Ұлттық спорт 25 Тамыз, 2018 (0) (205)

Қазақ сұрмергендері

Тамыздың 30 жұлдызында басталатын ІІ «Алтын жебе» халықаралық турниріне санаулы күндер ғана қалды.   

Тамыздың 30 жұлдызында басталатын ІІ «Алтын жебе» халықаралық турниріне санаулы күндер ғана қалды.   Ат үстінен ұлттық садақ атудан екінші мәрте Астанада ұйымдастырылатын бұл әлемдік бәсекеде бақ сынауға қызыққан шетелдік мергендер қатары биылғы жылы тіпті  қалың болатын сыңайлы. Қазіргі күнде Германия, Малайзия, Кувейт, Оңтүстік Африка, Румыния, Венгрия сияқты алыс елдердің таңдаулы қолмергендерінің Елордаға келетіні анықталды. Алдағы күндерде шетелдік мергендерді де жанкүйерлерге таныстыра бастаймыз. Бүгін «Алтын жебе» ІІ халықаралық турнирінде бақ сынайтын Қазақ ұлттық құрама командасындағы сұрмергендер туралы мәліметтерді "Аламан" спорт сайты ethhnosport.kz сайтына сілтеме жасай отырып, назарларыңызға ұсынады.

         Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, бұл мергендер жарысы үш кезеңнен тұрады. Бәсеке екі күнге созылады. «Алтын жебе» ІІ халықаралық турнир ережесі бойынша садақшылар алдымен «Азия стилінде», одан соң «Түрік стилінде», үшінші кезеңде «Қазақ стилінде» бақ сынайтын болады. Жүлде қоры  – 4 миллион теңге. Бас бәйге екі миллионға жуық.

Өткен жылғы «Алтын жебенің» күміс жүлдегері  Айтбек Сарыбай, «Алтын жебенің» қола жүлдегері  Ералхан Айкөз, бірнеше халықаралық фестивальға қатысушы Елдос Бадашев,  елішілік чемпионаттың бірнеше дүркін жүлдегері Абзал Тулыбеков,  қарағандылық сұрмерген, ересектер арасында Жамбы атудан 2018 жылғы Қазақстан Республикасының чемпионы атанған Талғат Омарбаев дәл қазіргі кезде «Қазанат» атшабарындағы оқу-жаттығу жиынында.  Сондай-ақ, биылғы «Алтын жебеде»  қазақ ұлтының намысын қорғайтын мергендер қатарында жуырда Қырғызстанда өткен халықаралық мергендер бәсекесінде жүлдегер атанған Әлия Камалова бар.

Еліміздегі құралайды көзге атқан садақшылар арасынан суырып шыққан осы алты таңдаулы мергеніміз туралы  мәліметтер  төмендегідей.


Әлия Камалова – 1997 жылы дүниеге келген. Алматы облысы Қарасай ауданында тұрады. Әлия ең алғаш Жамбы атуды 2016 жылдан бастады.  Алматы қаласында 2016 жылы өткен «Алтын мерген»  турнирде чемпион атанды. 2017 жылы өткен  «Nurmaganbet expedition» турнирінің чемпионы. Ересектер арасындағы 2018 жылғы Алматы қалалық ашық  турнирінің чемпионы. Ұлы отан соғысы ардагерлеріне арналған Алматы облысының ашық турнирінің жүлдегері. Алматы қаласында өткен «Ұлы дала көшпенділер әлемі ойындарының» чемпионы. 2018 жылы Қырғызстанда өткен «Салбуурун» халықаралық жарысының күміс жүлдегері. Жамбы атудан Қазақстан құрама командасының  мүшесі.

  Талғат Омарбаев Жамбы атудан Қарағанды облысының бас мергені.  Бұған дейін бірнеше фестиваль мен турнирлерде жүлдегер атанған. 2017 жылғы Қазақстан Республикасы чемпионатының күміс жүлдегері.

Жамбы атудан Қазақстан құрама командасының  мүшесі. 2018 жылғы  Қазақстан Республикасы чемпионатының чемпионы Талғат Омарбаев «Алтын жебе» халықаралық турнирінде алғаш рет бақ сынайды.

Айтбек Сарыбай  – Оңтүстік Қазақстан облысындағы Төлеби ауданының тумасы. Жамбы атудан жастар мен ересектер арасындағы елішілік чемпионаттарда бас жүлдені иеленіп, Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы болды. Спорт шебері. Жамбы атудан Қазақстан құрама командасының мүшесі.

Тұңғыш рет ұйымдастырылған «Алтын жебе» халықаралық турнирінің күміс жүлдегері (2017 жыл, Астана). Төрт жылда бір өткізілетін «Ақбидай» ауыл спорты ойындары спартакиадасының чемпионы (2017 жыл, Ақтөбе). Венгрияда өткен халықаралық ұлттық садақ ату фестиваліне қатысушы (2017 жыл).

 Ералхан Айкөз – Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданында 1999 жылы туған. Жамбы атудан 2015 жылғы жастар арасындағы Қазақстан чемпионатының жеңімпазы. Ересектер арасындағы чемпионаттың бірнеше дүркін жүлдегері.

2016 жылы өткен Асанбай Асқаров атындағы Халықаралық турнирдің гран-при иегері.  Венгрияда өткен халықаралық ұлттық садақ ату фестиваліне қатысушы. 2017 жылы І «Алтын жебе» халықаралық турнирінде қола жүлдегер атанды.

 Елдос Бадашев – Туған жері Жамбыл облысы, Мерке ауданы. Жамбы атудан Қазақстан Республикасы чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, Түркияда, Венгрияда, Иорданияда өткен халықаралық мергендер сайысына қатысушы, 2016 жылғы «Ұлы дала ойындары» фестивалінің жеңімпазы, «Алтын тұғыр» иегері. Тұңғыш рет ұйымдастырылған «Алтын жебе» халықаралық турниріне қатысушы. Жамбы атудан 2017 жылы өткен «Ақбидай» ауыл спорты ойындары спартакиадасының күміс жүлдегері. Еліміздің «Жамбы ату» ересектер құрама командасының капитаны.

  Абзал ТУЛЫБЕКОВ – Жамбыл облысы, Мерке ауданында 1996 жылы туған. 2017 жылғы Жамбы  атудан ҚР жастар арасындағы чемпионаттың жеңімпазы. Спорт шебері. ҚР құрама командасының мүшесі.

І «Алтын жебе» халықаралық турниріне, Венгрияда өткен халықаралық фестивальге қатысушы. 2018 жылғы  Қазақстан Республикасы чемпионатының күміс жүлдегері.



Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру