Бокс 08 Қыркүйек, 2018 (0) (236)

Қазақстан бокс федерациясы АІВА президенттігіне өз үміткерін ұсынды

Еліміздің бокс федерациясы АІВА президенттігіне Серік Қонақбаевтың кандидатурасын ұсынып отыр.

 - АІВА-ның сайлау туралы ережесіне сәйкес, біз барлық ұлттық федерацияларға президенттікке үміткер екенімізді айттық. Енді олардан біздің үміткерді қолдау туралы хат күтеміз. Кейін құжаттарды Халықаралық әуесқой бокс федерациясының штаб-пәтеріне жібереміз. Құжаттар тексерілген соң үміткерлер тізімі АІВА сайтында жарияланады, - дейді Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Бекжан Бектенов. 

Халықаралық бокс федерациясының (AIBA) президенті мен атқарушы комитет мүшелері 2-3 қарашада Мәскеуде өтетін кезекті конгресте сайланады. 

Серік Қонақбаев – елімізге танымал әуесқой боксшы. Спорттық мансабын аяқтаған соң қоғамдық жұмыс және спорттық менеджментпен айналысты. Бокстан Еуропаның екі дүркін чемпионы, Әлем Кубогінің екі мәрте иегері, 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері. 

Қонақбаев Парламент Мәжілісінің екінші, үшінші, төртінші шақырылымдағы депутаты болды. 2010 жылдан бері АІВА атқарушы комитетінің мүшесі, 2014 жылдан бері АІВА вице-президенті және Азия бокс конфедерациясының президенті.


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру