Желідегі жазбалар 02 Қазан, 2018 (0) (159)

Тартпадан табылды. Қай жылдары жазғанымыз есте жоқ.

Белгілі спорт журналисі Амангелді Сейітхан қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедовпен сұқбаттасты.

На данном изображении может находиться: один или несколько человек, очки и костюм..Доп Әлжан ағада екен. Алаң ортасынан лақтырып еді, діттеген жерден табылды. Осы әрекет екі-үш рет қайталанды. Көбіне қорғаныста. Бірақ командасы шабуылға көшкенде ілесіп, өзіне пас ұсынғанда ұпай жинап алады. Жармұхамедовтың қимылын баққандар бастарын шайқайды. Алпысты алқымдаған ағаның ойын өрнегіне риза болғандықтан. Матч Алматыда өтті. Қазақстан спорт және туризм академиясының залында. Мюнхен олимпиадасының чемпионы баскетбол академиясын ашқан. Сол ойынды біздер де тамашаладық. Әлжан ағаның доп ұстауы керемет. Екі саусағының жоқ екені мүлде байқалмайды. Шеберлігін уақыт тұсай алмапты. Мың жылда бір туатын саңлақтар ғой, сары табақтан қайтқан сарқыт секілді.. 

Әлжан ағаны көптен іздедік. Тіпті Мәскеудегі пәтеріне телефон шалып, екі-ауыз пікірін естідік. Дегенмен еркін сыраласуға не жетісін. Өз атындағы академия тұсауы кесілгеннен кейін ойын басталды. Екі таймнан кейін оны ортаға алушылар көбейді. Қолтаңба таратып тұрғанда қасына жақындадық. Екі-үш сауалымыздың бар екенін айттық. Көңілді жыққан жоқ. Бірден келісе кетті. Сөйлеп жатырмыз. 

- Әлжан аға, Алматығы түпкілікті келу ойда бар ма? 
- Неге болмасын, бұл қазақтың бас қаласы. Жер жүзіне жайылған бауыр осы қаланы бағыт етіп ұстайды. Қыдырып келуге де құмартады. Балалар ер жетті. Енді атамекенде жүруге болады. 
- Академия ашылып жатыр. Жұмысын жандандыруға қалай қарайсыз? 
- Дұрыс қараймын және барымды саламын. Оқу орнының басшысы қолқа салды, Қайрат Закерьянов ұсынысын құп көрдім. Білгеніңді үйрету істің зоры. Осы баскетбол айналасынан ұзаған жоқпыз, әлгі зауыттан кейінгі тіршілік доп ұстағандардың қасында қыз-қыз қайнады. Үлкен командада өнер көрсеттік. Тәжірибе жинадық. Мықты бапкерлер ұстаханасында ысылдық. Көп көрдік, біраз білім ілдік, енді соны қазақ балалаларына таратсам айып емес шығар. 
- Бүгінгі баскетболыңыз өзгеріп тұр. Баяғы тартыстар сценариге сыймай жатыр.. 
- Ол басқа мәселе. Неге дейсің бе? Екі үлкен державаның ықпалынан кескілескен, тартысқа толы матчтар өтетін. Екі лагердің қақтығысы. Тіпті кейде бейбіт деуге де келмейтін. Тырнап кетеді, жұлып түседі. Қыршып алады дегендей. Социалистік және капиталистік лагердің ерекше бір күш сынасуы еді ғой. Америка баскетболдан ешкімге дес бермейтін. 1972 жылы біз оларға ойын басқаша өрбитінін байқаттық. Қазір бәрі мұхиттың арғы бетіндегі баскетболдан көшіреді. Сайып келгенде бір ғана мектеп қалады. Бәрі де сол жердің дәрісін сіңірсе жалпы маңыз кемшін тартпай ма. Америка ұрда жық баскетбол ойнайды. Өте жылдам. Қара күшіне сенетіндерге өріс ашылады. Ойлылар екінші санатта. Біздің кезімізде мүлде басқаша талап қойылатын. 
- Орталық ойыншыға деген сұраныс әлі де өз деңгейінде ғой.. 
- Әрине алаңды жақсы көретін, допты тартып алып, әрі лақтырғанда діттеген жеріне жеткізетін орталық ойыншысы бар командалар жеңіске жақын жүреді. Кешегі мен бүгінгі баскетболды қосатын осы орталалық ойыншылар. 
- Қазір спорт табыс кепілі секілденеді.. 
- ..Дұрыс-ақ. Біздің кезімізде бәрі басқаша болды. Қайратың бар кезде құлша жұмсалдың, күшің қайтқан соң ешкімге керексіз боласың, осы өткелде талайлар сүрінді. Бағыт беруде тапшылық сезілді. Баскетбол ойнап жүргенде сенен мықты болмайды. Кейін сәлеміңді алуға ерінеді, әлгі қамқоршылар. 
- Гомельскийге көңіліңіз тола ма? 
- Ол мықты ұйымдастырушы. Мүмкін жақсы психолог. Егер сіз бағалайтын бапкер кім десеңіз Кондрашинді атар едім. 
- Білесіз, біздің армияшылар да талайдың апшысын қуырды. Анау Тихоненко. Кейін Жуканенко. Тіпті Мелещенкоға дейінгі буынды тұтас әлем мойындады. Содан кейін шеберлік шорт кесілді. 
- Оның өзіндік себебі бар. Кеңес баскетболында өзіндік жүйе болды. Тәрбие жұмысы өзгеше жүрді. Империя құрдымға кеткен соң тұтас жүйе бырт-бырт үзілді. Дәстүрді жалғастыруға құлықсыз болды да үлкен мектептегі сабақтастық үзілді. Заманың солай. 
- Енді не болады? 
- Еңбек ету керек. Бәріміз жұмылсақ бірдеңе болар.. 
- Ресей баскетболы бір қарағанда керемет. Бірақ соңғы құрлық біріншілігінде үшінші орынды қанағат тұтты. 
- Және сол қола медальді мен олжа санаймын. Бүгінгі биігі. Тіпті күтпеген жерден алды, жүлдені. Себебін түсінген шығарсың. Отандық өнім секілді бұл да. Өзгенің есебінен алысқа ұзай алмайсың. 
- Холденге күні қараған кезі де болды, орыстардың.. 
- Мәселе сонда. Астарына үңілгенің жөн. Өзгенің малын ысқырып жүріп бағатындар ұшпаққа шығара ма? Оның үстіне кілең легионерлерді жиып алған клубтық командалар да орыс баскетболының өркендеуіне тұсау салады. Сандық үлесі тым артып кетті. Алтау-жетеуі жиналған. Алаңға солар шығады. Жастар түгілі негізгі құрамдағыларға ойын уақыты аз тиеді. Ол дұрыс емес қой. Шеберлікті шыңдай ала ма. Меніңше сырттан келетіндердің алаңдағы санын шектеу керек. 
- Біздер де құрдық, бір команданы, алыс –жақыннан ойыншыларды тасып жатырмыз. 
- Оны қойшы. Жалғыз команда ғой. Оған жал біткенше біраз уақыт. Әрі легионердің жүргені де дұрыс па деймін. Егер серпіліс әкелсе, отандық баскетболға. Қасында жергілікті ойыншалыр ерсе ғана. Өздері ойнап, біздің жігіттер сырттан тамашалап отырса үрдіс қайдан келеді. Бірақ ол да тығырықтан шығар жол еместігін біліп отырмыз. 
- Биікке бастар жол қайда? 
- Елдің ішінде. Баскетболды бел шешіп кіріскендер ғана игере алады. Жүрдім, бардымға келіспейді бұл спорт. Іріктеу, сұрыптау дегеннен хабарың бар шығар. Қаймана елдің ішінде не таланттылар жүр. Икемді балалар көп дер едім. Соларды тәрбиелеу керек. Ынта-жігермен кіріссек және жабыла кіріссек нәтиже шығады. Мынау Литва ойнап жүр. Үлкен деңгейде. Неге, өйткені балалармен жұмыс жасайды. 
- Сол балалармен жұмыс жасау жағынан ақсап тұрмыз, аға. 
- Кейбір елдер баскетбол сабағын мектеп бағдарламасына енгізді. Жыл сайын іріктеулер жүреді. Өзім он тоғыз жасымда келдім, үйірмеге. Тым кеш келдік. Қиын соқты. Бейім болған соң ғана алып жүрдік. Баскетболшы болып туылғандар аз дейсің бе. Соларды іздеу керек. Тағы айтайын, бел шешіп кіріспей баскетбол шаруасын тіктей алмаймыз. 
- Кешегі Коркия, Беловтармен бір жүрдіңіз. Иван Едешко сөзі де бізді шаттыққа бөлейді.. 
- Біздің кезіміздегі щеберліктің шоқтығы биік болды. Кілең мықтылар еді. Әйтпесе бұрын-соңды ешкімге бәйге бермеген Американы жеңе ала ма. Шетінен жанкештілер. Баскетболдың бейнетіне түскендер. Бәрі де ойлы ойыншылар. Жеке пікірімді айтсам, Александр Белов өзінше бір төбе. Ондай өндіріп ойнаған ешкім жоқ. Ақылды жігіт қой. Болмысынан баскетболшы. Оған ақыл қосылса алмайтын қамал қала ма? Сергей Беловтың да өзіндік қол таңбасы қалды. Кейін Арвидас Сабонисты көрдік. Мұндай баскетболшылар бүкіл әлемде жалғыз-жарым. 
- Сіздің ұлыңыз Сергей де баскетболды бір кісідей меңгерді. Ресей жастар құрамасын баптады емес пе? 
- Қазір Ресей ұлттық құрамасының екінші жаттықтырушысы. Үнемі ой үстінде. Сонысы ұнайды. Демек ізденеді. Маман өзге әлемді ұмыту керек. Өз саласына берік болсын. Бірақ өзге әлемді ұмыту дегенде мүлдә дүбәра болу деген сөз емес. Бүкіл жан дүниесімен баскетболға берілсе деймін. Сергейдің бойынан сондай қасиет көрінетін секілді. 
- Ақыл айтасыз ба? 
- Керек десе. Әркімнің өз жолы бар. Дөрекі қателігін байқсам, міндетті түрде ескерту жасаймын. Маған ұнайтыны, өзі қазбалап сұрайды. Біз де шешіле түсеміз. Тактикалық жаңалықтарды бірге талқылаймыз. Идея болса дейді. Несін аяп қаламын, білгенімше түсіндіремін. Сергейдің өз көзқарасы бар, онымен де санасамын. 
- Әуелгі сауалды тікесінен қайта қойсам, қазақ баскетболына қызмет етуге дайынсыз ба? 
- Дайынмын. Ендігі өмірімді ұлт баскетболының өркендеуіне жұмсасам армансыз өтер едім. 
- Әңгімеңізге рахмет. 
.. Әлжан аға жымиып күлді. Өңі қандай жылы. Табиғаты қарапайым. 1944 жылы 2 қазан күні Табақсайда дүниеге келген саңлақ Мүсірбектің төрт баласының бірі. Алпысты алқымдап қалса да кеудені тік ұстайды. Қимылы шалт. Сөйлесе ақыл ағылып жатады. Тек теріп алсаң болғаны. Үні майда. Кешегінің шежіреші қарттары секілді. Мүсірбек әке Қызылорда облысынан Шыршыққа көшеді. Әлжаны кейін зауытқа жұмысқа тұрады. Бірақ станоктардың біріне қолын алдырып, екі саусағынан айырылады. Бойы – 207 сантиметр жігітті сол шақта баскетбол жаттықтырушысы Роман Салетдинов байқапты. Үйірмесіне шақырады. Он тоғыз жасқа дейін спорттан тыс жүрген бозбала бар ынта-жігерімен жаттығады. 
- Алла тағала саусағымның да керексізін алыпты. Егер балан үйрек кеткенде допты ұстауым қиындайтын еді. Зауыттан залға ауыстық. 1963 жылы Ташкендегі дене тәрбиесі институтына түсіп, бес жылдан кейін диплом алдық. 1969 жылы Мәскеу ЦСКА –сы шақырды. Команда сапында он бір жыл жүрдік, - деп өткенін еске алады Әлжан аға. 
Ол он бір тарихта жазулы тұр. ЦСКА жейдесін кигендер кешегі Кеңес Одағы құрамасынан орын алатын. Жармұхамедов те Башкин мен Кондрашиннің ықыласына бөленді. Екі бапкердің сенімді бестігінде ойнады. Кеңес Одағының тоғыз дүркін чемпионы Еуропа құрлығында өткен чемпионаттың үш бірдей алтын медалін иеленді. Алғаш 1967 жылы Еуропа чемпионы атанса, 1971 және 1979 жылғы біріншіліктерде де топ жарды. 
Есімізге Мюнхен олимпиадасы түсті. 1972 жылы Кеңес құрамасы баскетболды өндіріп ойнады. Әсіресе финалдық матч әлемдік спорт тарихындағы теңдессіз оқиға ретінде тіркелді. Кондрашин алаңға Саканделтдзе, Коркия, Жармұхамедов және Сергей мен Александр Беловтарды шығарған. Бірінші таймды 26:21 есебімен ұтқан КСРО құрамасы үзілістен кейін ептеп сылбырлық танытты. Сергейдің орнына шыққан Паулаускас серпін әкелгенімен кейін мұхиттың арғы жағынан келгендер күш ала бастады. Александр Белов күтпеген жерден қателесіп, Саканделидзе ойын тәртібін бұзып, төреші екі айып добын белгіледі. Дуг Коллинз мүлт кеткен жоқ. АҚШ бір ұпай алға шықты. Ал ойынның бітуіне.. небары үш секунд қалған. Иә, тура үш секунд. Сол үш секундта Иван Едешко бүкіл алаңды бойлатып Сергей Беловка пас ұсынды. Сергей лақтырған доп нысанадан табылды. Екі ұпай. Қортынды есеп: 51:50. Америка жынданып кете жаздады. Кеңес Одағынан тап баскетболда ұтылуға болмайтын. Сол матчта қазақ баласы Әлжан да жасындай жарқылдады. 

Жармұхамедов жақсы бапкер. Дәлел керек болса, көлденең тартайық. 1994 жылы Канадада өткен әлем біріншілігінде Ресей құрамасын Беловпен бірге бастап барып, күміс медаль әперді. 1997 жылы Испанияда өткен Еуропа чемпионатында орыстарға тағы жүлде әперді. Енді Қазақ елінде еңбек етсем дейді. Бірақ Әлжан шақыру біздің миға кіріп шықпайды, тіпті талайдың талауындағы бір пәтерді ұсына алмаймыз. Әлжанның тырнағына тұрмайтын баскетбол мамандарын шеттен әкеліп жатсақ та..

Ақпарат Амангелді Сейітхановтың Фейсбуктегі парақшасынан алынды*


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру