Футбол 15 Қазан, 2018 (0) (506)

Қазақстан құрамасына Андорраны ұту маңызды

Ұлттар лигасының D дивизионында ойнап жатқан Қазақстан құрамасы үшін топтық кезең сәтті басталды деуге келмейді.

Алғашқы ойында «Астана Аренада» Владимир Вайсс жаттықтыратын Грузия құрамасынан жеңіліс тапқан Қазақстан сырт алаңда өткен Андорра мен Латвияға қарсы ойында да жеңіске жете алмады. Екі ойында да 1-1 есебі тіркелген болатын. Алғашқы үш ойында да жеңіске жеткен Грузия біздің топта жеке дара көш бастап тұр. Ал өзге үш құраманың қоржынында екі ұпайдан бар. Қазақстан құрамасы келесі ойынын ертең Астанада Андорра құрамасына қарсы өткізеді. Бұл ойында біздің жігіттерге қалай да жеңіске жету керек. Тарқатып айтсақ...

Ұлттар лигасы турнирін ең әуелі UEFA-ның бұрынғы президенті Мишель Платини ойлап тапқан. Кейін оның орнын басқан Александр Чеферин тарапынан қолдау тауып, жүзеге асырылды. Мақсаты - футболы кенже қалған құрамаларға Еуропа чемпионатында ойнауға мүкіндік беру, жолдастық  кездесулерді ресми ойындарға алмастыру.

Ұлттар лигасын қолдағандармен қатар қарсы шыққандар да табылып жатты. Мысалға «Ливерпуль» тізгінін ұстаған неміс маманы Юрген Клопп «Ұлттар лигасын» «Ең мағынасыз турнирге» теңеген. Германия құрамасының бапкері  Йоахим Лев отандасының сөзіне қарсы шығып: «Ұлттық құрама бапкері ретінде айтар болсам, «Ұлттар лигасы» таптырмас  турнир. Бұл жерде біз өзімізбен деңгейлес командалармен күш сынасып, тәжірибе жинақтаймыз. Ал жолдастық кездесулерде көбіне әлсіз, футболы кенже қалған құрамалармен кездесуге мәжбүрміз», - деген болатын.

«Ұлттар лигасы» екі кезеңнен тұратыны бұған дейін де жазылып,  айтылып жүр. Әуелі топтық кезеңнің жеңімпазын анықтайды. Кейін әр дивизиондағы топ жеңімпаздары дивизионға берілген жалғыз жолдаманы сарапқа салады. Төрт дивизионнан төрт құрама Еуропа чемпионатына жолдаманы сарапқа салады. Топтық кезең мен финалдық кездесулер арасында Еуропа чемпионатына іріктеу өтеді. Іріктеу кезеңінің жеребесі әлі тартылған жоқ.

Енді Қазақстан құрамасына өз тобында неліктен кемінде екінші орын алу керек деген сауалға жауап берсек. Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасында өз тобынан бірінші орынмен шығу мүкіндігі әлі де сақтаулы. Ол үшін Стоилов шәкірттері қалған үш ойында жеңіске жетіп Грузия құрамасы үш ойынның үшеуінде ұтылып немесе екеуінде ұтылып бірінде тең түсуі керек. Үмітсіз шайтан...

Грузия құрамасын алға салып, топтан екінші орын алсақ та, «Ұлттар лигасының» финалдық кезеңінде ойнауға мүмкіндікке ие боламыз. Ол үшін Грузия құрамасы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде сәтті ойнап, тікелей жолдамаға ие болуы шарт. Сол кезде Грузия құрамасының орнын топта екінші орын алған команда басады. Одан бөлек UEFA рейтінгі бар. Жеңілістен көз ашпай жүрген құрама Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде соңғы себетке түсері анық. Ал ол Андорра, Люксембург, Гибралтар, Лихтенштейн, Фарер аралдары сынды командалармен бір топта түсу мүмкіндігінен айырылады.

Қазақстан мен Андорра құрамалары арасындағы ойын ертең «Астана Аренада» жергілікті уақытпен 20:00-де өтеді.


Фото ҚФФ ресми сайтынан алынды.


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру