Сұхбат 13 Қыркүйек, 2018 (0) (29)

Гүлжанат Жанатбек: "Қазақстанда спорттан кетсең де наныңды тауып жейсің, ал кениялықтар жүгірумен ғана күн көреді"

Кениялықтардың жүгіруде неліктен алдарына жан салмайтынын білесіз бе? Бұған қатысты Кенияның «Чемпиондар шаһары» Итен қаласында жаттығу жасап жүрген қазақстандық марафоншы гүлжанат жанатбектің өз пайымы бар. 

– Гүлжанат, нәзікжандылар арасында марафонда басты үмітіміз әзірге өзіңізсіз. Алайда Азия ойындары сіз үшін сәтті өткен жоқ. Джакартадағы аламан туралы ойыңызды қорытып өтсеңіз. Басты кемшілік қай жерден кетті?

– Азия ойындары дәл қазір кімнің дайындығы қай деңгейде екенін көрсетті. Тиісінше мықтылар жеңіске жетті. Өзім біраз үзілістен кейін жаттығуды жалғастырғаныма екі ай ғана болды. Нәтижемнің көңіл көншітпейтіні де сондықтан. Кәсіби спорттан кетемін деп шешіп едім, оған «Алтай атлетикс» клубының директоры Асқат Рашидұлы «қазақ қызының да марафонда жүгіре алатындығын дәлелдеуіміз керек, спортты тастама» деп жігерлендіріп, даярлықты жүйелеу үшін Кенияға аттануыма қолдау көрсетті. Африканың шығыс жағалауында орналасқан елдің Итен деп аталатын «Чемпиондар қаласында» тұрақтадым. Бұл шаһар өткен ғасырдың 60-жылдарынан бері әлемге талай рекорд сыйлаған желаяқтарды дүниеге әкелген. Олардың арасында марафоншылар да көп. «Ұшатын адамдардың» мекенінде екі айдай жаттығу жасап, Азия ойындарына жол тарттым. Ауа райы ылғалды әрі тым ыстық, ұзақ қашықтыққа қолайсыз. Таңғы алтыда жүгіру жолағына шықтық. Бастапқы бір сағатта жылдамдықты жоғалтпай, қалыпта ұстауға тырыстық. Сөйте тұра арада бір сағат өткенде әліміз кетіп, жол бойы үстімізге су құйып қана жүгірдік. Былайша айтқанда, марафонда рекордтар жаңартылатын қала емес екен. Өзім 2 сағат 35 не 40 минут деп жоспарласам, жеңіске жеткен кениялықтың өзі осы уақытта мәре сызығын кесті. Рейтингтегі көшбасшылардың барлығы әдеттегі көрсеткіштерінен 10 минутқа кешігіп келді. Бұйыртса, бапкерім нәтиженің жақсаруына көмектесетінін айтып отыр.

– Неліктен Кенияға барғаныңыз түсінікті. Ал бапкерді қалай таңдадыңыз?

– Бапкерім – жас жігіт. Жүгіруде жылдамдығы қайран қалдырады. Тәжірибелі мамандар көп. Сөйте тұра сол кісінің әдістемесі қатты ұнады. «Гауһар лигада» үздіктер қатарынан көрініп жүр. Өзі дайындаған жүйе бойынша жұмыс істейді екен. Итенге ең алғаш келгенімде командасына қоспас бұрын менің төзімділігімді байқап көретіндігін айтты. «Егер сынақ мерзімінде әлеуетіңді көрсете алсаң, әрі қарай жаттығуды жалғастырасың» деді. Бұл сөздер менің намысымды қайрай түсті. Оның үстіне халқының саны 40 мыңнан сәл ғана асатын шаһар құдды спортшылардан құралғандай көрінді. Аурасы, ауасы да бөлек. Бірден ұнады. Теңіз деңгейінен 2400 метр жерде орналасқандықтан, биіктіктің де алыс қашықтыққа жүгіруде пайдасы орасан екендігіне көз жеткіздім. Спорттан кету туралы ойдан да біржола бас тартып, құлшынысым артты. Сәтін салса, ертең, 7 қыркүйек күні Кенияға ұшып кетемін. Енді даярлыққа толықтай кірісеміз.

– Түсінуімше, бапкеріңіз келісімін бермес бұрын кәдімгідей талап қойған. Мұндайда ақысын төлесе болды емес пе деген ой келеді екен...

– Бөлек ел тұрмақ, бөлек құрлықтарды мекендейміз. Оларда салтдәстүр, өмірге, әсіресе спортқа деген көзқарас басқаша. Біздің елде спорттан кетсең де өмір бар, әйтеуір әрекет етсең нанға ақша таба аласың. Ал олар жүгірумен ғана күн көреді. Бірінен бірі озатын спортшыларды даярлап немесе өздері сол деңгейге жетіп Еуропа, АҚШ-тан келетін менеджерлердің көзіне түсуге тырысады. Әрбір мүмкіндік олар үшін құнды. Ал бізде марафон соңғы жылдары ғана қолға алына бастады. Оның өзінде негізінен қайырымдылық марафондар. Ал мен онымен шектеліп қалғым келмейтінін түсіндім. Кәсіби деңгейде нағыз мықтылармен тайталасқым келеді.

– Бөтен елде танымайтындардың арасына топ ете түстіңіз. Олар сізді қалай қабылдады?

– Бапкерім топпен, жекелей жаттықтырады. Жаңадан келген соң мені жаттығу жасап жүрген топтың қатарына қосты. Олардың өзі кілең «сен тұр, мен жүгірейін» дейтіндерден. Қазақтың қызы болғандықтан, алдымен намысқа тырыстым. Өзгенің алдында ұятқа қалмас үшін аянып қалмадым. Қанымызда бар қарапайымдылық жаңа тобымдағылармен жақынырақ танысып, достасып кетуге әсер етті. Азиада кезінде де қолдау көрсетіп, «Гауһар лига» кезеңдерінде топ жарып жүргендері де «төмен нәтижеге ұнжырғаңды түсірме, қолыңнан келеді» деп хат жазып жатты.

– Кения – экономикасы кейін қалған, кедей мемлекеттердің бірі. Халқының жағдайы нашар. Медальдің екінші жағын көргенде, қандай әсерде болдыңыз?

– Біздің мемлекет Еуразияның қақ жүрегінде, Ресей мен Қытай секілді алып мемлекеттермен шекараласып жатыр. Заман ағымына сай өмір сүріп жатырмыз. Тазалыққа, санитарияға көңіл бөлінеді. Бір рет қана қолданысқа жарайтын целлофан қалташаларын өте көп қолданамыз. Ал ол жақта бәрі табиғи өнімдер. Керегін қолына ұстай салады немесе матадан жасалған қалталарына салады. Пластик, целлофан, синтетика дегенді аз пайдаланады. 

– Мұндайда вирустың тез таралуы заңды. Тамақ дайындау жағынан қиындық тумай ма?

– Кенияға баратынымды естігенде өзімнен бұрын анам қатты уайымдады. Үйде екі ұл, бір қызбыз. Қазақ қыз баланың тәрбиесіне бөлек қарайды емес пе. Анам «құрлық асып барасың, бұл қалай болар екен» деп қобалжығанымен, дұғасын тілеп, үлкен кісілер бата беріп шығарып салды. Ал тамақты өзім пісіремін. Елде жейтін тағамдар. Негізінен сорпа, ет, палау. Тек қазы жоқ. Тазалыққа көбірек мән беруге тура келеді. Сырт жақтан келген соң үнемі қолыңды, денеңді дезинфекция жасайсың. Бірақ оған да үйреніп қалады екенсің.

– Арнайы пәтер жалдап тұрасыз ба?

– Мэри Кейтани деген кениялық марафоншыны естіген шығарсыздар. Былтырғы Лондон марафонында әлемдік рекордты жаңартқан. Кейтанидің спортшыларға арнап салған кампустары бар. Соның бірінде тұрамын. Мэридің елінің абыройын асқақтатып қана қоймай, туған жерінің дамуына қосып жатқан үлесіне ризамын. Балалар білім алсын деп мектептер, ауруханалар, спорттық нысандар салып жатыр. Тапқан табысын игі істерге жұмсайды. Үлгі аларлық тұлға.

– Кениялықтардың жүгіруде орнатқан рекордтарын тізіп шығу қиын. Олардың сырын ашуға талай маман мен ғалымдар да ұмтылып келеді. Сіздің ойыңызша, алдарына жан салмайтын кениялықтардың басты сыры неде?

– Олардың тұла бойы, бітімболмысы жүгіруге арналған сияқты. Ол бәрінен бұрын гендік ерекшелік шығар. Біздің халық талай даңқты балуандар мен боксшыларды тәрбиелеген. Қос спортты жанымызға жақын деп айтып жүреміз. Кенияда да солай болса керек. Тағы бір көзім жеткен жайт, олар Жаратушыға жалбарыну арқылы жүгіреді. Құдайға құлшылық ету мен жүгіру – олардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігі. Бапкерім жексенбі күні жаттығу жасатпай, балаларын ертіп шіркеуге барады. Түскі ас кезінде Аллаға алғыстарын айтып, алдағы аптаның ойдағыдай өтуін тілейді екен. Мұның өзі адамды ойландырмай қоймайды.

– Африканың бұл елінде спорт саласында заманауи технологиялар қаншалықты жиі қолданылады?

– Танымал спортшылар заманға сай құрал-жабдықтармен жаттығу жасап, үнемі медициналық тексерістерден өтіп тұрады. Бірақ Еуропа, Азиядағыдай емес, кениялықтар табиғаттың аясында, тауда жүгіргенді құп көреді.

– Алатаудың бөктерінде өскен сіз үшін Кенияның табиғаты ұнады ма?

– Ауасы біздің елдің ауасына жетпейді. Табиғаты әдемі. Тек биікте орналасқан мемлекет болған соң бастапқыда басымыз жиі ауыратын. Бірнеше апта бойы бейімделуге уақыт берді. Кейіннен жоғары қысымға да бойың үйреніп кетеді.

– Бірақ Кенияға аттанбас бұрын сіз ресейлік маман Лилия Шобухованың қарамағында жаттығу жасадыңыз. Ол кісіден не үйрендіңіз? 

– Алматы облысындағы жеке бапкерімнен кеткен соң Лилия Булатқызының шәкірті атандым. Ресейдің танымал марафоншыларының бірі. Білетіні, үйрететіні көп. Ол кісіден спорттағы нәтижелермен қатар фармакология жағынан да біраз ақпарат алдым. Зиянды дәрі-дәрмектерсіз, яғни дәрумендердің ғана көмегімен жүректің, ағзаның жұмысын қалай қалыпта ұстауға болатынын түсіндірді. Жүгіру әдістемесі де жаман емес. Біраз тәжірибе алдым. Тек ол кісінің жанында өзімді жайлы сезіне алмадым. Ұзақ тұрақтамауымның себебі де сол.

– Сол кісінің қарамағында сіздің нәтижелеріңіз елде жүргендегіден де төмендеп кетті. Оған не әсер етті?

– Бапкерім марафонға 20 жасымнан дайындай бастады. Марафон үшін бұл ертелеу. Шобуховаға барғанда да, бәлкім, бұл спортқа толық дайын болмаған шығармын. Үйдегі, жеке өмірімдегі жайттар да әсер еткен болар. Спортта жақсы нәтижеге сынақтар, қиындықтар мен бұралаң жолдардан өту арқылы жетесің. Маған да сол сәтсіздіктер сабақ болды. Алла жазса, бәрі алда. Себебі, марафонға арналған жасқа енді толдым.

– Сонда марафонды неше жастан бастаған жөн?

– Қазір жасым 27-де. Ең қолайлы жас. КСРО кезінде әйелдер марафондағы үздік көрсеткіштеріне 30-дан асқан соң қол жеткізген екен. Қажетті нәтижеге қазір де қол жеткізе алуым мүмкін. Бірақ ол бір реттік болғанын қаламаймын. Сондықтан қарқынды біртін-біртін үдетіп, денсаулыққа да күтім жасау керек.

– Өзіңіз айтпақшы, елімізде де соңғы жылдары марафонға көңіл бөлініп жүр. Мұндай марафондар кәсіби спортшылар деңгейінің өсуіне қаншалықты әсер етеді? Әлде олар тек бұқаралық сипатқа ие ме?

– Халықаралық жарыстарға қатысу үшін мұндай марафондар керек. Бастапқы кезең ғой. Оның үстіне 42 шақырымды жүгіріп өту үшін денсаулығың жақсы болуы қажет.

– Спортта басты бәсекелесіміз көрші Өзбекстанның өзінен марафондағы нәтижелеріміз төмен екен. Оған не себеп деп ойлайсыз?

 – Ең алдымен білікті бапкерлердің жоқтығы. Кеңес заманында жаттықтырған мамандардың барлығы дерлік Германияға, Ресейге кетіп қалды. Олардың орнын басатын ешкім болмай, көп уақыт жоғалтып алдық. Қызығушылық жоқ еді. Егер кәсіби түрде ден қоймасам, бәлкім, қыздар арасында бұл спортпен әлі де ешкім шұғылданбас па еді...

– Ал марафонға қатыссам дейтіндерге қандай кеңес берер едіңіз? 

– Күнделікті жұмысқа барып-келіп жүргендер үшін бірден көп физикалық салмақ түсіру қауіпті. Сондықтан мұндай кісілерге таңертең ертерек тұрып жүруден бастаңыз дегім келеді. Ұзақ қашықтықты жеке дайындықпен бағындыру қиын. Физикалық қана емес, психологиялық тұрғыдан да. Себебі бірнеше сағат бойы дамылсыз жүгіре беру оңай емес, адамды жалықтырады. Сол үшін фитнес залдарға барып мамандардан кеңес алыңыз, жаттығуды тоқтатпас үшін қасыңызға серік табыңыз. Бір-біріңізді жігерлендіріп, дайындығыңыз көңілдірек өтеді.

– Сіз өзіңіз жалықпас үшін не істейсіз?

– Жарыс кезінде ойға салынатын уақыт болмайды. Әр шақырымды есептеп, күшіңді дұрыс жұмсауға ұмтыласың. Жаттығуда да солай. Көңілім бөліне бастаса, алдағы мақсат, жоспарларымды еске түсіремін.

 – Марафондағы мақсатыңыз қандай?

– Олимпиадада жүлдеге іліксем деп армандаймын. Одан бөлек марафонға қызығушылар санының артып, олардың кәсіби спортта жоғары жетістіктерге жетуіне көмектескім келеді.

– Біздің елде марафонды қолдау жағы қалай?

– «Алтай атлетикс» барлық жағдайды жасап жатыр. Ал өзгелер аса көңіл бөле бермейді. Марафоншыларға қолдау артса екен деймін. Сонда бәсеке де көбейеді. – Жақында кениялық бір марафоншының АҚШ-та екі аюдан қашып құтылғанын оқып едім. Жүгірудің спорттан бөлек өмірде де пайдасы тиген кездері бар шығар? – Таулы жақта артымыздан ит қуып, сонда балалардың бәрі бір жаққа қашты да, мен тауға қарай жүгіргенмін. Қорыққаным соншалық, тауға қалай шығып кеткенімді білмей қалғанмын.

– Қызықты әңгімеңізге рақмет! Ақ жол!

Мәдина АСЫЛБЕК, «Қазақ спорты»

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру