Футбол 20 Қазан, 2018 (0) (776)

Нисадағы Яблонецтің футбол клубы немесе «Астананың» жұмбақ қарсыласы

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған шақта Чехияның Яблонец над Нисоу қаласында шаһар аттас футбол клубы пайда болды. Бізше айтқанда Нисадағы Яблонец Лужицка-Ниса өзенінің жағасында орналасқан көне қала саналады. Сол «Яблонеціңіз» құрылғанына 73 жыл болса да, аса керемет жетістікке жете қоймаған.

Биылғы жылды қоса алғанда сегіз рет Чехия кубогының финалына дейін жеткен ұжым 1998 және 2013 жылы кубок иегері атанды. Дәл осы 2013 жылы Чехия суперкубогына да ие болған қала аттас команда - Чехия бірінші лигасының 5 дүркін қола жүлдегері және 1 мәрте вице-чемпионы.

Клуб өз атауын ұзын-ырғасы он бір рет өзгерткен, алайда басшылық шешімімен 2015 жылдан бастап «Яблонец» ФК деп аталып жүр. Расында «Сокол Прециоса Яблонец над Нисоу» немесе «ТЕ Склобижу Яблонец над Нисоу» деген атаулар тым ұзақ болатын. 

Бір қызығы жоғарғы дивизионға 1974 жылы ғана жолдама алған команда 15-орынға жайғасып, жыл өткен соң қайтадан екінші лигаға қайтып барады. Одан кейін 1993-94 маусымда 1-лигаға оралып, араға екі жыл салған соң, чемпионаттың қола жүлдесін жеңіп алды.

«Яблонец» еурокубоктарда да аса көп ойнай қойған жоқ. Жоғарыда үшінші орын алды дедік қой. Сол 1997-98 жылғы маусымда UEFA кубогының алғашқы іріктеу кезеңінде әзірбайжандық «Карабахты» жалпы есепте 8:0 етіп ұтқан олар, екінші айналымда Швецияның қарт «Эребруімен» екі рет тең ойнады. Қонақта соғылған бір голдың арқасында швециялықтар келесі кезеңге өтті де кетті. Келесі жылы Кубок иегерлерінің кубогы бәсекесінде Кипрдің азулы «Аполлонына» жол берді.

Биыл Чехия кубогының финалында атақты «Славиядан» ұтылып қалған болатын. Прагалық клуб ел чемпионатының күмісін олжалап Еуропа лигасында ойнағандықтан, «Яблонец» те осы бір мүмкіндікті сәтті пайдаланып отыр. Олай дейтініміз, UEFA коэффициенттер кестесіндегі Чехияның жоғарғы орны арқасында топтық кезеңнен бір-ақ шыққан ұжымның екі ойыны туралы айта кетейік.  

«Яблонец» алғашқы ойынын түзде «Ренге» қарсы өткізді. Негізгі уақыт 1:1 есебімен аяқталған. Тек төреші Ола Нильсен белгілеген төрт минут басталмай жатып, Томас Холес қарсыласын жейдесінен тартып құлатты. Нильсен ойланбастан 11 метрлік айып добын белгілеп, тәжібибелі Хатем Бен Арфа пенальтиден «Ренді» жеңіске жетеледі. Араға екі апта салып, жергілікті «Стршельнице» стадионында Киевтің «Динамосын» қабылдаған яблонецтіктер 0:2 есебімен жеңіліп жатып, әупірімдеп жүріп есепті теңестірді. Қазір турнир кестесінің соңғы орнына жайғасқан чехиялық клубтың 1 ғана ұпайы бар. Алайда әлі төрт ойынның бар екенін ескерсек, турнир кестесіндегі «Астанадан» небәрі 3 ұпай қалып келе жатқан «Яблонец» қазақстандық клубты қалайда ұтуға тырысады

Клубта легионерлер өте аз. Македониялық  Агон Хани, Украина футболшысы Эдуард Соболь, Монтенегродан келген Владимир Йовович пен уругвайлық Алехандро Акоста бар демесеңіз, ойыншылардың көбі – жергілікті азаматтар. Команданың ең атақты ойыншысы – Томас Хюбшман. 37 жасар орталық жартылай қорғаушы бір кездері Донецкінің «Шахтерінде» 4 маусымда 52 матчқа қатысып, 2 голдың авторы атанды. Хюбшман Чехия ұлттық құрамасында да танымал болды. 33 ойында 3 гол соқты. Жасына қарамай, әлі де 90 минут көсіліп ойнайтын ойыншы кез келген команданың апшысын қуыруға дайын. Михал Травник есімді жартылай қорғаушы да Томастан еш қалыспайды. Ұлттық құрамаға жиі шақырылып жүрген футболшы - команданың Еуропа лигасындағы үздік бомбардирі. Ол «Реннің» де, «Динамоның» да қақпасынан саңылау тапты. Келесі кезек «Астананыкі» деп алақан ысқылап отырғаны белгілі.

Қалай болғанда да астаналықтарға оңай тимесі анық. Қарсылас өз алаңында көп ұтыла бермейді, көп шабуылдайды. Еуропа лигасының үшінші турында үш ұпайға қол жеткізгілері келетіні анық.


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру