз керек.

– Словакияда  жастар арасында өткен әлем чемпионатында грек-рим күресінен балуандарымыз жүлдесіз қалды.  Жас балуандардың сәтсіздігі туралы не айтасыз?

– Шыны керек, жастар арасында өткен әлем чемпионатында жас спортшыларымыз кемі екі медальға қол жеткізеді деп ойладым. Соның біреуі топ жарып, чемпион болатын шығар деп үміттендім.  Өйткені олардың арасында да мықты балуандар бар. Белдесулердің  барлығын тікелей эфирден тамашалап, жанкүйер болдым. Өкішіке қарай, үмітіміз ақталмай, балуандарымыз жүлдесіз қалды. Әрине, әлем чемпионатында жеңіске жету кез келген балуанның басына беріле бермейтін бақ. Әлі де еңбек етіп, қателіктермен жұмыс істеу керек. Бапкерлердің сенімі мен елдің үмітін ақтайтындай еңбек еткен спортшыға алынбайтын қамал жоқ.

– 2019 жылы елімізде күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Бұл сайыстың Қазақстанда өтуі үлкен жетістік емес пе?

– Әрине, үлкен мәртебе. Бұл доданың Астанада өтетінін ресми мәлімдегенде қатты қуандым. Өйткені қазақ спортында үлкен тарихи оқиға болғалы тұр. Елімізде осы уақытқа дейін Қысқы Азия ойындары, бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындары өтті. Сондай-ақ дзюдо күресінен де Астанада әлем чемпионаты болып, Елдос Сметов қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды. Енді еліміз тұңғыш рет күрес түрлерінен әлем чемпионаты өткізу құқығына ие болды. Әлбетте, бұл спорт саласындағы беделді ағаларымыздың еңбегінің нәтижесі. Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев ағамыз және күрес федерациясының басшылары да орасан зор жұмыс атқарды. Соның ішінде, Азия күрес федерациясының президенті, дүниежүзілік күрес федерациясының вице-президенті Дәулет Тұрлыханов ағамыздың беделі үлкен рөл атқарды. Тарихымызға көз жүгіртсек, еркін күрестен әлем чемпионаты ұтқан балуан жоқ екен. Міне, осы Астанада өтетін әлем чемпионатында еркін күрестен де, әйелдер күресінен де әлем чемпиондары шығып, мерейіміз тасиды деген ойдамын. Сондай-ақ, грек-рим күресінен де балуандарымыз бірнеше салмақта чемпион атанады деп үміттенемін. Бұл Токио Олимпиадасына жолдама алатын алғашқы лицензиялық турнир болғандықтан, әлемнің ең мықты балуандары бас қосып, бозкілемде өзара мықтыны анықтайды. Бұл жарыс біраз жеткіншектердің жүрегіне от жағып, спортпен айналысуға жол ашады. Жанкүйерлер де балуандарымызға қолдау көрсетіп, рух береді.

– Кезінде бозкілемде қарсыласыңыз болған, қазір өмірдегі досыңыз Ербол Қоңыратов ардагерлер арасында (35-40 жас) әлем чемпионы атанды. Ардагерлер арасында өтетін осындай додаларда бағыңызды сынап көргіңіз келмей ме?

– Ербол досымды ардагерлер арасында әлем чемпионы атануымен құттықтаймын. Ардагер арасында болсын, жастар арасында болсын, әлем чемпионы болу оңай емес. Бұл турнирдің де деңгейі өте жоғары, тәжірибелі, сақа спортшылар сынға түседі. Ербол осы додада өнер көрсету үшін үздіксіз жаттығу жасап, біраз уақыт дайындалды. Қазақстаннан барған 22 балуанның ішінен әлем чемпионы атанып, еңбегінің жемісін көрді. Ресейде өткен бұл доданың ашылу салтанатына атақты балуан, үш дүркін Олимпиада ойындарының чемпионы Александр Карелин қатысты. Ербол бозкілемдегі бұрынғы қарсыластарын да кездестірген. Жеңіске жеткендердің жас балуанша қуанып, бозкілемге шығар алдында қобалжығанын көріпті. Ол маған да осы чемпионатқа қатысайық деп ұсыныс айтқан болатын. Мен қолымнан келгенше күрестім, ел намысы сынға түскен додада ұлтымыздың абыройын асқатату үшін аянып қалмадым. Бозкілемді қанша сағынсам да, қайта оралу ойымда жоқ екенін айттық. Дегенмен қазақтың қай баласы да үлкен биікке жетсе қуанып, қолдауымыз керек. Сондықтан да Ерболдың жеңісі қазақ еліне ортақ жеңіс деп ойламын.


– Жас балуандарымызбен арнайы кездесіп, шеберлік сағатын өткізіп тұратыныңызды білеміз…

– Елбасымыз  айтқандай еліміздің болашағы –жастардың қолында.  Бізге қарап бой түзейтін ініліерімізге білген-түйгенімізбен бөлісіп, тәжірибе алмасып тұрамыз. Уақытым болса әрқашан білгенімді үйретуден жалықпаймын. Кейде арнайы шақырып, шеберлік сағатын өткізуімді сұрап жатады. Біздің мақсатымыз – жастарымызды биік белестерден көру, намысты, рухы биік ұрпақ тәрбиелеу.

– Былтыр өзіңіздің жүлдеңіз үшін жасөспірімдер арасында турнир өткен еді. Бұл турнирді дәстүрлі түрде өткізіп тұрасыз ба?

– Алматы облысы күрес федерациясының президенті Бауыржан Оспанов ағамыздың тікелей демеушілігімен «Қазақ батырлары» атты турнир дәстүрлі түрде өтіп жатыр. Дзюдо күресінен Асхат Житкеев пен Айдын Смағұлов, бокстан Қанат Ислам мен Жәнібек Әлімханұлы, еркін күрестен Мәулен Мамыров және грек-рим күресінен менің атымнан Қапшағай қаласы және Алакөл ауданы, Лепсі ауылында жыл сайын өтеді. Бұл жарыс облыстық, республикалық деңгейде өтіп, турнир жеңімпаздарына қаржылай сыйлықтар табыс етіледі. Бізге құрмет көрсетіп, жасөспірім балуандарға үлгі ету мақсатында осы турнирді өткізіп жатқан ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Осындай кішігірім жарысты жеңген жеткіншектеріміз болашақта әлемдік аренада еліміздің намысын абыройымен қорғап, биік белестерді бағындыратынына сенемін.


– Өзіңіз басқаратын Алматы облыстық жоғары спорт шеберлерін дайындайтын мектептің қандай жетістіктері бар?

 Еліміздің әр өңірде спорттың барлық түрін дамытуға күш салынып жатыр декек те болады. Соның ішінде, Алматы облысы үлкен спорттық орда іспетті. Спортшыларымыз жазғы спорт түрлерінен де, параолимпиадалық пен қысқы спорт түрлерінен де жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүр. Мысалы, Жакартада өткен Азия ойындарында самбошы қызымыз Ділдәш Құрышбаева алтыннан алқа тақса, Нұрмахан Тыналиев, Иван Иванов және регби құрамасының қыздары үздік шықты. Сондай-ақ Раушан Қойшыбаева мен Гүлбану Әбдіхалықов паразиялық ойындарында жүлдеге қол жеткізді. Аргентинада жасөспірімдер арасында өткен Олимпиада ойынарында Бекарыс Садуақас деген балуанымыз дзюдо күресінен чемпион атанды. Бұл Алматы облысының ғана емес, күллі қазақ елінің қуанышы деп айтсақ артық болмас. Облыс әкімінің де спортқа деген жанашырлығы салаға тың серпін беріп, облыс көлемінде бірқатар игі істер атқарылып жатыр. Атап айтар болсақ, Талдықорған қаласында әртүрлі әлемдік деңгейдегі турнирлер өтіп, үлкен спорт сарайлары салынып жатыр. Бұқаралық спорттың да дамуына ерекше назар аударып, қарапайым халықтың да салауатты өмір салтын ұстануға жағдай жасалған. Болашақ та Олимпиадалық жүзу орталығы, жеңіл атлетикалық манеж және велотрек алаңын салуды жоспарлап отырмыз.

– Сұқбатыңызға рақмет!

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан 2018 жыл



Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру