Сұхбат 13 Қыркүйек, 2018 (0) (160)

Айдын Тоқбаев: «Мемлекет балалар мен жасөспірімдер мектептерін барынша қолдап отыр»

Елбасының «Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылғы тұжырымдамасы» бағдарламасында балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері мен олимпиада резервтеріне ыждаһаттылықпен көңіл бөлінген. «Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері мен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектептерінің жұмысына қойылатын талаптардың айқын жүйесін қалыптастыру да қажет, мұның негізіне, дене күшінің және техникалық даярлықтың, дене дамуы мен денсаулық жағдайын бағалаудың үлгілік сипаттамаларын есепке ала отырып, дарынды жас спортшыларды ұзақ жылғы спорттық іріктеу қағидаттары салынатын болады» делінген аталмыш құжатта. Осыған орай, Астана қаласы әкімдігі Мәдениет және спорт басқармасы №9 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Айдын Тоқбаевпен әңгімелесіп қайтқан едік.

-          Айдын Қайроллаұлы, өзіңіз басқарып отырған мектептің тыныс-тіршілігімен қысқаша таныстыра кетсеңіз...

-          Біздің мектепте 561 оқушы бар. Олар спорттың сегіз түрі бойынша жаттығу жасап, дайындалады. Оның бәрі олимпиадалық спорт түрлері. Атап айтар болсақ, семсерлесу, үстел теннисі, қазіргі бессайыс, стенд ату, нысана көздеу, жеңіл атлетика, садақ ату және триатлон. Мектепте 30 бапкер еңбек етеді. Оқу орнының негізгі мақсаты мен міндеті олимпиадалық ойындарға резерв дайындау, балалар мен жасөспірімдерді салауатты өмір салтына баулу.  Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  елімізде спортпен шұғылданатындардың санын 30%-ға жеткізуді тапсырғанын білесіздер. Сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз.

-          Мемлекет тарапынан қолдау жағы қалай?

-          Елбасының спортқа деген оң көзқарасының арқасында елімізде спортқа жіті көңіл бөлініп отыр. Оның ішінде бізге де. Мемлекеттің спортты дамытудағы рөлін ерекше атар едім. Ешнәрсе назардан тыс қалмайды. Балалар мен жасөспірімдерді спорттық жарыстарға апару, оларды тамақтандыру, спорттық киімдер мен құралдарды дер кезінде сатып алу жағы дұрыс жолға қойылған. Әр жарысқа апару үшін  қаржы уақытында бөлінеді. Жұмсалған қаржы өзін ақтап та жатыр. Барған жерден жүлдемен оралып келетін өрендеріміз жауапкершілікті жақсы сезінеді.

-          Жаттығу алаңдары мен залдар жағы қандай деңгейде?

-          Бәрі бірдей керемет бола бермейді, әрине. Кейбір спорт түрлерінен жаттығу алаңдарының жетіспеушілігі де бар. Мәселен, садақ атуға арналған алаңды жалға аламыз. Болашақта салынады деп үміттенеміз. Барды да бар деу керек. Әлемдік стандартқа сай салынған оқ ату тирі бар.  Оқушыларымыз сол жерде де жаттығады.  Сол сияқты жеңіл атлетика манежі құрылысы басталды. Оны да алдағы уақытта пайдаланамыз деп ойлаймын.

-          Мектеп шәкірттерінің жетістіктері қандай?

-          Спорт болған соң, жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Соған қарамастан елеулі жетістіктеріміз баршылық. Атап айтар болсақ, Кирил Герасименко деген оқушымыз үстел теннисінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Өткен жылы ересектер арасында Қазақстан чемпионы. Рио олимпиадасына қатысқан. Дәл осы үстел теннисінен Анастасия Лаврова деген қызымыз бар. Ол - Қазақстан Республикасының спорт шебері. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Республикалық спартакиадасының жеңімпазы.

Семсерлесу спортынан Әлия Мұқатова – Қазақстанның спорт шебері, ел чемпионы. 2013 жылы Бангкокте өткен Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Нұрсая Шардарова – 2014 жылы жастар арасында Иорданияда өткен  Азия чемпионатында екінші орын иеленді. Назарбай Саттархан  мен Сұлтан Рахмонов – Қазақстан чемпиондары, спорт шеберлері, екеуі Тайландта өткен Азия чемпионатында командалық 2-орынға ие болды. Саттархан биыл Францияда жастар арасындағы әлем чемпионатында 8-орынға тұрақтады. Бұл да болса мектебіміз үшін жетістік болып саналады. БАӘ астанасы Дубайда жалауы желбіреген жастар арасындағы турнирде жекелей және командалық 3-орынды олжалады.  Қазіргі бессайыста да жетістіктер баршылық. Анастасия Пятунина – спорт шеберлігіне кандидат. Биыл Испанияда жастар арасында әлем чемпионаты өткен болатын. Қола жүлдені қанжығалап келді. Білген адамға бұл өте тамаш нәтиже саналады.

-          Стенд ату, нысана көздеу мен жеңіл атлетиканың жай-күйін айта өтсеңіз?

-          Андрей Могилевский - 2014 жылы Инчхондағы Азия ойындарының қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Рио олимпиадасына да лицензия алды 2016 жылы. Нысана көздеуден Юлия Камендраны ерекше атай кеткім келеді. Тапанша атудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақстанның абсолютті чемпионы. Өзін жақсы қырынан көрсетіп жүрген жас өрен. Өткен жылы Біріккен Араб әмірлігінде өткен халықаралық жарыста 5-орын алды. Ганновердегі халықаралық жарыста 8-орынға табан тіреді. Бұдан бір жыл бұрын Шымкентте ұйымдастырылған В. Почивалов атындағы халықаралық сайыста топ жарды. Бірнеше дүркін ел чемпионы. Юлияның болашағынан зор үміт күтіп жүрміз. Жеңіл атлетикаға тоқтала кетсек, бірнеше жақсы спортшыларымыз бар. Әрқайсысы өз жастары бойынша ел құрамаларына ілініп жүр. Соның бірі – Александр Каспер. Биыл Азия ойындарына қатысты. Спорт шебері деген атағы бар. Әлі талай топ жаратынына сенімім зор. Сондай-ақ, садақ атудан Омар Бақбергенді айта кетуге болады. Ол жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы. Спорт шеберлігіне үміткер. Алдияр Сағындықов бар. Ол да жасөспірімдер арасындағы ел чемпионы, спорт шеберлігіне үміткер. Жастар арасында да топ жарып жүр. Елена Ноженко, Сергей Денгис – биыл Батумиде өткен Аджария кубогы турнирінде қола медаль жеңіп алды. Басқа да спортшыларымыз жетерлік.

-          Тамаша!  Мұндай нәтижелерге жету үшін қажырлылық, төзім керек қой?!

-          Оныңыз рас. Жаттықтырушылардан бастап медицина қызметкерлері білікті болу керек. Біздің мамандарға көңілім толады. Бапкерлер де осал емес. Галина Корчма - нысана көздеуден ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушысы. Светлана Ли – садақ атудан ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушысы. С.Качанов, И. Ли, А. Чурбаков, Д. Дудченко және В. Базаровтарды да білікті бапкерлер қатарына жатқызамыз. Айта берсек, бәрі үздік деуге лайықты. Мамандарымызда жауапкершілікті сезіну бар. Мақсат қойып оны орындау да өз деңгейінде жүзеге асып жатыр.

-          Алдағы мақсаттарыңызбен бөліссеңіз...

-          Мақсат көп. Арманымыз да көп. Олардың орындалуы жолында талмай еңбек ету керек. Олимпиада, Азиада ойындарына шәкірттерімізді көптеп шығаруымыз керек. Шығарып қана қоймай, олардың көк байрағымызды желбіретуіне бар жағдайды жасасақ дейміз. Оған елімізде барлық жағдай жасалған деуге болады. Мемлекет басшысының спортқа деген көзқарасы әлі талай жетістіктердің жалғасы болары анық.

-          Айдын Қайроллаұлы, әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан Мадияр Арстанбаев


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру