Ұлттық спорт 18 Тамыз, 2018 (0) (76)

Үш мерген қыз

Жетісу өңірінде соңғы жылдары Жамбы атудан дара көрінген үш мерген қыздың даңқы шыға бастады. Ұлттық спорт жанкүйеріне жақын таныстыру мақсатында осы мерген қыздарымыз бен олардың бапкері Сәрсенбай Құлбаев туралы қолымызда бар мәліметтерді назарға ұсынд


(Суретте: (оңнан солға қарай) Дидарова Рамиша, Камалова Әлия, Алыбаева Гүлдана)

Жетісу өңірінде Жамбы ату өнерін жандандыруға бел буып кіріскен азаматтың бірі – Сарсенбай Құлбаев.  Алматы облысы Қарасай ауданының тумасы. Қазіргі кезде Алматы қаласындағы №19 Ұлттық ат спорты мектебінде Жамбы атудан бас жаттықтырушы қызметін атқаратын Сәрсенбай бапкер аз жылда ат үстінен садақ атуда көзге түскен біршама шәкірт тәрбиелеп үлгерді. Елішілік жарыстарда жүлде алған жиырмаға жуық шәкірттің ұстазы.

Алматы қаласында алғашқы болып 2014 жылдан жаттықтырушылықты қолға алған Сәрсенбайдың шәкірттерінің алды ұстаздық жолға түсе бастады. Мысалы, кезінде Қазақстан чемпионаттарының бірнеше жүлдегері атанған шәкірті Қыстаубаев Саян  қазір Жамбы ату саласындағы жас бапкерлердің бірі.

Осы күндері жасөспірімдер арасында 2016 жылы Қызылордада өткен чемпионатта күміс жүлдені, 2017 жылы Шымкент қаласында өткен чемпионатта қола жүлдені иеленген, Семейде өткен республикалық турнирде чемпион атанған  Шәмен Темірлан, биылғы Алматыда өткен «Ұлы дала ойындарының» қола жүлдегері атанған, Астанада өткен ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында Жамбы атудан төртінші орын алған Серік Алыбаевтар Сәрсенбай бапкердің шәкірттері.

Сондай-ақ, Сәрсенбай Құлбаевтың қалың шәкірттері ішінен бірнеше мерген қыздар суырылып көзге түсе бастады. Бапкердің айтуынша, ат үстінен садақ  атудан алғашқы болып республикалық жарыста жүлде алған Уалихан Айдария екен. Айдария мерген 2015 жылы ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында Жамбы атуда үшінші орынды иеленген.

Ал, дәл қазіргі кезде Сәрсенбай бапкер тәрбиелеген үш бірдей мерген қыз ат үстінен садақ атуда топ жара бастады. Атап айтқанда,  Камалова Әлия, Дидарова Рамиша және Алыбаева Гүлдана соңғы екі-үш жыл көлемінде Жамбы атудан республикалық, қалалық турнирлердің жүлделерін кезек-кезек жеңіп алып жүр. Сәрсенбай бапкердің үш мерген шәкірті биылғы жылы Қырғызстанда өткен «Салбуурун» халықаралық жарысына жұп жазбастан барып, қыздар арасындағы Жамбы ату бәсекесінде алтын, күміс, қола жүлделерді жеңіп алды.

Құралайды көзге атқан қазақтың сұрмерген қыздары алдағы уақытта әлі талай өңірден суырылып шығары сөзсіз. Әзірге, Сәрсенбай бапкер баптаған Жетісудың мерген қыздары көш бастап тұр. Таныс бола беріңіздер. 30-31 тамызда Астанада ту көтеретін, оннан астам мемлекеттің мергені қатысатын  ІІ «Алтын жебе» халықаралық турнирінде тұңғыш рет қазақтың мерген қызы бақ сынайды. Ол – Құлбаев Сәрсенбай бапкердің шәкірті – Әлия Камалова.

  Камалова Әлия – 1997 жылы дүниеге келген. Алматы облысы Қарасай ауданында тұрады. Әлия ең алғаш Жамбы атуды 2016 жылдан бастады.  Алматы қаласында 2016 жылы өткен «Алтын мерген»  турнирде чемпион атанды. 2017 жылы өткен  «Nurmaganbet expedition» турнирінің чемпионы. Ересектер арасындағы 2018 жылғы Алматы қалалық ашық  турнирінің чемпионы. Ұлы отан соғысы ардагерлеріне арналған Алматы облысының ашық турнирінің жүлдегері. Алматы қаласында өткен «Ұлы дала көшпенділер әлемі ойындарының» чемпионы. 2018 жылы Қырғызстанда өткен «Салбуурун» халықаралық жарысының күміс жүлдегері.

  Дидарова Рамиша – 2001 жылы дүниеге келген. Жамбы ату өнерін үйренуді 2017 жылдан бастады. Алғашқы жетістігі – жасөспірімдер арасындағы Алматы қалалық ашық турнирінің чемпионы. Алматы қаласында өткен «Ұлы дала ойындарының» чемпионы. Астана қаласында «Ұлы дала рухы» фестивалінде  командалық есепте жүлдегер атанды. 2018 жылы Қырғызстандағы «Салбуурун» халықаралық жарысының чемпионы. 2018 жылғы Қазақстан Республикасының жасөспірімдер арасындағы IV чемпионатының қола жүлдегері.

Алыбаева Гүлдана – 2001 жылы дүниеге келген. Алматы облысы Қарасай ауданында тұрады. Жамбы атумен 2017 жылдан бастап айналыса бастады. Алғашқы жетістігі – Алматы қалалық ашық турнирінің қола жүлдегері. Алматы облыстық ашық турнирінің чемпионы. Алматы қаласындағы «Ұлы дала көшпенділер әлемі» ойындарының қола жүлдегері. Астанада өткен «Ұлы дала рухы» фестивалінде  командалық есепте жүлдегер атанды. 2018 жылы өткен Қырғызстандағы «Салбуурун» халықаралық жарысының қола жүлдегері болды.


Төлеген ЖӘКІТАЙ, ethnosport.kz



Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру