Футбол 02 Қазан, 2018 (0) (671)

Түрме және сатқындық: Роналду неге «Реалдан» кетіп қалды

Роналду Перестің «сатқындығы» кесірінен «Реалдан» кетті.

Осы жазда Мадридтің «Реалынан» «Ювентусқа» ауысқан Криштиану Роналду патша клубынан кету туралы шешімді 2017/18 маусымның басында қабылдап қойған еді. Ол Испания салық қызметінің қыр соңынан қалмай қойғанына, одан кейін клуб президенті Флорентино Перестің «сатқындығына» наразы болатын.

Бес дүркін «Алтын доп» иегерінің мадридтік «Реалдан» қашан және не үшін кетуге бел байлағаны белгілі болды.

El Mundo журналистері Эстебан Уррэйстиета мен Орфео Суарес аталмыш басылымға португалиялықтың «Ювентуске» кетуіне мұрындық болған жайттарға қатысты мақала жариялады.

Өз материалдарында журналистер 2017 жылдың 11-мамырында футболшының агенті Жорже Мендештің La Finca  тұрғын ауданындағы вилласында өткен жиын туралы әңгімелейді.

Ол жерге Роналдудың заңгерлері де келген еді, ал жиынға қатысушылардың сөздері, үйдегі еденнің түсі сияқты ұсақ-түйек те назардан тыс қалмады, оған әңгіме біткен соң Карлос Осорионың шарасыздықтан диванға жантая кеткендегі суреті де дәлел бола алады. Осорио - Мендештің сенімді заңгері, ол басты келісімдерді бүге-шігесіне дейін білетін және «таяқ жеген» де сол болып шықты. Испания мемлекеті алдындағы миллиондаған қарыздың қайдан шыққаны жайында білгісі келген Роналду жиынды сол үшін өткізген-ді.

«Бұған жауаптының кім екенін айтыңдаршы? — деді Криштиану Осориоға бұрыла қарап. – Менің ешқандай білімім жоқ. Өмірде тек футбол ойнауды ғана білемін. Алайда, бұл менің ақымақтығымды білдірмейді, мен ешкімге сенбеймін. Сол үшін кеңесші жалдағанда оған сұраған ақысынан 30%-ға көп беремін. Себебі маған проблеманың керегі жоқ».

«Криш, мен - жауаптымын. Алаң болма, бәрі орнында, мұнымен өле өлгенше күресеміз» - деп жауап қатты Осорио.

Сонымен қатар, El Mundo  дереккөзінің жеткізуі бойынша, үстел басына жиналғандар сұхбат барысында жағдайдың тым қиын екенін бағамдап отырды.

«Мен салықты төлемеу туралы ештеңе айтқан жоқпын. Қазір тек не болғанын білгім келеді. Түк түсінсем бұйырмасын, салықты демеушілер төлейді емес пе?! Неліктен олар (салық органы) мені айыптап отыр?» Роналду сұрланып кетті.

Мәселенің бәрі Роналдудың жарнамалық келісім-шартына қатысты деген Tollin Associates оффшорлық компаниясы арқылы алынған ақшада жатыр. Ойыншы өзіне тиесілі қаржыны салықтарды алып тасталғаннан кейін барып қана есеп-шотқа түсті деп ойлады және Испанияда қиындықтың неліктен туындағанын түсіне алмай дал болды. Себебі «Манчестер Юнайтедте» ойнап жүргенде де дәл осындай жүйе қалыптасқан болатын, онда ешқандай бас ауыртар мәселе жоқ-тұғын.

Негізі, Роналду «Реалға» трансфер жасалған сәттен-ақ Осориоға Испания заңдарын мұқият зерттеуді тапсырған. Бірақ, заңгер тапсырмаға немқұрайлы қарағанға ұқсайды.

Енді мына жайтқа назар аударып көрсек. El Mundo нұсқасы бойынша, Португалия супержұлдызының  Мадридтен кетуіне 6 жайт ықпал  еткен.

Біріншіден, мадридтік клуб Испания билігі алдында Роналдуға араша түспеді. «Барселонада» осыған ұқсас жағдайда Месси мен Маскераноға каталониялық ұжым көмек берген болатын. Ал Флорентино Перес КриРоның клубтан тыс кірістері үшін қазынашылықтың алдына да барғысы келмеді. Криштиану Роналду мұны сатқындық деп есептеді.

Бұдан кейін де «патша клубы» жағдайды түзейтін бір мүмкіндіктен айырылды – Осорио келісім-шарттан болжанбаған салықтық міндеттемелер туындаған жағдайда «Реал» оны өз құзырына алуы керектігі туралы тармақты көрсетіп-ақ бақты. Клуб ойыншы мен арадағы келісімнің қаржылық шарттары тармағының  жаңарғанын желеу етіп, ойыншының салық айыппұлдарын төлеуден бас тартты.

Үшінші және төртінші себептер футбол және ойыншының имиджіне қатысты екені даусыз. «Алтын доптың» соңғы иесі Криштиануға жалақы жағынан Месси мен Неймардан кейін үшінші тұрғаны еш ұнаған жоқ. Одан бөлек, клуб басшылығының аргентиналық Альфредо ди Стефаноны «Реал» тарихындағы ең үздік ойыншы» дей бергені Роналдудың жүйкесін жұқартып бітті.

 «Олар жиі қайталай береді. Мені солай атауы үшін не істеуім керек сонда», деп айналасындағыларға шағымданды дейді-мыс Роналдуды El Mundo басылымы.

Тағы бір айта кетерлігі, сол кездегі команда бапкері Зинедин Зиданның клуб басшылығына шағым айтуы Криштианудың қытығына тиетін. Зизуға португалиялықтың киім шешетін бөлмеде өз проблемалары туралы айта беретіні ұнамады, тіпті ол Переске бұл мәселені шешуді өтінген.

Ақыр соңында, клубтың 25 миллион еуро және оған қоса 5 миллион қосымша сыйақы табу мүмкіндігі бар ұсынысын футболшы өзіне деген құрметсіздік деп санап, Испания астанасынан кетуге бел байлады.

2017 жылдың жазында «Манчестер Юнайтедтен» трансферлік ұсыныс түскенде Флорентино Перес істің насырға шауып кетерін біліп, Мендешпен мырзалық келісім жасаспақ болды. Сондағы айтқаны, «маған 100 миллион еуро алып кел, ол кете берсін(!)». Өткен маусым басында португалиялық «Милан», «Манчестер Юнайтед»  және «Реал» Неймар мен Килиан Мбаппен Парижден алып кетпеуі үшін трансферді тек соңғы күні рәсімдегісі келген ПСЖ-ның ұсынысынан бас тартты.Мұндай жүйені Роналду мен Мендеш тым «қауіпті» деп санады.

Басылымның нұсқасы бойынша, нәтижесінде Роналду 2017/18 маусымы басында «Реалдан» кетіп қалмағанына өкінді, ал желтоқсан айында агентіне «Ювентуспен» хабарласуды тапсырды.

«Олар маған ұнайды, өте ұйымшыл ұжым. «Ювентустың» мені «Спортингте» ойнап жүрген кезімде-ақ өздеріне тарқысы келгенін ұмытпаймын. Сіздер соңғы екі жылде екі рет Чемпиондар лигасының финалында ойнадыңыздар, ал менімен бұл турнирде жеңімпаз атана аласыздар! Осы сөзімді жеткіз», деді ол Мендешке. Бейресми әңгіменің үзіндісін таратқан тағы сол El Mundo басылымы болатын.

Іс нәтижесінде екі мәселе шешілді: «Ювентус» ойыншыға заңдық қауіпсіздікті кепілдендірді және салық жөнінде ешқандай проблеманың болмайтынын ұғындырды. Сондай-ақ белгіленген жалақы ұсынды.

Сонымен қатар, Мендеш Перес Роналдуды алып қалар деп күтті және клиентін Мадридте қалады деп үміттенді, алайда Роналду үзілді-кесілді қарсылық көрсетті:

«Кім мені бағалайды, мен сол жақтамын, Мадрид олай еткен жоқ. Егер Флорентино келіп, екі есе жалақы ұсынса, мен «маған бәрібір» деп жауап қатамын. «Ювеге» ауысамын, сөз тәмам»

Ең қызығы, Перес Роналдудың салықтық қиындығын өзінің тәжірибелі заңгері Читин дель Валле арқылы шешіп, португалиялыққа барынша көмектесті.

Дәл сол клуб басшысы түрмеге түсіп қалмау үшін Роналду мен Мендешті бұрынғы кеңесшілерінен құтылып, әңгімені басқа бағытта өрбітуге көндірді.

Криштиану өзінің қылмыскер емес екенін айтудан танбады, Осорио болса салық органдарымен келісімге келуден бас тартты, алайда жаңа кеңесшілер футболшыға түрме мерзімі жайлы баяндап, оны көндірді, сөйтіп Криш сот алды келісімге қол қойды, 18,8 миллион еуроны төлегеннен кейін оған қойылған талаптардың бәрі өз күшін жойды.

Осы оқиғадан кейін Роналдудың «Реалдағы» тарихы тәмамдалды және енді оны Мадридпен ештеңе де байланыстырмайды.


Мақала авторы: Александр Седов.

Gazeta.ru сайтынан аударылды.


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру