Футбол 24 Тамыз, 2018 (0) (286)

Дәуренбек Тәжімбетов: Футболды допсыз да баспен ойнауға болады

Қызылорда футбол мектебінің түлегі Дәуренбек Тәжімбетовпен сұхбаттасудың сәті түсті.


- Дәуренбек, ең бірінші елге оралғаныңыз туралы айта кетейік. Бұған дейін сіз туралы былай жазып едік. “Жасы келген уақытта футболшылар туған жеріне табан тіреп, толағай табысқа жету үшін барын салады және мансабын сонда аяқтауды мақсат тұтады. Бұл – әлемде бар құбылыс”. Қалай ойлайсыз, біз қаншалықты дөп сөзді жаза білдік?

- Сіздің жазғаныңызбен келісемін. Мен осы жердің тумасымын, осы клубтан шықтым. Әуелі “Қайсардың” қосалқы құрамында, 2004 жылдан бастап Премьер-лигада ойнай бастадым. 2009 жылға дейін “Қайсарда” болдым. Сол уақытта “Ордабасыдан” ұсыныс түсіп, мен сол жаққа барғанды құп көрдім. Жалпы, осыған дейін туған командама келу ойымда жүрді. “Ер жігіт туған жеріне” дейді ғой, сондықтан елге оралғаным бір қуаныш болды. Қашан болса да, барымды салып, “Қайсар” үшін күш жұмсаймын.

- Уақытында “Қайтқан ұлда қайыр бар”, “Қайсарды” өз түлектері түлетеді” деп те жаздық. Баршаға белгілі, қазір командада Сыр футболының түлектері көп. Жерлестеріміздің туған клубына араға жылдар салып жиналғаны қуантады. Осы жайында айтарыңыз бар ма?

- Бұған дейін маған шақырту болмады. Серік Құттыбайұлы басшылыққа келгенде “Командаға кел, көмектес, тәжірибеңмен бөліс” деді. Қазір Жасұлан Молдақараевтан өзге ойыншылардың “Қайсармен” бірге екенін мен айтпасам да жақсы білесіз.

- Былтыр “Қайсар” футбол клубы өзіне басшылық жүктеген міндетті 100 пайызға орындай алды. Сіздің ойыңызша, осы жылы сенімді ақтауға күш-қайрат жете ме? Оның үстіне биыл клубтың жартығасырлық мерейтойы дегендей..

- Біздің де мақсатымыз сол. Оның үстіне қаламыздың 200 жылдығы да бар. Оны жақсы түсінеміз. Шамамыздың жететінін де білеміз. Неге еурокубоктік ойындарда ойнамасқа? Құдай қаласа, алдағы ойын 19 тамызда “Ордабасыға” қарсы өтеді. Және ол ойында жеңіске жетеміз, барынша тырысамыз (сұхбат ойынға дейін алындыред.). Маусым аяқталғанда жанкүйерлерді қуантқымыз келеді. Әлі үшінші айналымның 11 ойыны бар. Турнирлік кестеге қарасақ, 4-орынға ілінуге болады. Ол үшін жақсы нәтиже керек. Біз – ойыншымыз. Күн райының қолайсыздығына қарамастан қолдауға келген жанкүйерлердің сенімінен шықсақ деген ойда жүреміз. Жанкүйерлердің, басшылықтың бізден нәтиже сұрағаны да дұрыс.

- Шетелдік ойыншылардан кімдердің ойынына сүйсініп өстіңіз? Қай ойыншының, қай команданың жанкүйерісіз? Әлем чемпионатында ше?

- Кішкентай кезімізде барлық футболшылардың ойындарын көруге мүмкіндік болмады. Ол кезде қазіргідей интернет жоқ еді ғой. Бірақ, айналасы 3-4 арнадан футбол болып жатқанын байқасам, құлшыныспен қарайтын едім. Содан бразилиялық Роналдоға қызығушылық танытып, сол секілді болғымыз келді. Өсе келе менде жанкүйерлік басқаша қалыптаса бастады. Көбіне ойынға, тактикаға мән бердім. Ресейдегі әлем чемпионатында да аса бір командаға жанкүйерлік еттім дей алмаймын. Алла сәтін салып біздің Бельгия-Бразилия матчына барғанымызды білетін шығарсыздар. Сөз жоқ, жаңа стадион, тамаша атмосфера болды. Осы ойында мен 2:0 жеңіліп жатқан бразилиялықтарға болыстым. Өйткені, ойын көргім келді.

- Командаласыңыз Тоқтар Жаңғылышбай гол салғанда ерекше тойлайды. Сіз гол соқсаңыз жаңа әрі ерекше тойлау мәнерін күте берейік пе?

- Әрине, гол салу – бақыт! Бірақ, мен ерекше етіп тойлауға жоқпын. Жанкүйерлерге қарай жүгіріп барып, алғысымды білдірсем, сол өзіме ұнайтын әрі ерекше тойлау әдісім болар еді.

- “Футболды баспен, аяқпен және бастың ішіндегісімен ойнау керек” деген бар. Келісесіз бе?

- Футбол шахмат тәрізді. Футболды допсыз да баспен ойнауға болады. Физикалық, тактикалық мықтылық деген өз алдына. Доптың ұшу жылдамдығын, әріптесіңнің сол допқа жету жылдамдығын, барлығын бірдей мимен есептеуің, бағамдай білуің шарт. Сондықтан, сіз айтқан ойнау әдістерінің барлығына футболшы икемді болуы керек.

- “Қайсар” футбол клубына келгелі көңіліңіз толмай жүрген жайттар бар ма?

- Ондай жайттарды бастан өткермедім.

- Әріптестеріңіздің ішінде кімнің еңбекқорлығына, талпынысына риза боласыз?

- (сәл ойланып) Әр футболшының алаңдағы позициясы әртүрлі ғой. Біреу өзінің физикалық тұрғыдағы мықтылығына сенсе, енді бірі ізденістің арқасында жақсы деңгейге көтерілген. Мен әріптестерімнің арасында Матиас Курьор, Джон Камара, Мақсат Байжановтардың ойынына риза боламын. Барлығының ерекшелігін, артықшылығын айта беруге болады ғой.

- Екінші айналымда 6 матч ойнадыңыз. Сіз үшін аз емес пе?

- Әрине, ойыншы ретінде бұл өте аз. Өзіме көңілім толмайды. “Қайсарға” оралған жылым болғандықтан, өзімді көрсеткім келеді. Мүмкіндік берсе деймін (күрсініп). Ал, сұраққа нақты бапкердің жауап бергені дұрыс шығар…

- Жанкүйерлердің арманы футболшылардың жейдесін алу ғой. Команданың қолдаушыларымен байланысыңыз қалай?

- Жейдемді беріп қуантқан жанкүйерлерім баршылық. Алдағы уақытта да жалғасын табады деп ойлаймын. Жалпы, әлеуметтік желіде сөйлесіп, тұрақты түрде жағдайымды сұрап, ойын жайлы білгісі келетін қолдаушыларым көп. Ыңғайы келгенше жауап беруге, жақын байланыста болуға тырысамын.

- “Астанамен” болған ойында бастапқы минуттардан бастап негізгі құрамда ойнадыңыз. Бұл бапкер сенімі ме?

- Бапкер сенімі деп айтуға толық болады. Өйткені, шешім қабылдайтын – сол. Менен өзге шабуылшылардың жарақат алып қалғаны да әсер етсе керек.

- Қателеспесем, кубоктік ойында “Шахтерге” қарсы матчта голдық пас бердіңіз. Мүмкін, негізгі құрамға шығуыңызға осы фактор әсер еткен шығар...

            - Ол да мүмкін.

- Футболшы Дәуренбектің футболдағы дәуірі бітпеген шығар. Яғни, спорттағы мансабыңыз туралы...

- Шыны керек, ол ой адамға келе бастайды. Бірақ, мен әлі 2-3 жыл ойнаймын деп ойлаймын. “Мансапты қалай аяқтау керек” деген сауалға жауап ойымның бір шетінде жүргені анық.

- Енді мұнан да қызықты сауалдарға кезек берсек. Кім мықты: Барселона ма, Реал ма?

- Бұл сұраққа жауап беру қиын. Меніңше, екеуі де мықты.

- Менің де күткен жауабым осы еді. Екеуміз Марсель Исламқұловқа 3 рет пенальти тепсек, кім жеңеді деп ойлайсыз?

- Қызық сұрақ екен. Екеуміз де емес, Марсель жеңетін шығар (күліп).

- Футболға доп керек пе, шоу керек пе?

- Сұрақтарыңыз ұнап жатыр. Әуелі доп керек. Допсыз шоу болмайды ғой (жымиып). Жанкүйерлердің, жалпы халықтың қызығушылығын ояту үшін шоу керек. Бірақ, шоуды сенімді жеңісте ғана жасаған жөн.

- Рақмет!

Сұхбаттасқан Рыскелді ЖАХМАН, “Халық” газеті

 


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру