Сараптама 13 Қыркүйек, 2018 (0) (61)

Бұқаралық спорт – басты назарда

Алматының спорттық қала екені даусыз. Жыл басынан бері 250 мың адам қатысқан 2500-ден астам спорттық-бұқаралық сипаттағы шаралар өтті. Әлі өтетіні қаншама. Енді соларды жіліктеп, жік-жікке бөліп жеткізсек.


Жаңа жыл басталысымен Алматы қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы шаруасының бастан асатыны жасырын емес. «Алматы қаласын 2020 жылға дейін дамыту бағдарламасына сәйкес» спорт саласындағы қойылған мақсаттарға жету мақсатында көптеген тапсырмалар берілді. Дене шынықтырумен тұрақты түрде айналысатын қала тұрғындарының 28,5%-ын немесе 500 мың адамды, 7 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді тарту 2017 жылы орындалды. Сондықтан Елбасының бұқаралық спортты дамыту бағдарламасы өткен жылы орындалды деуге толық негіз бар.

Жоғарыда айтқанымыздай, қалада 2500-ден астам спорттық шаралар өтті. Соның ішінде ең ірілерін атап өтсек. Биылғы жылы футболдан Ресейде өткен әлем чемпионаты кубогының әлемдік турнесі, «Алматы марафонына» қысқы және көктемгі дайындық, бильярд спортынан әлем чемпионаты, дзюдодан Азия кубогы, «Алматы Барысы» турнирі, «Ұлы дала ойындары», «Халық» барысы» сынды ұлттық спорт түрлері фестивалдері қала тұрғындары мен қонақтарының үлкен қызығушылығын тудырды. Нағыз бұқаралық сипатқа ие болған «Алматы марафоны» туралы сөз бөлек. Аталмыш шара әлемдегі қайырымдылық марафондарының үздік «бестігіне» кіреді. Тағы бір айта кетерлігі «Алматы марафонына» биыл 38 елден 30 мың адам қатысты. Бұл, әрине, үлкен жетістік екені даусыз. Футзалдан студенттер арасындағы әлем чемпионаты ерекше қарқынмен өтті. Оны да айтпай кетуге болмас.

Қалада мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен айналысуына жағдай жасалып отыр. Деректерге сүйенсек, 2500 адам алаңсыз спортпен шұғылданады. Өткен жылмен салыстырсақ, осы бағытқа құйылған қаржы 18%-ға артқан

 2016 жылдан бері бұқаралық спортты дамытуда аса маңызды рөл атқарып келген «Спорттық Алматы» бағдарламасы туралы да айтпай кетуге болмас. Жыл басынан бері 90 мың адам ат салысып қатысқан 750 іс-шараны өткізуге мұрындық болған жоба халықтың дене шынықтырумен айналысуына жағдай тудырып отыр. Соның ішінде коньки, тау шаңғысы мен суға жүзуге үйрету арқылы халықтың денсаулығын арттыруға септігін тигізері сөзсіз. 

«Менің ауламдағы спорт» жобасы 2017 жылдың ақпан айынан бастау алғаны белгілі. Осы уақытқа дейін аула спорт алаңдары 75-тен 150-ге дейін артты. 18 мың бала осы алаңдарда жаттығады. 2020 жылға дейін спорт алаңдарын 600-ге дейін көбейту жоспарда бар.

     Алматылық спортшылар ұлттық құрама командалардың 30%-н құрайды. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептеріндегі спортшылар 2015 жылы 12,5 мың болса, қазіргі кезде 14,8 мың адамға өскен.

     Спортпен шұғылдану үшін жағдай керек. Қаладағы спорт ғимараттары мен нысандарының жай-күйі қалай, олардың саны қанша, сапасы сын көтере ме? Енді осыған жауап іздеп көрелік.

Қалада жалпы саны спорттың 117 (38 – жаздық, 12 – қыстық, 67 – олимпиадалық спорт түріне жатпайтын) түрімен айналысуға болатын 1839 спорттық нысан бар.  Олардың барлығы дерлік уақытында күрделі жөндеуден өтіп тұрады. Сондай-ақ 500-ден астам аула спортына арналған алаңқайлар, 68 шақырымдық велодәліз бар, мұны 2020 жылға дейін 100 шақырымға жеткізу жоспарланған. Қалалықтар жиі пайдаланатын 200 автоматтандырылған «Almatybike» велосипедті жалға алу станциясында 1730 велосипед бар. Көптеген елдерде Олимпиадаға арналып салынған нысандар құрып бітуге айналғанда, Алматыдағы «Алматы Арена», «Халық Арена» және атлеттер қалашығы сынды бірегей нысандар спортшылар мен халық игілігі үшін тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Бұл да көреген саясаттың арқасында деуге әбден болады. Тіпті бұқаралық спортты дамыту үшін аталған ареналарда 15 спорт секциялары ашылған, мұнда мыңға жуық адам спортпен айналысады.

     Сөзімізді қорытындылай келе, Алматы шаһарының шын мәнінде спорттық қала екендігіне көз жеткізгендігімізді айтқымыз келеді. Осынша ауқымды істерді жүргізу оңай шаруа емес. Спорттық шаралар мұнымен бітпейді. Алда, яғни 23-24 қыркүйекте қала көшелерінде Красноярск-2019 жазғы Универсиада ойындары алау эстафетасы жүріп өтеді. Бұған  FISU өкілдері, Красноярск-2019 дирекциясы, спортшылар мен БАҚ өкілдері қатысады. 29-30 қыркүйекте «Алматы туры» халықаралық велосипедшілер бәйгесі өтеді. Екікүндік жарыс жолы 335,6 шақырымды құрайды. 1 желтоқсан күні қазақ күресінен «Әлем барысы» турнирі, 8-9 желтоқсан күндері  «Халық Аренада» шорт-тректен әлем кубогы кезеңі өтеді.


Дайындаған Мадияр Арстанбаев



Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру