Футбол 14 Қазан, 2018 (0) (261)

Жеңіске жете алмадық

UEFA Ұлттар лигасының 3-турында Қазақстан құрамасы Латвияға қонаққа барды. Алаң иелері қонақтарды 5 мың адамдық «Даугава» стадионында қабылдаған болатын. Ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Енді осы матчты сараптап көрсек.

Матч алдында Станимир Стойлов баптайтын команданың сәл мықтырақ екенін мамандар да, көзі қарақты жанкүйерлер де айтып жүрген еді. Букмекерлер де аздаған басымдықты Қазақстанға берген. Ойын басталысымен алаң иелері оқтын-оқтын шабуылға шыққандай көрінгенімен, уақыт өткен сайын Қазақстан ұлттық құрамасы өз күшін көрсете бастады. Шабуыл шебіндегі Щеткинге Муртазаев, Зайнутдинов, Исламхан және Жуков көмектесіп отырды. Гол да ұзақ күттірген жоқ. Бахтиер Зайнутдинов 16-минутта сол қапталдан жеткен допты қақпаға тоғыта салды. Араға уақыт салып, алаңның орасында «алдына келгенді тістеп, артынан келгенді теуіп» жүрген Исламбек Қуат «сары қағаз» алып тынған. 40-минутта «Ақжайық»  шабуылшысы Артурс Карашаускас Эрич қақпасына гол соғып кетті.

Екінші таймда да қазақстандықтар шабуылдаумен болды. Статистикаға сүйенсек, 22 соққының бесеуі қақпаға дәл бағытталған. Сондай сәттің бірінде Евгений Постников өте ыңғайлы позициядан допты қиыс тепті. Алексей Щеткиннің қолмен қойғандай қылып берген пасын Абзал Бейсебеков пайдалана алмады. Екінші тайм ортасынан ауған тұста Зайнутдиновтың орнына Еркебұлан Сейдахмет шықса, тамаша ойнаған Исламханды Максим Федин алмастырды. Ойын соңына қарай Роман Мұртазаевтың орнына Бауыржан Тұрысбек шықты. Айта кету керек, Сейдахметтің айып алаңына қарай асырған пасын Щеткин пайдалана алмаса, Федин қақпашының қолына тепті.

Ойыншыларды 10 балдық жүйемен бағалап көрейік.

Ненад Эрич - 9 балл. Қақпашының жұмысы аса көп бола қойған жоқ. Бірақ қауіпті сәттерде жылдам шешім қабылдай білді.

Дмитрий Шомко – 8 балл. Капитан жиі қателесті. Тек ойын соңына қарай сенімді қимылдады. Шомконың асырған пасынан Зайнутдинов гол соқты.

Сергей Малый – 10 балл. Көптеген сәттерде батыл қимылдады. Қателік жіберген жоқ деуге де болады. Қорғаныстың қара жұмысын абыроймен атқарып шықты.

Постников, Бейсебеков – 7 балл. Екі қорғаушы да шабуылға араласып жүрді, екеуінде де гол соғатын мүмкіндіктер болды. Латвиялық ойыншыға қақпашымен бетпе-бет кездесуге мүмкіндік беріп қойған Постниковтың қателігі голға айнала жаздаған, Эричтің жанкештілігі арқасында құрама жеңілістен аман қалды.

Исламбек Қуат – 8 балл. «Қайраттықтың» қайратын жақсы білеміз. Қарсылас шабуылын бірнеше рет тойтарды. Ойын тәртібін жиі бұзып отырды. Нәтижесінде «сары қағаз» алған ол келесі ойынға қатыспайды.

Муртазаев, Щеткин, Жуков – 7 балл. «Үштік» тұрақтылық көрсете алмады деп айта аламыз. Щеткиннің не бітіргенін білмейміз, тек бір ғана пасымен есте қалды. Мұртазаев сенімсіз ойыны көңілден шыққан жоқ.  Жуков бірінші таймда көп қателесті.

Бауыржан Исламхан – 10 балл. Бұрынғы Бауыржанды көргендей болдық. Алаңды сезінуі, креативті қимылдары, пастары – бәрі-бәрі жоғары деңгейде. Бір әттегенайы – Исламханның 90 минут ойнауға күшінің жетпеуі.

Бауыржан Тұрысбек, Еркебұлан Сейдахмет, Максим Федин – 8 балл. Гол соғылмады демесеңіз, белсенді ойнаған «қосалқылар» тәуір-ақ ойнады. Андоррамен болатын ойынның алғашқы таймында шықса екен деген үмітіміз жоқ емес. Еркебұланның дриблингі, Федин мен Тұрысбектің батылдығы ұнады.




Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру