Күрес 27 Қыркүйек, 2018 (0) (65)

Айдын Смағұлов: Әлем чемпионатындағы жоспар 60% орындалды

Әзірбайжан астанасы Баку қаласында дзюдодан Әлем чемпионатының жекелей сайыстары аяқталды. 

Қазақстан құрамасы 1 күміс және 1 қола жүлдемен медаль кестесінде 124 елдің ішінде 12-інші орынға жайғасты. Қазақстан құрамасынан 48 келіге дейінгі салмақта белдескен Галбадрах Отгонцэцэг Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанса, 66 келіге дейінгі балуанымыз Ерлан Серікжанов вице-чемпион болды.

Дзюдодан Ұлттық құрама бапкері Айдын Смағұлов ҚДФ баспасөз қызметіне жарыстан кейін Әлем чемпионатын қорытындылап, спортшылардың көрсеткіштеріне жеке-жеке тоқталып өтті:

- Әлем чемпионатындағы жоспарымыз 1 алтын, 1 қола жүлде еді. Бірақ, біз 1 күміс жүлдемен аяқтадық. Жоспар 100% емес, 60%-ға орындалды деп айтуға болады. Қоржында бір күміс. Оны үлкен жетістік деп санаймыз. 66 келіге дейінгі салмақта Ерлан Серікжанов үмітті ақтап, әлемнің екі дүркін чемпионы жапон балуаны Абе Хифумимен күресті. Ғұсман Қырғызбаев өзіне белгіленген межеге жетепеді. Ал, 73 келіге дейінгі салмақта күрескен Жансай Смағұлов жақсы күрескенімен әлем чемпионы жапон балуаны Соиши Хашимотоға төтеп бере алмады. Осы салмақта бірінші белдесуінде-ақ жеңілген Бекәділ Шаймерденов жақсы күрес көрсете алмады. 81 келіге дейінгі салмақта Дидар Хамза бірінші қарсыласын оңай ұтқанымен, екінші айналымда Олимпиада чемпионы Ресей балуаны Хасан Халмурзаевпен кездесті. Негізгі уақыт тең аяқталғаннан кейін қосымша уақытта Дидар әдіс жасады. Алайда, оны төрешілер есепке алмай, жарыс әрі қарай жалғасты. Сол кезде Хасан Халмурзаев вазари ұпайын иеленіп, екеуара белдесуде жеңіске жетті. Бірақ, белдесу ақталғаннан кейін төрешілер өздерінің қателігін мойындап, бізден (Қазақстан ұлттық құрамасынан) келіп кешірім сұрады. Белдесу аяқталғаннан кейін сұралған кешірім ештеңені өзгерте алмайтыны тағы бар. Дәл осы салмақта құрама сапынан тағы бір спортшымыз шықты. Ол – Азиз Қалқаманұлы. Азиз Қалқаманұлына үлкен үміт артқан, көп жарыс көрген балуан. Алайда ол бірінші беледсуінде-ақ қарсыласынан айласын асыра алмады. 90 келіге дейінгі салмақта Ислам Бозбаев жарысқа сақадай сай еді. Алтын аламын деп тыңғылықты дайындалып келген болатын. Барлығын төрешілерге бағыттай беруге болмайды. Бірақ, сонда да төрешілердің қазақ балуандарына салғырт қарайтыны бізге кері әсерін тигізді. Ислам Бозбаев венгриялық Тоц Кристианға қарсы күресінде төрешілер артық шидо (ескерту қағазы) бергендіктен жарыстан шықты. 100 келіге дейінгі салмақтағы спортшымыз Виктор Демьяненко Иван Ремеренькомен (БАӘ) үшінші рет күресіп, үшінші рет жеңіліп отыр. Күшім жетпеді деп, Виктор өзінің қателігін мойындап отыр. Ал 100 келіден жоғары салмақта Ерасыл Қажыбаев күресті. Оның осы Әлем чемпионатында жүлдегер атануға өте үлкен мүмкіндігі бар еді. Алайда, өзбек балуанымен күрескенде өзінен асырып лақтырамын деп, асекоми әдісіне түсіп, ұтылып қалды. Егер осы қарсыласын ұтқанда ақтық сындарға да жолдама алып қалуы мүмкін еді. Өте жақсы дайындықпен келген болатын»-, дейді Қазақстан Ерлер ұлттық құрама командасының бас бапкері Айдын Смағұлов.


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру