Велоспорт 20 Тамыз, 2018 (0) (144)

«Астананың» шабандозы Норвегия көпкүндігінде топ жарды

Төрт кезеңге созылған «Арктика жарысы» аяқталды.

Норвегияда төрт кезеңге созылған «Арктика жарысы» мәресіне жетті. Тамыздың 16-сы мен 19-ы аралығында өткен көпкүндікте «Астана» шабандозы Сергей Чернецкий жеңімпаз атанды. Бұл туралы «Астана» Президенттік клубының баспасөз қызметі мәлімдеді.

19 командадан барлығы 120-ға жуық шабандоз қатысқан жарыста Сергей Чернецкий бірінші кезеңнен бастап үздіктер қатарынан түскен жоқ. Алдымен мәре сызығын екінші болып қиды, екінші кезеңде үздік бестіктен орын алып, үшінші кезеңде жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді. Ал кеше жарыстың соңғы кезеңі өтіп, ресейлік шабандозымыз мәре сызығын сегізінші болып қиғанымен басты бәсекелесі голландиялық Маркус Хольгаардты 11 секундқа артта қалдырды.

- Бірінші кезекте командаластарыма алғыс білдіргім келеді. Шабандоздар, техникалық қызметкерлер, менеджерлер... бәрі менің жеңіске жетуіме сүбелі үлестерін қосып, жеңіс тұғырынан көрінуіме бар жағдайды жасады. Бәрі де маған сеніп, соңғы метрге дейін қасымда болды. Жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Қанша дегенмен, 2015 жылдан бері топ жару бақыты маған бұйырмай келген еді. Басқа-басқа, «Астана» сапында жеңіске жетуді аңсадым. Осылайша екі жыл бұрын маған үміт артып, «Астанаға» шақырған команданың бас менеджерлері Александр Винокуров пен Дмитрий Фофоновқа рахметімді білдіргім келді. Мұнымен тоқтап қалғым келмейді, - деді жарыстан кейін Сергей Чернецкий.

Айта кетейік, Норвегияда өткен «Арктика жарысына» «Астана» сапынан Сергей Чернецкий, Якоб Фульсанг, Даниил Фоминых, Уго Уль, Йеспер Хансен және Танел Кангерт қатысқан болатын.


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру