Футбол 24 Қыркүйек, 2018 (0) (530)

«Ренн» - K тобының дөкейі ме?

Францияның «Ренн» клубы ХХ ғасырдың басында өзі аттас қалада құрылған. «Роазон Парк» атты стадионда доп тебеді. Биыл біздің «Астананың» Еуропа лигасы D тобындағы қарсыласы. Жай ғана қарсыласы емес, D тобының серкесі де осы команда сияқты.


«Ешкімге соқтықпай жай жатқан» клубтың тарихынан азды-кем сыр шертейік. 117 жылдық тарихындағы ауыз толтырып айтатын жетістігі – 1965, 1971 жылдары Франция кубогын ұтқаны. 1956, 1983 жылдары екінші дивизион жеңімпазы атанған. Қалған бірді-екілі турнирлердің финалисі. Бірақ бұл мәліметтер «Ренді» әлсіз дегендік емес. Қайта, әлемдегі 5 үздік чемпионаттың бірі – Францияның  бірінші лигасының бел ортасында жүретін ұжым, аталмыш чемпионаттағы тұрақты клубтардың бірі саналады. Кезінде Франция ұлттық құрамасының ойыншылары Вильтор, Гиварш, Гюркюфф, Микаэль Сильвестрлер осында доп тепкен. Сонымен қатар, әлемнің біраз белді ойыншылары да «Роазон Парктың» шаңын шығарғаны рас. Өз тарихында отыздан астам бапкерге сенім артқан «Реннің» қазіргі жаттықтырушысы Сабри Лямуши. Сәкең 46 жаста. Бұған дейін Піл сүйегі жағалауы елі құрамасын да баптаған маман. Футболшы болып жүргенде ұлттық құрамаға да тартылды. 1998 жылы Франция жерінде өткен әлем чемпионатында кеңейтілген тізімге кірген ол, соңында құрамаға ілінбей қалған еді.

Енді клубтың қазіргі жай-күйіне тоқтала кетсек.  Бірінші лиганың 6 турынан кейін, команда 14-орында тұр. Кеше ПСЖ-ны қабылдап, 1:3 есебімен жол берді. Енді ПСЖ-ның аты ПСЖ. Маусым енді басталғаннан да болуы ғажап емес, «Реннің» соңғы он ойынына қарасақ, ала-құла өткен матчтарды көреміз. Төрт жеңіс, екі ойында тең түскен және 4 матчта жеңілген. Ал Еуропа лигасының D тобындағы алғашқы кездесуінде чехиялық «Яблонецті» әупірімдеп жүріп жеңіп, жеке-дара көш бастады. 91-минутта Бен Арфа пенальтиден гол соқпаса, толптағы жағдай басқаша болар ма еді, кім білсін...

Команда құрамын қақпашылардан бастайық. Томас Коубек – 26 жасар Чехия ұлттық құрамасының кипері саналады. Абдуллайе Диалло – Сенегал құрамасы және Эдионас Геримантас - литвалық  қақпашы.

Қорғаушылар.  Максим Берно, Жерзино Ньямси, Жереми Гелен, Дэмьен да Сильва, Мауасса Фэту сынды франциялық ойыншылармен қатар Африка елдерінің легионерлері Рами Бенсебаини, Мехди Зеффан, Эдсон Мешер, Хамари Траоре сияқты өз құрамаларының да белді ойыншылары бар.

Жартылай қорғаушылар. Яко Йоханссон – швециялық,  Бенжамин Буриго, Янн Гбоо, Рафик Гитан, Джеймс Леа Силики, Андре Бенжамин, Баал Людовик, Хатем Бен Арфа, Гренье Клемент, Данзе Ромен, Дель Кастильо Ромен, Поха Денис Виль және Юну Адриен – жергілікті ойыншылар.

Шабуылшылар. Алғы шепте атой салатындардың ішіндегі ең үздігі - Сенегал құрамасының шабуылшысы Исмаила Сарр. «Торинодан» ауысып келген Ньянг М’Байе өзін әлі көрсете қойған жоқ. Джорджино Руттер де өз сәтін күтіп сарғайып жүр. Тағы бір шабуылшы Сибачо Теосоннан қауіптенуге болады. Ауық-ауық гол соғатын ол команданың джокері іспеттес, әрі дубльді көп жасайды, бақсақ. Шабуыл шебіне алжирлік Хатем Бен Арфа да көмектесіп отырады. Клементтен де көз жазбау керек.

Міне, біз зерттеген «Реніңіз» осы. «Астанамен» деңгейлес деуге әбден болады. Алайда, олар Қазақстанға үш ұпай алу үшін келетіні анық. Себебі, олар қазір бірінші орында. Көштің тізгінін ешкімге бермеуге тырысады. Қалай болғанда да осы ойынның нәтижесі топтағы жағдайды анықтап беретін сияқты.  

Дайындаған Мадияр Арстанбаев


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру