Футбол 17 Қыркүйек, 2018 (0) (260)

Даңқты «Динамоның» деңгейі қандай?

20 қыркүйек күні киевтің «Динамосы» өз алаңында «Астананы» қабылдайды. Чехияның «Яблонеці» мен франциялық «Ренн» -барлығы төрт клуб квартет құрап, Еуропа лигасының К тобында күш сынасады. Осы орайда ALAMAN спорт сайты бұдан былай аталмыш командалар туралы шолу жасамақ.

Сонымен, атақ-даңқы бір басына жететін «Динамоның» қазіргі деңгейі қандай күйде? Бір кездері футболды ғылымға айналдырған Лобановскидің заманындағы «Динамоны» қазір көре аламыз ба? Сұраққа шамамыз келгенше жауап іздеп көрелік.

Украина премьер-лигасының  8 тур қорытындысы бойынша, турнир кестесінде киевтіктер «Шахтер» мен «Александрияны» алға жіберіп, үшінші орынға жайғасқан. Бір ойын кем өткізген «Динамо» 7 ойында алты рет гол соғып, өз қақпасына 4 доп жіберген. Назарий Русин – екі голдың авторы.

Қақпашылар. Негізгі қақпашысы – 30 жастағы Денис Бойко. Ол Украина құрамасы сапына да шақырту алып жүр. Соңғы өткізген ойыны УПЛ аясында «Зарямен» болған матчта өз қақпасына бір гол жіберіп, бес соққыны қайтарды. Қалған киперлердің барлығы Украина азаматтары- Володимир Маханьков, Георгий Бущан, Артур Рудько.

Қорғаушылар. Никита Бурда, Виталий Миколенко, Николай Морозюк, Артем Шабанов – бәрі Украина құрама командасында төбе көрсетіп жүрген футболшылар. Виталий Миколенко U19 жастар командасына шақырылып жүр. Ал ең үзік қорғаушы, сөзсіз – Йосип Пиварич. Оны биылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері деп танимыз. Аса көзге түспесе де, арагідік ойнағаны бар. «Динамодағы» белді сол жақ қорғаушы. Венгриялық Томаш Кадар мен Польша аяқдопшысы Томаш Кендзера қорғанысқа жауап беріп жүрген жігіттер екені рас. Тағы бір ерекше назар аударуға тұрарлық ойыншы - бразилиялық «Коринтианстан» ауысып келген Феррейра Перейра. Жасы жиырма бесте. Тамыздың 25-нде «Черноморецке» қарсы тоқсан минут ойнады. «Карпаты» клубымен болған ойында екінші рет алаңға шықты. Сірә, Перейра әлі бейімделіп жүрген болса керек.

Жартылай қорғаушылар. Евгений Смирный, Гиоргий Цитаишвили, Ахмед Алибеков, Виталий Буяльский, Денис Гармаш, Владислав Калитвинцев, Александр Андриевский, Сергей Сидорчук, Виктор Цыганков, Николай Шапаренко, Владимир Шепелев – Украинаның әртүрлі құрамасында ойнап жүрген футболшылар. Сонымен қатар, Дания  жастар құрамасының жартылай қорғаушысы – Миккел Дуелунд, бразилиялық Че Че мен бұрынғы «Сантос» сапынан ауысып келген Витор, Словения құрамасының ойыншысы Беньямин Вербич жартылай қорғаныста жарытып ойнап жүр.

Шабуылшылар. Бұл шепте үш ойыншы бар. Олар Украина жастар құрамасында доп теуіп жүрген Назарий Русин, Украина U19 құрамасының шабуылшысы Владислав Супряга және ұлттық құрамада ысылып жүрген Артем Беседин. Тағы бір тоқтала кететін жайт - Владислав Супряганың өте дарынды екенін украиналықтар жарыса айтуы. «Алтын талант» деп те атайтындар жетерлік. Небәрі он сегіздегі балаң жігіттің техникасы әжептәуір. «Жылдамдығы – оның ең басты қаруы» дейді мамандар. Бойы – 182 см, салмағы – 75 кг. Супряганы неге ерекше атап отырмыз? Себебі, оның аяқ астынан шешім шығаратын қасиеті бар, өзі Криштиану Роналдуды үлгі тұтады. Украиналықтар оны «екінші» Андрей Шевченко дейтіні тағы бар. Бұл туралы талай жергілікті басылымдар жазған да болатын.

Міне, бір қарағанда жас команда сияқты болып көрінгенімен, киевтік клубтың қандай «сый» дайындап отырғаны белгісіз. Әрине, олардың жеңіске ұмтылатыны анық. Бас бапкері туралы да көп нәрсе айта беруге болады. Валерий Лобановскиден тәлім алған белоруссиялық Александр Хацкевич - Андрей Шевченкомен тізе қосып, «Динамоны» ұшпаққа шығарған ойыншылардың бірі. Командаға өткен жылы ғана келсе де, биыл Украина суперкубогына қол жеткізді. Одан бұрын өз елінің ұлттық құрамасын жаттықтырған.

UEFA Ұлттар лигасы К тобының негізгі фавориті біздіңше, осы «Динамо» болмақ.

Мадияр Арстанбаев



Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру