Велоспорт 14 Қазан, 2018 (0) (173)

Алматыда күздің бесінші велошеруі өтті

Бүгін, қазанның 14-і күні «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында қала күніне арналған күздің бесінші велошеруі өтті, деп ақпараттық және спорттық ХАБ хабарлайды.

400-ге жуық велосүйер қауым Нұрлы Тау бизнес орталығынан Тұңғыш Президент саябағына дейін 7,5 км қашықтықты жүріп өтті.

Мәреде қатысушылар арасында бағалы сыйлықтар ойнатылды. Бүгін Андрей Шаповаловтың бағы жанды, ол бас жүлде - жаңа велосипедті жеңіп алды.

- Мен бірінші рет жүлделі болдым. Велошерулерге екі жыл бойы қатысып келемін, ұйымдастырушылар біз үшін жолдарды жауып, жақсы көңіл көтеріп, өз қалаңмен серуендеуге мүмкіндук береді.  Велоспорт - мен үшін хобби, өзім жеке кәсіпкермін. Барлық қала тұрғындарын спортпен шұғылдануға, велошерулерге қатысуға шықырамын, қала әкімдігі біз үшін барлық жағдайды жасап жатыр, - деп бүгінгі темір тұлпардың иесі салауатты өмір салтын жүргізуге шақырды.

Сондай-ақ, велошеруге жастар құрылтайының аясында Алматыда бас қосқан «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының 100-ге жуық қызметкерлері қатысты.

- Бүгінгі велошеруге «ҚазМұнайГаз» компаниясының жас қызметкерлері қатысып отыр. Әр компанияда жастар кеңесі құрылған, біз бес бағыт бойынша жұмыс атқарамыз, олардың бірі - салауатты өмір салты. Бізде жыл сайын жастар құрылтайы өтеді. Биылғы жылы Алматыда жиналып отырмыз. 2019 жылы Жастар жылы деп жарияланғандықтан, осы бағытта жұмысымызды жалғастырамыз, - деді  «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ жастар кеңесінің төрағасы Саят Қайгелдинов.

Айта кетер жайт, бұл велошеру «Спорттық Алматы» қалалық бағдарламасы аясында 2018 жылы жоспарланған 21 велошерудің он тоғызыншысы болып табылады. «Спорттық Алматы» бағдарламасы алып шаһарда бұқаралық спортты дамыту мақсатында жүзеге асырылып келеді.


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру