Сұхбат 19 Қазан, 2018 (0) (406)

Диас Бахраддин, жасөспірімдер арасындағы олимпиада чемпионы: «Бұл бастамасы ғана»

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА:

Диас Бахраддин қазіргі таңда Қызылорда облысы Жалаңтөс Баһадүр атындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің 11-сыныбында оқиды. Байдарка және каноэде есуден ҚР спорт шебері. 2 дүркін Қазақстан Республикасының чемпионы, күміс және бірнеше мәрте қола жүлдегері атанған. Биыл Испанияда өткен лицензиялық халықаралық турнирдің жеңімпазы.

Аргентинаның астанасы Буэнос-Айрес қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиада ойындары бүгін өз мәресіне жетеді. Осыған дейін қызылордалық спортшы Диас Бахраддин байдарка және каноэде есу спортынан ел құрамасы қоржынына алтын медаль салған болатын. Бұл аталмыш спорт түрінен облыс спортшыларының және ел құрамасының тарихындағы алғашқы медалі болып отыр. Мұхиттың арғы жағында жүрген жерлесімізбен және жаттықтырушысымен желі арқылы байланысып, жеңісімен құттықтап, жедел сұхбат жасауға талпынып көрген едік. Бапкері Мұхитдин Миербеков шәкіртінің жеңісіне қуанып жатқандығын айтса, жаттығу арасында біздің сұрақтарға жауап берген Диастың қарапайымдылығына риза болдық.


- Диас, жеңіс тағы да құтты болсын! Қандай сезімдесіз? Ең алдымен жарыс туралы айта кетсеңіз...

- Рақмет сіздерге. Әрине, қуаныштымын! Бұл жарысқа әлемдегі 15 елдің түрлі мықты спортшылары жиналды. Мен олардың барлығын жеңу керектігін түсіндім. Жаттықтырушыларыммен бірге бұл жарысқа 1,5 жыл дайындалдым. Жаттығу өте ауыр болды, бірақ біз мақсатымызға жеттік. Маған жүктелген тапсырма олимпиада алтынын алу болатын.

- Аталмыш спорт түріне қалай тап болдыңыз?

- Мені анам 12 жасымда Тасбөгет кентіндегі №5 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебіне оқуға берді. Онда мен Мұхитдин Миербеков, Диана Хазиева секілді білікті жаттықтырушылардың қоластында тәрбиелендім, шынықтым.

- Сіздің жетістігіңіз – байдарка және каноэде есуден Қызылорда облысы және Қазақстан Республикасы спорты тарихындағы алғашқы медаль. Жеңісіңізді кімге арнайсыз?

- Бұл медальді ең бірінші ата-анама және бапкерлерім Диана Геннадиевна мен Мұхитдин Хамитұлына арнаймын. Сондай-ақ, Қызылорда қаласының 200 жылдығына тартуым болсын.

- Жалпы, Сыр өңіріндегі аталған спорт түрінің даму көрсеткіші туралы ойыңызды білсек...

- Бұл спорт түрінің біздің өңірімізде ашылғанына 5 жылдай уақыт болды. Өте қызық спорт дер едім. Егер оған қатысқан әр спортшы кәсіби түрде айналысса, сезінсе, көптеген жетістікке жетеді. Осындай аз уақыт ішінде Қызылорда облысында Азия ойындарының, әлем чемпионатының жүлдегерлері пайда болды және енді олимпиада чемпионы да бар.

- Бәрекелді, Диас! Аргентиналықтардың, жергілікті халықтың байдарка және каноэде есу спортына деген көзқарасы қандай екен?

- Аргентинада бұл спорт түрі жақсы дамыған. Жарысқа да қатысты әрі жеңісіне сенімді болды. Халқы қолдады. Жарыс соңында бізді жай қатысушы деп емес, қазақтардың да өте мықты екеніне көз жеткізді.

- Сізге Сыр елі, Қазақ елі сенеді.

- Сенімдеріңізге көп-көп рақмет! Әлі де көптеген жетістіктерге жетемін. Бұл бастамасы ғана.

- Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рақмет!



Диастың Аргентинадағы көрсеткіші мынадай болды.

Каноэ бірлік бәсекесінде сынға түскен Диас іріктеу кезеңінде мәреге екінші болып келсе, ширек финалда украиналық спортшыны артта қалдырды. Ал, жартылай финалда венгриялық спортшыдан озып, финалда өзбек спортшысынан басым түсіп, 1:54.66 уақыт көрсеткішімен мәреге бірінші болып келді.

Жалпы, Жасөспірімдер олимпиада ойындарына облыстан 3 спортшы қатысты. Олар: байдарка және каноэде есуден Диас Бахраддин мен Эльнура Нұрланова, жеңіл атлетикадан Галина Панасенко. Жарыс қорытындысында Эльнура Нұрланова каноэ есу жарысында үздік төртікке енсе, жеңіл атлетикадан Галина Панасенко шеберлігін шыңдай түсті.

Айта кетейік, 2014 жылы дзюдодан жерлесіміз Бауыржан Жауынтаев жасөспірімдер Олимпиада ойындарының чемпионы атанған болатын.


Рыскелді Жахман.


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру