Бокс 18 Тамыз, 2018 (0) (340)

Айдар Шәрібаев: «Үлкен жеңістер әлі алда деп сенемін»

«Аламан» спорт сайтының тілшісі қазақстандық талантты былғары қолғап шебері Айдар Шәрібаевпен (7-1, 6КО) кішігірім сұхбат жасаған болатын. Назарларыңызға кәсіпқой боксшының тілшіміздің сұрақтарына берген жауаптарын ұсынамыз.


-       Айдар, кейінгі кездерде ел көзіне түспей кеттіңіз. Жанкүйермен байланыс үзіліп қалғандай көрінеді. Әңгімені осыдан бастайықшы...

-       Шынымды айтсам, өзіме де солай көрінеді кейде. Расында бокссүйер қауымнан сәл алыстағандай болып қалғанымды жасырмаймын. Оның да бір қайыры бар екен. Спорттың өзі жеңіс пен жеңілістен тұрады. Өзімді қамшылап жүрмін. Мен үшін бұл бір сабақ болды. Бірақ тұрақты, шынайы жанкүйерлерімнің кім екені айқындалып қалды. Бір сәтсіздігіме қол сілтегендер жанкүйер болмай-ақ қойса да ештеңе жоғалтпайды екенмін. Қуантарлығы, жанымда жүрген достарымның демеуі, мамандардың намысымды жануы жақсы әсер етті. Алдағы уақытта үлкен жеңістер болады. Оған сенімім кәміл.

-       Бокспен қатар әлеуметтік желілерде белсенді болатынсыз. Кейіннен сирек көрініп жүрсіз?..

-       Әлеуметтік желілерді біздің жұмысымыздың бір бөлігі ретінде қараймын. Бірақ кейде одан да шаршайтын кездер болады. Қазір сирек пайдаланамын. Боксқа деген бар ынта, жігерімді шаршы алаңда сарп етемін.  Еңбектену керек. Танитын адамдар былай да танып, сыйлап жатады. Ал жалпы танымалдылыққа жету үшін көп тер төгу керек. Әйтпесе бәрі бекер.

-       Жалпы дайындықтарыңыз қайда өтеді?

-       Қазір тек Қазақстанда жаттығып жүрмін. Мұнда спаррингке шығатын таныстар да көп. Өз үйің – өлең төсегің. Еш алаңсыз дайындаласың.

-       Бұрындары оқу-жаттығу жиындарын АҚШ-та өткізуді жөн санайтын едіңіз...

-       Былай қарасаңыз, екі жақта да сол жаттығу, сондай зал, аса бір айырмашылық болмайтын. Сондай жағдайларды ескере отырып, елде қалуды жөн деп шештім. Ал АҚШ-қа, бұйырса, келесі жекпе-жегімнің қарсаңында барамын. Әзірге жоспар бойынша қара күзде қайта Америкаға ұшатын болып отырмыз. Сол жақта тағы да жаттығу жұмыстарын жүргізіп, алдағы айқасыма соңғы дайындықтарымды пысықтаймын.

-       Айдар, AIDAR CLASSIS бокс мектебінің тыныс-тіршілігі қалай?

-       Бокс залында өзіңнің жаттығып, жұдырықтасуың бір бөлек те, бокс залын кішігірім бизнеске айналдырып, жас боксшыларды тәрбиелеу мүлде басқа екен.  Боксқа құлай берілген жандар аздау, әрине. Дегенмен қызығушылық басым. Өзіме ұнайды.

-       Үміт күттірер шәкірттерің бар ма?

-       Шеберлік сабақтарын өткізіп тұрамын. Дарынды балалар бар. Жалпы қазақ бокс спортына бейім халық қой. Талай чемпиондар шығады деп үміттеніп жүрміз.

-       Келесі жекпе-жегіңіздің қашан өтетіні қызықтырады халықты. Қашан, кіммен өтетінін айта аласыз ба?

-       Шамамен бір аптадан кейін бәрі белгілі болады. Сол кезде құлағдар боларсыздар.

-       Айдар, әңгімеңізге көп рахмет!



Сұхбаттасқан Жұмәділ Сарқытбай


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру