Күрес 15 Қазан, 2018 (0) (954)

Еркін күрес шеберлері әлем чемпионатына дайын

Венгрия астанасы Будапеште күрес түрлерінен өтетін Әлем чемпионатының басталуына да санаулы күндер қалды. Осыған орай, еркін күрестен ұлттық құраманың бас бапкері Әсет Серікбаев Венгрия жерінде ел намысын қорғайтын палуандар тізімін жариялаған.

Тізімде Дәулет Ниязбеков, Нұрислам Санаев сынды тіс қаққан палуандармен қатар жастар да жеткілікті. Басынан бастайық.

57 келі. Нұрислам Санаев

Бұл салмақтағы бірінші нөмірлі балуанымыз Жандос Исмаилов Азия ойындарынан кейін демалыс алды. Оған Жандостың көп салмақ қууы әсер еткен болар. Оның  үстіне жақын күндері Жандос шаңырақ көтерді. Сол себепті бапкерлер кеңесі  57 келіге ақтөбелік Санаевты қоюды жөн көріпті. Нұрислам Санаев  61 келіде соңғы Азия чемпионатының жеңімпазы, ел біріншілігінің қола жүлдегері. Нұрислам – әлем чемпионатынан жүлде әкелуі мүмкін санаулы балуандарымыздың бірі. Оған оның тәжірибесі де, қауқары да жеткілікті.

«Шыбын» салмағында айқын фаворит жоқ.  Барлық балуандар азулы. Кез келгені Олимпиада, әлем, болмаса  құрлық чемпионатында олжа салған балуандар. Атап айтқанда,  Еуропа чемпионы - Георгий Эдишерашвили (Әзірбайжан). Ресей чемпионы - Заур Угуев.  Әлем чемпионы - Юки Такахаши (Жапония). Әлем чемпионатының жүлдегері - Джон Патрик Гилман (АҚШ). Азия чемпионы, Азия ойындарының финалисі  - Кумсонг Канг (Солтүстік Корея). Азия ойындарының жеңімпазы, әлем чемпионатының жүлдегері - Эрденебат Бехбаяр (Моңғолия).  


61 келі. Қуат Әміртаев

61 келіде ел намысын биылғы Қазақстан чемпионы Қуат Әміртаев қорғайды. Осы жылы Қуат «Моңғолия Опен» мен Циолковский халықаралық турнирлерінің жүлдегері атанды. Сондай-ақ былтыр тұңғыш рет өткен U-23 әлем чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алған. Дәл қазіргі уақытта Қуат - Қазақстанда теңдесіз.  Жарақаттан аман болса жүлделі орыннан көрінуі тиіс.

Аталмыш салмақта ресейлік Гаджимурад Рашидов, Бека Ломтадзе (Грузия), Реджеп Топал (Түркия), Даниэль Колон (АҚШ), Рэй Хэгучи (Жапония) сынды азулы қарсыластар бар.


65 келі. Дәулет Ниязбеков

Дәулет Ниязбеков құрамадағы ең тәжірибелі балуанымыз. Әлем чемпионатындағы басты үміттеріміздің бірі десек те артық айтқандық емес. Биыл үшінші рет құрлық біріншілігін бағындырған қызылордалық балуанға ел ішіндегі іріктеуден өтудің өзі оңайға түскен жоқ. Себебі аталмыш салмақта Дәулеттен бөлек Саятбек Оқасов, Бурхан Мадияр сынды мықты балуандар өнер көрсетеді. Оған қоса, Саятбек Оқасов Джакартада төрт жылда бір келетін Азия ойындарында қола жүлдені жеңіп алды. Қос мықтының мүмкіндігі Якутиядағы «Коркин» мемориалында бағаланған болатын. Нәтижесінде, Дәулет қола медаль иеленіп, байрақты бәсекеде ел намысын қорғауға мүмкіндік алды.

Дәулеттің қарсыластарына келсек, барлығы осал емес.  Өзіне жақсы таныс, басым көпшілігімен боз кілемде белдескен. Азия ойындарының жеңімпазы, Үндістанның мақтанышы Бажранг Бажранг біздің Дәулет үшін қолайсыз қарсыластар қатарында екенін айта кету керек. Бұған дейінгі белдесулерде Бажранг Дәулеттен басым түскен. Бажрангтан бөлек  65 келіде азулы қарсыластар жетерлік. Олимпиада жүлдегері, үш дүркін әлем чемпионы Хаджи Алиев (Әзірбайжан), әлем біріншілігінің қола жүлдегері Ахмед Чакаев (Ресей), Олимпиада чемпионы Владимир Хенчигашвили (Грузия), Тимур Очир Тулга (Моңғолия), Даичи Такатани (Жапония), әлем чемпионы Логан Штибер (АҚШ) сынды палуандардың барлығы Венгриядан тек жүлдемен оралсақ деп отырғаны анық.


70 келі. Амандық Бакеев

70 келіде ел намысын ақтөбелік Амандық Бакеев қорғайды. Ол биыл Шымкентте өткен ҚР чемпионатының жеңімпазы. Циолковский турнирінің күміс жүлдесін алған. Будапешттегі әлем чемпионаты - Амандық  үшін ересектер арасындағы алғашқы үлкен жарыс.

70 келіде жүлделі орынға таласатын балуандар қатарында грузиялық Зураб Якобошвили (2017 жылғы әлем чемпионы, ресейлік Магомедрасул Газимагомедов (әлем чемпионы), өзбек Ихтиор Наврузов (Азия чемпионы, Олимпиада ойындарының жүлдегері) бар.


74 келі. Болат Сақаев

Болат Сақаев та - тәжірибелі балуан. Оның әлем чемпионатына баруы кездейсоқтық емес. Талай жылдар ел чемпионатында жүлдегерлер қатарында жүрген Болат Сақаев биыл да Қазақстан чемпионаты мен  «Яшар Догу» мемориалында қола жүлдегер атанды. Бір айта кетерлігі, бұл салмақта еліміздегі бәсекелестік өте жоғары. Азия ойындарының күміс жүлдегері, Азия біріншілігінің қола жүлдегері, 2018 жылғы Қазақстан чемпионы Данияр Қайсанов, әлем чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алған тұңғыш қазақ баласы Нұрлан Бекжанов, Жігер Закиров та осы салмақта белдеседі.  Жоғарыда аталған балуандардың барлығы әлем чемпионатына баруға лайық еді. Жігер Закировқа ота жасалып, демалыс алды. Ал Данияр Қайсанов Азия ойындарынан кейін жарақаттарын емдеуге бел буды. Сол себепті,  Нұрлан Бекжанов пен Болат Сақаев Циолковский турнирінде жолдаманы сарапқа салған болатын. Тартысты кездесуде, Алматы облысының балуаны жеңіске жетіп, Будапешт бозкілемдерінде өнер көрсетуге мүмкіндік алды.

74 келіде белдесетін Джордан Барроуз (АҚШ), Франк Чамизо (Италия) сынды күрес әлемінің «тірі» аңыздарын таныстырып жатудың өзі артықтық етер. Күрес мамандары да осы екеуінің финалын болжап отыр. Алайда, бұл салмақты су жаңа Ресей чемпионы Заурбек Сидаков, Сонер Демирташ (Түркия),  Бекзод Абдурахманов (Өзбекстан), Мостафа Хосейнхани (Иран), Юки Фуджинами (Жапония), Ганзориг Мандахнаран (Моңғолия), допинг дауына іліккен Муслим Евлоевтар (Қырғызстан) сынды мықты балуандар жеткілікті.


79 келі. Бақтияр Ізбасаров

 Ұзынағаш тумасының әлем чемпионатына аттанар жолы да оңай болған жоқ. Қазақстан чемпионатының финалына дейін қиналмай жеткенімен, финалда маңғыстаулық Сәкен Айтжановтан ұтылған. Әлем чемпионатының қарсаңында қос балуан Польшадағы Циолковский турниріне қатар аттанды. Нәтижесінде, Бақтияр аталған жарыстың қола жүлдесін жеңіп алса, Сәкен жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Кейін Талғардағы АИБА бокс академиясында өткен жеке кездесуде де Бақтияр Сәкеннен басым түсіп, еліміздің атынан Әлем чемпионатына аттануға лайық екенін дәлелдеді.   

79 келінің фавориттері – Ахмед Гаджимагомедов (Ресей), Джабрайл Гасанов  (Әзірбайжан), Кайл Дэйк (АҚШ), Рашид Курбанов (Өзбекстан)



86 келі.  Әділет Дауланбаев 

Әділет Дауланбаев - «қазақ баласы 30 жастан кейін күреседі» деген қағиданы растап жүрген балуандардың бірі. Жалпы 2018 жыл Әділет үшін сәтті өтіп жатыр. Азия ойындары, құрлық бәсекесі, Әскери қызметкерлер арасындағы әлем чемпионатында жүлдегер атанса, «Моңғолия опен» мен ел чемпионатында алтын медаль иеленді. Ел ішінде талай жылдар Әділет Дауланбаев  пен Азамат Дәулетбеков екеуі бір-біріне қарылас атанып келеді. Биыл Азамат Дәулетбеков тізе жарақатына байланысты көптеген жарыстардан жүлдесіз қалды. Тіпті, Талғардағы АИБА бокс академиясында өткен қос балуанның жеке кездесуінде де тізе жарақаты ушығып, жеңіс Әділетке бұйырды. Әділет - намысшыл, соңына дейін белдесетін балуан. Алайда, сөздің шыны керек, Әділет Дауланбаев бабында деп айту қиын. Оған Әділеттің соңғы жарыстардағы нәтижелері дәлел. Сол себепті әлемнің үздік балуандары жинақталған салмақта Әділет жүлдегерлер қатарынан көрініп жатса үлкен ерлік болары сөзсіз.

Бұл салмақтың басты фавориттер -Хасан Алиазам Яздани Чарати (Иран). Әлем кубогында сол Язданиді тізе бүктірген Давид Тэйлор (АҚШ). Сондай-ақ  Дәурен Круглиев (Ресей), Селим Яшар (Түркия) сынды мықты балуандар да жүлдеден үмітті.


92 келі.  Нұрғали Нұрғайыпұлы

Аталмыш салмақта ел намысын Алматы облысы, Кербұлақ ауданының тумасы Нұрғали Нұрғайыпұлы қорғайды. Нұрғали - әмбебап, айла-әдіске жиі баратын спортшы. Қазақ күресінен өтетін «Қазақстан барысы», «Халық барысы» додаларына қатысып, жалпақ жұртқа танылған. Соңғы ел чемпионатында қарсыластарын қақырата ұтып, чемпион атанған.  Қарсыластары үшін Нұрғали жұмбақ балуан.

92 келінің фавориттері - Шариф Шарифов (Әзірбайжан), Батырбек Цакулов (Ресей), Эбрахими (Иран), Джейден Кокс (АҚШ).


97 келі.  Мамед Ибрагимов 

Қазақстандық күрес жанкүйерлерінің ішінде «Мамед Ибрагимовты неге қойды?, ол лайық емес қой» дегендер аз болмады. Ия, бірінші нөмірлі балуанымыз - Бағдәулет Әлментай. Алайда, Бақдәулет U-23 әлем чемпионатында ел намысын қорғайды. Ал екінші нөмірлі Ералы Абдрашев пен үшінші нөмірлі Мамед Ибрагимов  Польшадағы Циолковский турнирінде барынша қаралымда болды. Бізге белігісіз себеппен сол турнирде Ералы 92 келіде белдесіп, жүлдесіз қалды. Ал Мамед Ибрагимов 97 кг екінші орынды иеленді. Осы себепті бапкерлер Мамед Ибрагимовты әлем чемпионатына жіберуді жөн көрді.

Шынында, Мамедке бұл салмақта жүлдегерлер қатарына оңайға соқпайды. Бәсекелестік тым жоғары.  Жартылай ауыр салмақтың екі айқын фавориті бар. Екеуі де Олимпиада және әлем чемппионы. «Ресейлік танк» - Абдулрашид Садуллаев пен америкалық Кайл Снайдер. Ал осы Кайл Снайдерді екі мәрте ұтқан осетиялық Асланбек Алборов (Әзірбайжан), ирандық Голейж де мықтылар қатарынан.


125 келі. Ермұхамед Іңкәр 

Ауыр салмақта ел намысын Ермұхамед Іңкәр қорғайды. Түркістан облысының тумасы соңғы кезде   аянбай тер төгіп жүр. Қазір жақсы спорттық бабында деп айтуға болады. Десе де, Олимпиада чемпионы Таха Ақгүл (Түркия), әлем чемпионы Гено Петрошвили  (Грузия), өзбекстандық легионер Давид Модзманашвили, ирандық Парвиз Хадилармен текетіресу қиын болмақ.


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру