Футбол 26 Қыркүйек, 2018 (0) (228)

Қазақстан премьер-лигасының ХХV туры өтті

Бүгін ел чемпионатының 25-туры өтті. Ойындары бірсыдырғы, голға жұтаң болған турды барынша саралай кетсек.

Алдымен аутсайдерлерден бастайық. Петропавлда жергілікті «Қызылжар» қарағандылық «Шахтерді» қабылдаған. Бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Ал 2-таймның 52-минутында Қазақстанға қайтып оралған Момоду Сисей гол соқты. Шілде айында петропавлдықтар сапына қосылған гамбиялық шабуылшы бұған дейін тек сары қағаздар алып жүргені болмаса, қақпаны дәл көздегені бүгін ғана. Қонақтар да қарап қалмай, шабуылға лап қойды. 75-минутта 20 жасар Геворг Наджарян көзге түсті. Ойын түгесілер шақта алаң иелерінің жұлдызы жанды. Эльмар Набиев те алғашқы голын соғып, командасына жеңіс сыйлады.

Талдықорғанда «Жетісу» «Ордабасымен» ұпай бөлісті. 25-минутта шымкенттік Темірлан Ерланов есеп ашса, екінші тайм ортасында Олег Хоромцов есепті теңестіріп кетті. Ойынның қалған бөлігінде қос команданың бапкерлері ойыншы алмастырғанымен есеп өзгерген жоқ.

Турнирлік кестенің екінші сатысына берік жайғасқан Алматының «Қайраты» Қызылордаға қонаққа барды. «Қасқырлар» өз «апанында»қайрат көрсете ме деп ойлап едік. Алайда Эсеола мен Иличевич алғашқы таймда-ақ есепті 2:0 жеткізді. Тек 2-таймның басында В. Аржанов есепті қысқартты. 76-минутта екі сары қағаз алуына байланысты, Елдос Ахметов алаңнан қуылған. Әупірімдеп жүріп, қажетті үш ұпайға қол жеткізсе де, «Қайраттың» жағдайы мәз емес. Олар топ басындағы астаналықтардан 7 ұпайға қалып келе жатыр. Жанкүйерлері де сырт айнала бастаған ұжымның кежегесі кейін кетіп тұрғаны жасырын емес.  

БҚО-ның бас командасы «Ақжайық» үшінші орында келе жатқан «Тобылдан» жеңілді. Ойынның соңына таман, дәлірек айтқанда 81-минутта Джаба Канкава мергендік танытып, ауадай қажет жеңіс алып келді клубына. Өзін өкшелеп келе жатқан «Жетісудан» ұзай бастаған қостанайлықтар маусым соңында қолаға қол созуды армандайды. Одан бөлек Еуропа лигасы жолдамасы тағы бар.

Чемпионат көшбасшысы «Астана» Атырауға жергілікті командамен күш сынасуға барды. 87-минутта Щеткин пенальтиден есеп ашып, «Астананы» алға жетеледі. Елордалықтар енді ешкімге жеткізбейтін сияқты. 30-қыркүйекте «Жетісуды» қабылдайтын Бабаян және команда мүмкін болатын 3 ұпайды иеленуге бар күшін салады.

«Ақтөбе» мен «Ертіс» арасындағы матч алаң иелерінің жеңісімен аяқталды. 24-минутта армениялық Маркос Пиццелли павлодарлықтар қақпасын қақыратса, Бразилия ұланы Рейналду екінші голды соқты.

Премьер-лигада кім көп гол соқты? Көш басында Пиццелли тұр. Оның еншісінде 18 гол бар. Одан кейін «Қайрат» шабуылшысы Эсеола 15 голдың авторы атанған, оның 8-н «Ақжайық» сапында соққан. Тағы бір қайраттық Исаэлдің 11 голы бар. Қазақстандық ойыншылардан Щеткин - 10 голдың иесі.

Ел чемпионатының келесі туры 30 қыркүйекте ойналады.  

Сурет: sport.inform.kz 


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру