Велоспорт 28 Тамыз, 2018 (0) (150)

Алексей Луценко: «Астана» Еуропада өте танымал

2018 жылғы Жазғы Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы, «Астана» велошабандозы Алексей Луценко «Астана» Президенттік клубының Баспасөз қызметіне cұхбат берді.

Сұхбатында Жакартадағы жарыс жайлы, «Астана» велоклубы туралы және Александр Винокуровпен қарым-қатынасы жөнінде айтып берді. 

– Алексей, Индонезиядағы алғашқы алтынға 150 шақырымдық топтық жарыста қол жеткіздіңіз. Бірақ, жеңімпазды тек фотофиништің қорытындысы бойынша ғана анықтауға тура келді. Бұл жеңіс жайлы не айтасыз? 
– Біріншіден, біз топтық жарысқа толық құраммен қатысу үшін Азиада алдындағы бәсекелерде жеткілікті дәрежеде ұпай жинауға тырыстық. Соның арқасында шығар, жарыс біз үшін жайлы өтті. Естеріңізде шығар, осыдан төрт жыл бұрын Инчхондағы Азиадада Қазақстан атынан топтық жарысқа тек 2-ақ спортшы қатысқан. Ал төртеу болып, біз бірінші шақырымнан бастап-ақ тізгінді өз қолымызға алдық. Мәреге аз қалғанда жапон шабандозын тәжірибем мен шеберлігімнің арқасында артта қалдырдым. Шынын айтқанда, кәсіпқой велоспортта жүргеніме көп болды. Қай кезде қамшы басып, қай кезде қандай тактика қолдануды жақсы меңгеріп алдым. Бір жағынан сәттілік те мен жағымда болды. Қарсыласымның кімдер екенін тез түсініп, солардың ізін бақтым. Қателесуге болмайтын еді. Өйткені, шешуші сәтте жапониялық шабандоздан екеу және тайландтық екеу финалдық спринтке шыққан. Қайсысының қамшы басатынын аңғару оңай емес еді. 

- Мәре сызығын бірінші болып қиғаныңызға сенімді болдыңыз ба? 

- Егер алды жағынан қарасаңыз, кімнің бірінші болып сызықты қиғанын түсінбейсіз. Ал жанынан көз салсаңыз, бәрі анық көрінеді. Өзім де бәсекелестерімді кем дегенде жарты доңғалаққа артта қалдырғаныма сенімді болдым. Сондықтан, қолымды көтеріп, жеңісті тойлап кеттім. Бастапқыда көрермендер қайсымыздың чемпион атанғанымызды түсінбей тұрды. Бірақ, фотомәреге көз салған төрешілер жеңімпазды оңай анықтап, бір жарым минуттан кейін таблода менің есімім жарқырап шыға келді. 

- Топтық жарысқа қатысқан жерлестеріміздің грегарилік қызметтері туралы не айтасыз? 

- Велоспорт – командалық спорт түрі. Шынымды айтсам, командаластарымсыз жеңіске жетуім мүмкін емес еді. Құрама жетекшілері командаға шабандоздарды дұрыс таңдай білді. Жандос Бижігітов, Даниил Фоминых және Евгений Гидичтің бұл жеңіске сіңірген еңбектері орасан. Олар жарыс бойы бәрін өз бақылауларында ұстап, әрдайым пелетонның алдында жүріп отырды. Мен үшін тек соңғы таулы аймақ пен 14 шақырымдық жарыста көсілу ғана қалған. Сондықтан, өз қызметтерін мүлтіксіз орындаған жігіттерге алғысым зор. 

- Жекелей жарыста сіз басты фаворит саналдыңыз. Жарыс алдында өзіңізге деген күмән болған жоқ па? 
- Иә, қобалжу болды. Мені не үшін фаворит санады?! Өйткені, осыдан төрт жыл бұрын Инчхонда жеңіске жеткенмін. Дегенмен, содан бері талай шабандоз өсіп шықты. Оның үстіне, топтық жарыста көп күш жұмсадым. Ал жекелей жарыс ертесі күні басталып кетті. Топтық жарыстан кейін бар уақытымды бабыма қайта келуге арнадым. Өзімді де жақсы қайрап, ақыры алтын медаль жеңіп алдым. Дегенмен, жарыс оңай болған жоқ. Алғашқы жартысы тас жол арқылы өрбісе, қалған жартысында тауға өрлеуімізге тура келді. 
- Өзіңіздің сұхбаттарыңызда әрдайым Александр Винокуров жайлы айтып, оған алғыс айтып жүресіз. Оның бұл жарысқа қандай септігі тиді? 
- Винокуров екеуміз жерлеспіз. Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданынанбыз. Ол Бескөл ауылынан, ал мен Большая малышкаданмын. Кішкентайымда ауылымызда Винокуровтың плакаттары көп ілініп тұратын. Бәріміз де соған қызығатынбыз. Велоспортпен айналысқан барлық баланың арманы «Астана» командасына ілігу болатын. Азиаданың алдында Александрмен жиі хабарласып тұрдық. Жарыстың алдында ақтілегін СМС арқылы жазып жіберді. Жалпы, «Астана» жетекшілеріне менің жарыстарымды ыңғайластырып, Азиадаға барынша дайындап жібергендері үшін алғыс айтамын. 
- Сізді Еуропаның көптеген командалары өз сапында көргісі келетінін естиміз. 
- Әлбетте, нәтиже болған кезде басқа командалардан да ұсыныстар түсіп жатады. Бірақ мен еш ойланбастан «Астанамен» келісімшартымды 2020 жылға дейін ұзарттым. Әлі талай жыл аспанкөк түстес жейдені Еуропада киіп жүремін деп ойлаймын. Бұл командада жүргеніме алты жыл болыпты. Сондықтан, басқа команда жайлы ойлап жүрген жоқпын. 
- «Астана» велокомандасы Президенттік клубтың құрамына кіреді. Негізі, «Астана» Президенттік клубының құрамына кіретін басқа спортшылардың жетістіктері жайлы не білесіз? 
- Әрдайым бақылап тұрамын. Құдайға шүкір, әлеуметтік желілер жақсы болды ғой. Соңғы жаңалықтардан әрдайым хабардармын. Баскетбол ұнайды, «Барыс» хоккей клубының ойындарын қалт жібермеймін. Бірақ, басқа спорт түрлерінің фанаты емеспін. Ал өзіміздің командаға келер болсақ, «Астана» қазір бүкіл «Кәртамыс құрлыққа» танымал. Еуропаның түкпір-түкпірінде жанкүйерлеріміз жетерлік. Қай елге барсаңыз да бәрінің айтатыны «Астана». 
- Азия ойындарындағы жеңісіңізді қалай атап өттіңіз? 
- Бірінші медальді тойлайтын уақыт болған жоқ. Ал жекелей жарыстан кейін бірден әуежайға тартып кеттік. Жеңісімді елге келген соң ғана өз үйімде тортпен атап өттік.

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру