Alaman Ақпарат 25 Тамыз, 2018 (0) (207)

Дмитрий Баландин: Біз еліміз үшін үлкен ерлік жасауға дайынбыз

Жүзуден Қазақстан командасы үшін Азия ойындары аяқталды. 

Жүзуден Қазақстан командасы үшін Азия ойындары аяқталды. Қазақстандық жүзгіштер жалпы есебі 4 медаль жеңіп алды. Дмитрий Баландин 50 және 100 метрге брасс әдісімен жүзуде қола жүлдегер атанса, Әділбек Мусин 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде үздіктер қатарына енді.

Ал Әділ Қасқабай, Александр Варакин, Әділбек Мусин мен Дмитрий Баландиннің эстафетада жеңіп алған қола медалін біз әлі көпке дейін айтып жүретініміз рас. 

Ал Азия ойындарына қатысуы екіталай болған Дмитрий Баландин Ұлттық Олимпиада комитетінің сайтына сұхбат беріп, Азия ойындарынан кейінгі әсерімен бөлісті.

 - Дмитрий, кеше ғана Азия ойындарындағы эстафеталық сында қола жүлдегер атандыңыздар. Сіздің қуанышыңызда шек болмағынын байқадық...

 - Иә, бұл менің спорттық мансабымдағы ең қуанышты сәттердің бірі. Құдды Олимпиаданы жеңіп алғандай әсерде болдым. Тап сол жарыс өткен сәттегі сезімді жеткізу мүмкін емес. Ал атлетикалық ауылға келген соң аздап саябырсып, бәрін ақылға сала бастайсың. Кешегі эмоцияны ешқашан ұмытпайтын шығармын. Осындай естен кетпес сәтте бірге болған жігіттерге рахмет! Олар менің арманымды жүзеге асыруға көмектесті.  Тұтас команда ретінде жарысқа шығатын сәтті қанша күткенімді білсеңіздер ғой... Біз бір бірі үшін жанын беруге даяр тұратын команда құрдық. Біз еліміз үшін үлкен ерлік жасауға дайынбыз!

 - Эстафетада жеңіп алған қола медальдің құны біз үшін алтынға пара-пар...

 - Біздің команда соңғы рет 2010 жылғы Азия ойындарында эстафеталық сыннан қола медаль жеңіп алды. Бірақ ол кезде Жапония құрамасын жарыстан шеттеткен соң, жолымыз болған еді. Әрине, ол кездегі жүзгіштеріміздің жеңісін жоққа шығармаймын. Бұдан сегіз жыл бұрынғы құрамда мен бала кезімде үлгі тұтатын мықтылар өнер көрсетті. Мен солардың жетістігін қайталап, еліміздегі жүзу спортын Азиядағы жаңа деңгейге көтергім келді. Сол ойымның орындалғаны қуантады. 

 - Командалық сында жүлде алатыныңызға сендіңіз бе?

 - Біз өзіміз сендік. Алайда, көптеген жандардың бұған сенімсіздікпен қарағаны рас. Ал өзім әу бастан медаль болатынына сенген едім. Өткен Азия ойындарынан кейін команда жинақтап, эстафетаға қатысу керектігін айтып жүрдім. Міне, сол арманымыз орындалды. 

 - Сіздің жарақатыңыз барын айтқан бапкерлер Азия ойындарына қатыспауыңыз мүмкін екенін де ескертті. Алайда, жарақатқа қарамастан, жарыс жолына шығуыңыздың себебі неде? 

- Жарыс басталардан екі ай бұрын мен табанымды жарақаттап, сіңірімді созып алдым. Соның салдарынан бір айға созылған жаттығуым желге ұшты. Азиаданың басталуына тағы бір ай қалғанда күтпеген жерден тұрмыстық жарақат алып қалдым. Байқаусызда аяғымды кесіп алдым. Тағы да он күн емделуге тура келді. Жарақатқа бола дайындық үзіле берген соң, Азиадаға бару туралы ойым да өзгере бастады. Бірақ бапкерлер менің команда көшбасшысы ретінде еріп барып, жігіттерге мейілінше көмектескенімді қалады. Мен қуана келістім де, Малайзиядағы оқу-жаттығу жиындарына бардық. Сол жақтағы жаттығу кезінде өзімнің аз да болса қатарға қосыла бастағанымды сездім. Жақсы нәтижелер көрсете бастадым. Нәтижесін өздеріңіз көрдіңіздер.

 - Cіз Олимпиада ойындарында чемпион атанып, үлкен жарыстарда шыңдалған спортшысыз. Ал командаластарыңыз үшін бұл алғашқы ірі дода. Командалас достарыңыз туралы не айтасыз?

 - Иә, Азия ойындарына олар алғаш рет қатысып отыр. Тәжірибесі аз екені де рас. Оларды бірден майданға салып жіберді. Шыны керек, кей жерлерде нәтиже күткендей болмады. Командаластарымның жабығып отырғанын да көрдім. Оларды жігерлендіріп, рух беріп, көңілін көтеруге тырыстым. Өз басымнан өткен кейбір жайттарды айтып, барлығын өз күштеріне сенуге шақырдым. Міне, бәріміз де медальмен қайтып барамыз. 

 - Жекелей сын мен командалық бәсекедегі көңіл-күйдің айырмашылығы бар ма?

 - Әрине, екеуіндегі сезім екі бөлек. Жекелеген сында сен өзің үшін жүзесің. Ал командалық жарыста өзіңді үш адамның күтіп тұрғанын ойлап, қателесуге жол жоқ екенін сезесзің. Өзің үшін ғана емес, бүкіл команда үшін жаныңды саласың. Жігіттер жарады! Олар өз рекордтарын жаңартып, әлдеқайда жақсы жүзуге ұмтылды! Жігіттердің кешегі ерлігі тек мақтауға тұрады. Басқа алып қосарым жоқ!

 - 2020 жылғы Токи Олимпиадасына дайындық жоспары қалай? Келесі жылдан бастап Олимпиадаға іріктеу басталады...

 - Мұны бапкерлермен ақылдасамыз. Қазіргі нәтижелерді жақсартып, тағы да жас спортшылардың іріктеуден өткенін қалаймыз. Жалпы, осы сәтті пайдаланып бізге демеу болған барша жанкүйерге алғысымды айтамын. Сіздердің қолдауларыңыз бізге күш берді. Біз әлі талай жарыста жүлде салып, тұғырда тұрамыз. Алға, Қазақстан!


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру