Ұлттық спорт 28 Тамыз, 2018 (0) (70)

Шетелдік мергендер Астанада

Бүгін ІІ «Алтын жебе» халықаралық турниріне қатысатын шетелдік мергендер Елордаға келіп жетті. Ертең таңертең «Қазанат» ипподромында жаяу тұрып ұлттық садақ ату жарысы өтеді.

Сонымен, бірер күннен соң көптен күткен ІІ «Алтын жебе» халықаралық турнирінің туы көтеріледі.  Дәл қазіргі кезде он бір мемлекет спортшыларының тапсырысы келіп түсті. Жарысқа жиырма бес мергеннің қатысатыны анық. Олардың ішінде І «Алтын жебе» турнирінің чемпионы, румыниялық сұрмерген Михай Козмей мен өткен жылғы турнирде жүлдегері атанған мажарстандық Немети Кристоф Арпад та бар.

Биылғы «Алтын жебеге» әл елден екі-үш спортшыдан қатысады. Атап айтқанда, Оңтүстік Африка Республикасынан үш спортшы – Йохан Пауль дю Тойт, Якобс Баренд Якоб, Гриффин Даниэл, Германиядан – Траунбауэр Ральф Танкред, Оңтүстік Кореядан – Парк Беом Нам, Түркиядан екі спортшы – Ибрахим Альперен Алкан, Явуз Аяз, Болгариядан – Труканов Димитьр Кирилов, Монғолиядан екі спортшы – Эрдэнэсувд Эрдэнэ, Нанчинбавуу Даваадорж, Ресейден екі спортшы –  Павел Поляков, Сергей Одиноков, Қырғызстаннан үш спортшы –  Айдар Асылбеков, Бақтыбек Шейшенбаев, Нұрсұлтан Колбаев  және Мажарстандық мерген қыз Мауча Агнес бақ сынайды.

Оқырманды хабардар ету мақсатында ІІ «Алтын жебе» халықаралық турнирінің ерекшелігін қысқаша таныстыруды жөн көрдік. Биылғы турнир үш кезеңнен тұрады. Өткен жылғымен салыстырғанда жарыс ережесіне біршама өзгерістер енгізілді. Себебі, көп жылдардан бері дүниежүзілік ат үстінен садақ ату жарыстарында «Азия стилі» және «Түрік стилі» аталатын мергендік бәсекесі кең тараған. «Алтын жебеге» қатысатын шетелдік мергендердің дені осы екі стильмен атуға бейімделген. Сондықтан, қалыптасқан халықаралық сайысты ескере келіп, екінші турнир ережесіне «Азия стилі» мен «Түрік стилін» енгіздік. Үшінші кезең – «Қазақ стилі» деп аталады.

«Азиялық стиль» мен «Түрік стилінде» төрт нысанадан болады. Спортшыларға екі мүмкіндік беріледі. Әр мүмкіндікті  орындау уақыты 16 секунд. Яғни, спортшы 150 метрді осы 16 секундта үлгергенінше атып, әрі тез шауып өтуге тиіс. Егер 16  секундтан бұрын тәмамдаса, үнемделген әр секунд үшін 1 ұпай қосылады,егер спортшы кемінде 1 ұпай жинаса, ал 16 секундтан асатын болса әр секунд үшін 1 ұпайдан кемітіледі.

«Азиялық стилінде» нысананың жерден  биіктігі – 20 см., диаметрі – 84 см. Нысаналардың ара қашықтығы  35 метр. Нысаналар мен атпен шауып өтетін түзу сызықтан (арқаннан) қашықтықтығы      7 метр.  Жебе нысананың ортасындағы ақ түсті төртбұрышқа тисе 5 ұпай,  нысананың қызыл түсті төртбұрышқа тисе 4 ұпай, нысананың сары түсті төртбұрышқа тисе 3 ұпай, нысананың жасыл түсті төртбұрышқа тисе 2 ұпай, нысананың қара түсті төртбұрышқа тисе 1 ұпай есептеледі.

Ал, «Түрік стилінде» біршама өзгешелік бар.    Мұнда нысананың жерден  биіктігі – 1,5 метр,  диаметрі – 60 см. Сөре мен бірінші нысананың  арасы 25 метр. Бірінші нысана мен атпен шауып өтетін түзу сызықтың (арқаннан) қашықтықтығы  5 метр. Бірінші нысана  сөреге қарай 45 градусқа бұрылып тұрады.  Спортшы бірінші нысананы алдыға қарап атады. Бірінші нысана мен екінші нысана арасы 10 метр. Екінші нысана мәреге қарай 45 градусқа бұрылып тұрады.  Сондықтан спортшы екінші нысананы артқа бұрылып атады. Екінші нысана мен үшінші нысананың арасы 50 метр.

Үшінші нысана сөреге қарай 45 градусқа бұрылып тұрғандықтан енді спортшы үшінші нысананы алдыға қарап атады. Үшінші нысана мен төртінші нысана арасы 10 метр. Ал, төртінші нысана мәреге қарай 45 градусқа бұрылып тұрады.  Сол себепті спортшы бұл төртінші нысананы артқа бұрылып атады.

Жебе нысананың ортасындағы диаметрі 15 см. шеңберіне тисе 6 ұпай. Диаметрі 30 см болған нысананың екінші шеңберіне тисе 4 ұпай, ал нысананың үшінші шеңберіне тисе 2 ұпай есептеледі. Бұл мергендік сайысында да әр мүмкіндікті  орындауға  16 секунд уақыт беріледі. 16  секундтан бұрын тәмамдаса, үнемделген әр секунд үшін 1 ұпай қосылады, егер 16 секундтан асатын болса әр секунд  үшін 1 ұпайдан кемітіледі.


www.ethnosport.kz


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру