Футбол 04 Қыркүйек, 2018 (0) (180)

«Дүйсенбілік футбол – 2018» турнирінің жаңа жеңімпазы – «Студент»!

5 ай бойы Жастар саясаты жөніндегі мәселелері басқармасының қолдауымен «Жастар Үні» ЖҚБ қаламыздағы 40-тан астам нарықтың басын қосып, базарлар арасында футбол турнирін ұйымдастырып келеді.

Турнир «Дүйсенбілік футбол – 2018» деген ресми атауға ие болды. «Дүйсенбілік» деп аталған себебі, жұмадан жексенбіге дейінгі аралықты демалыспен өткізіп, дүйсенбі күні жұмысқа шығатын көпшіліктей емес, дүйсенбі күні керісінше демалысқа шығатын базарлардың жазылмаған заңдылығы, бұзылмас қағидасына байланысты еді. Оның үстіне әлеуметтік жобаға қатысқысы келген барша базар жастарына қолжетімді болу үшін, дүйсенбі арнайы таңдалып алынды. Әр  апта сайын 6 базардың басын қосып, спорттық көңіл-күй мен жеңіске деген қайнаған жігердің жалынымен өтіп отырды. Осы уақыт аралығында әлеуметтік жобамыздың іріктеу турнирлерінде 40 базардан 40 команда, 1000-ға жуық ойыншы қатысып, 96 ойын өткізілді. Тартысты ойын барысында 16 команда суырылып ақтық мәреге шықты.

Неге базар жастары? Өйткені базар – тағдырдың тауқыметін тартқан түрлі маргиналды жастардың, билік пен мемлекетке, қоғамға наразы көңіл-күйді арқалап жүрген жандардың ортасы. Мақсатымыз сондай жастарға қоғам тарапынан назар аударып, көңіл бөлу. Қоғамдық өмірге селқос қарайтын жастарды азаматтық белсенділікке шақыру еді. Біз үшін жастардың бұл шараға барынша ат салысып жатқаны қуантарлық жағдай.

Сонымен көктемде тұсауы кесілген турнирдің, қара күзде, яғни қыркүйектің алғашқы дүйсенбісінде 16 базар ақтық мәреде бас қосты. ГРАНД-ФИНАЛ-да Алмалы, Саламат, Студент, Бахар, Береке, Қазына, Өжет, Жеті Құрдас, Тастақ, Сапар, Жібек Жолы — 2, Кар Сити, Барыс – 4, Алтай, Алатау,  Кенжехан - 2 базарлары өзара бақ сынасты. 4 командадан 4 топқа бөлінген командалардың ойыны қызу тартысқа толы болды. Топтық ойындардан суырылып шыққан 8 команда (Кар сити, Баһар, Қазына, Алатау, Саламат, Жеті Құрдас, Студент, Алтай) ширек финалда жан алысып, жан беріскен ойын өрнегін көрсетті. Дегенмен алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады дегендей, жартылай финалда 4 команда (Алатау, Қазына, Студент, Саламат) бақ сынасты. Жартылай финалдық ойындарда «Алатау» командасы «Студент» командасына 1:4 есебімен есе жіберсе, «Саламат» құрылыс базары «Қазына» командасын 5:3 есебімен басым түсті. 

Кіл мықтының кім мықтысын анықтау үшін 16 команда бас қосқан ақтық мәре ойындарында, финалға шыққан «Саламат» пен «Студент» командасы нағыз керемет ойын үлгісін көрсетті. Еуропа чемпиондығынан кем түспейтін ойын барысында қос қарсылас негізгі уақытта ашық ойын көрсетіп, 3:2 есебімен «Студент» құрамасы жеңіп, жаңа жеңімпаз атанса, «Саламат» екінші жыл қатарынан ақтық сынға барып, сүрінді.Ал үшінші орын үшін талас формальды түрде саналғанымен, «Алатау» мен «Қазынаның» арасында финалдан кем түспейтін ойынымен көпшілікті тәнті қылды. Топтық кезеңде «Қазына» «Алатауды» 7:1 есебімен оңбай жеңген соң, осы жолы да қалпақпен ұрып аламыз деген сыңайда болған. Бірақ ә дегенде «Алатау» ойыншылары жемісті шабуылдар ұйымдастырып әрі шебер қорғаныстың арқасында жеңісті жұлып алды. Есеп 4:2!

Турнир жеңімпаздары 1-орын алған командаға 300 мың теңге, 2-орын алған командаға 150 мың теңге, 3-орын алған командаға 75 мың теңге табысталды. Бұл әлеуметтік жоба келер жылы өз жалғасын табады деген ойдамыз.

Қанат Байұзақов


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру