Сұхбат 11 Қыркүйек, 2018 (0) (416)

Мақсатым – қоңыр белбеу иегері атану

Джакарта (Индонезия) қаласында өткен 18-ші Азия ойындары аяқталды. Қазақстан ұлттық құрамасы 76 жүлде алып, жалпы командалық есепте 9-орынға жайғасты.

Қазақстандық спортшылар ұзын-саны 76 медаль жеңіп алды  (15 – алтын, 17 – күміс, 44 – қола). Осы жүлделер арасында 2 алтын, 3 қола джиу-джитсу спортшыларына тиесілі.

Джиу-джитсудан Азия ойындарына 15 спортшы қатысты (12 ер, 3 әйел).

Ерлер арасында: Нұржан Сейдуали, Қуаныш Қосынов (56 келі), Дархан Нортаев, Жәнібек Әбу-Бәкір (62), Нартай Кажеков, Мансұр Хабибулла (69), Руслан Исраилов, Олжас Нұртақанов (77), Андрей Гаврилюк, Усман Цуцоев (85), Ризат Макашев, Рамазан Құсайыновтар (94) чемпиондық атаққа таласты.

Әйелдер құрамасы Мөлдір Мекенбаева (48 келі), Галина Дуванова, Айдям Құрбановалардан (62) тұрды.

Ерлер арасындағы белдесулер 24-26 тамыз күндері өтті. Алғашқы жарыс күнінде алтынға таласқан Нұржан Сейдуали мен Нартай Кажеков жартылай финалда сүрініп, қола үшін болған кездесуде қарсыластарынан басым түсті. Араға бір күн салып 62 келі салмақта бақ сынаған Дархан Нортаев – Азия ойындарының жеңімпазы атанды. Осылайша, Қазақстан тарихындағы джиу-джитсудан тұңғыш Азиада чемпион болып тіркелді. Дәл осы күні құрама қоржыны екінші алтынмен толықты. 77 келідегі Руслан Исраилов та қарсылас шақ келтірмей, үздік атанды. Медалдар тізімін Ризат Макашев түйіндеді. Ол 94 келіде үздік үштіктен көрінді.

Азия ойындарына келген 3 бұрымдымыз да жүлдегерлер қатарынан көрінбеді.

Азия ойындарын  аяқтаған спортшылар елге оралуда. Осы ретте, «Ұлан» газетінің тілшісі Азия ойындарының қола жүлдегері Нартай Кажековтен сұхбат алған болатын:

Ұлан: Азия ойындарында джиу-джитсудан қола жүлдегер атандыңыз. Жалпы, біріншіліктегі қарсыластарыңыз, белдесулеріңіз жайлы айтып өтсеңіз.

Нартай Кажеков: Алғашқы айналымда моңғолиялық спортшымен кездесдім. Өте мығым әрі техникалық тұрғыда мықты спортшыны ауырту әдісімен жеңдім. Екінші қарсыласым өзбек джитсері болды. Белдесу тең дәрежеде өтіп жатқан. Соңғы минуттарда маған қарсы әдіс жасамақ болды. Осы сәтте өз айласын өзіне қолданып, жеңіске жеттім. Үшінші кезеңдегі иорданиялық өте жоғары деңгейде болды. Маған дейінгі белдесулерін оңай жеңді. Бағым мен бабым қатар шауып, осы спортшыдан да басым болдым. Жартылай финалда БАӘ өкілімен тартысты жекпе-жек болды. Тең дәрежеде өткен кездесуде 1:2 есебімен жеңіліс таптым. Қола үшін болған айқаста Түркіменстан спортшысына үшбұрыш әдісін жасағым келген, алайда, ол ойым жүзеге аспады. Есесіне, төрешілер ұпай беріп – үшінші орынды жеңіп алдым.

Ұлан: Джиу-джитсу Азия ойындарына алғаш рет енгізіліп отыр. Ұйымдастырылу деңгейі қаншалықты жоғары болды?

Нартай Кажеков: Ойындарды қабылдау, спортшыларға жағдай жасау жағы өте жоғары деңгейде болды. Барлық мәселер қарастырылған. Жалпы, менің көңілім толды.

Ұлан: Джакартаға аттанбас бұрын  «Kazakhstan Top Team» залында оқу-жаттығу жиынынан өттіңіз. Ақтөбедегі «ORDA» клубынан нендей артықшылықтары бар екен?

Нартай Кажеков: Азиадаға бір ай қалғанда Алматыға барып «Kazakhstan Top Team» залында дайындалдым. Бұл жердің басты артықшылығы – білікті бапкер бар. Осында бразиялық джиу-джитсудан қара белбеу иегері Адам Фокспен жаттығу жасадым. Және, мұнда спарринг-қарсыластар көбірек.

Ұлан: Сәуір айында Алматы қаласында өткен FIGHT NIGHTS GLOBAL 86 турнирінде грепплингтің ADCC тұжырымы бойынша күрестіңіз. Өзіңіз білетіндей ресейлік АСВ ұйымы бразиялық джиу-джитсудан турнирлер өткізіп жатыр. Осындай жарыстардың бірінде бақ сынау ниетіңіз бар ма?

Нартай Кажеков: Әрине, жоспарда бар. Дегенмен, мұндай турнирлерге қатысу үшін қара белбеу иегері атануың керек. Қазіргі кезде мендегі белбеу – күлгін түсті. Алдағы уақытта қоңыр белбеуді алсам – осындай жарыстарға қатысудың ауылы алыс емес.

Ұлан: АСВ лигасы Мәскеуде әуесқойлар арасында әлем чемпионатын өткізді. Осында сіздің бірнеше шәкіртіңіз бақ сынады. Жас джитсерлердің өнеріне қандай баға бересіз?

Нартай Кажеков: Иә, осы жарысқа жас спортшыларымызды алып бардық. Балалар арасында Диас Мыңжасаров, жасөспірімдер қатарынан Әли Актурин мен Игорь Ворников қола жүлдегер атанды. Ал, adult (ред: 18-30 жас арасындағы көк белбеу иегерлері) арасында Димаш Невежин – қола, Дукваха Ахигов – алтын медаль жеңіп алды.

Ұлан: Бразиялық джиу-джитсудан алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз. Жалпы, жақын уақытта қандай байрақты бәсекелерде төбе көрсетесіз?

Нартай Кажеков: Қазіргі таңда невазадан (ред: джиу-джитсу спортының бір тармағы) Қазақстан чемпионатына қатысу ойда бар. Желтоқсан айында Алматыда ADCD-ден Asia-Ocean жарысында бақ сынап, бір айдан кейін Португалияда өтетін Еуропа біріншілігіне аттануды көздеп отырмын. Егер осы жарыстарда жақсы нәтижеге қол жеткізсем Швецияда болатын әлем чемпионатына жолдама аламын. Аталмыш жарыстардан соң, жазда, Калифорнияда өтетін әлемдік жарысқа қатысуды жоспарлап отырмын. Ол – джитсерлер арасындағы ең мықты турнирлердің бірі.

Ұлан: Көптеген спортшылар джиу-джитсуда белгілі бір дәрежеге жеткеннен соң ММА-ға бет бұрады. Сізде осындай жоспарлар жоқ па?

Нартай Кажеков: Әзірге, жоқ. Менің негізгі мақсатым осы спорт түрінде барынша биік шыңдарды бағындыру.  


Дереккөз: Республикалық "Ұлан" газеті.

Сұхбаттасқан: Ильяс Сәрсенбай.



Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру