Күрес 27 Қыркүйек, 2018 (0) (57)

Бакуде дзюдодан әлем чемпионаты аяқталды

Қазақстан құрамасы 1 күміс және 1 қола жүлдемен медаль кестесінде 124 елдің ішінде 12-інші орынға жайғасты.

Жарыстың бірінші күнінде 48 келіге дейінгі салмақта белдескен бұрымды балуанымыз Галбадрах Отгонцэцэг қола медаль жеңіп алып, Әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері атанды. Ол шешуші жұбаныш белдесуінде моңғолиялық Мунхбат Уранцэцэгтен басым түсті.

Галбадрах бірінші белдесуінде бразилиялық Габриела Шибаноны, екінші айналымда испаниялық Лаура Мартинез Абеленданы ұтты. Алайда, ширек финалда Еуропа Чемпионы украиналық Дарья Белодедқа есе жіберіп, жартылай финалға шыға алмады. Ал жұбаныш белдесуінде Словения спортшысы Маруса Штангерді иппонмен жеңіп, Әлем чемпионатының қола жүлдесі үшін күресуге мүмкіндік алған болатын.

Ал 66 келіге дейінгі салмақта сынға Ерлан Серікжанов жарыстың күміс жүлдегері атанды. Ол финалдық кездесуде жапониялық әлем чемпионы Абе Хифумиге есе жіберді. Ерлан Серікжанов іріктеу кезеңінің алғашқы белдесуінде Артур Карлос Джуниорды (Мозамбик), екінші кездесуінде Барух Шмаиловты (Израиль), кейін Вадим Бунескуды (Молдова), ал ширек финалда моңғолиялық Херленг Ганболдты жеңіп, жартылай финалға шықты. Жартылай финалда Әлем рейтингінің көшбасшысы израильдік Тель Фликер Ерланды тоқтата алмаған еді.


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру