Күрес 03 Қыркүйек, 2018 (0) (28)

Айдын Смағұлов: Соңғы секундқа дейін Дидардың жеңісіне сендім

Дзюдодан Қазақстан командасының бас бапкері Айдын Смағұлов Джакартадағы Азия ойындарын қорытындылады.

«Біз Азиададан 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль аламыз деген мақсат қойғанбыз. Сол жоспар толықтай орындалды. Төрешілер қателігінен біраз ұпайымыз есептелмей қалды. Алтынға басты үміткер Елдос Сметовтің жарақаты да алаң болды біз үшін. Қуанышқа қарай, бәрі жақсы аяқталды. 81 келідегі Дидар Хамза Джакарта төрінде Қазақстан әнұранын шырқатты», - дейді Айдын Смағұлов. 

Бас бапкердің айтуынша, Дидар соңғы секундқа дейін жеңіс үшін күрескен. 

«Дидардың жеңісіне сендім. Ол өзі сондай таза бала... Алғашқы айналымда Тайпей намысын қорғайтын жапондық балуанды, кейін Моңғолияның нөмірі бірінші спортшысын жеңді. Жартылай финалда Жапония өкілін ұтты. Ал ақтық сында белдескен Иран балуаны осы салмақ бойынша рейтингте бірінші тұр. Бұл кездесуде де төрешілер тарапынан кедергілер көп болды. Дидардың «ваззари» әдісін есепке алмады. Бірақ шын мықтыға тұсау жоқ, Дидар жеңді», - дейді Смағұлов.

Айдын Смағұлов аралас командалық сында қыздардың жігері мықты болғанына баса назар аударды. 

«Аралас командалық сын Азия ойындарында алғаш рет өткізіліп отыр. Біз финалда ғана сүріндік. Ал жартылай финалда Өзбекстанмен өткен тартысты кездесуді қыздардың күшімен алып шықтық. Таразы басы теңесіп, жеребе бойынша 57 келідегі қыздар күресуі тиіс еді. Севара Нышанбаева қарсыласын жеңіп, бізді финалға жеткізді», - деді бапкер ҰОК баспасөз қызметіне.

Дзюдодан Қазақстан командасының кезекті додасы – Бакуде өтетін әлем чемпионаты. Команда әлемдік сынға дайындықты бастайды. 

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру