Ұлттық спорт 16 Тамыз, 2018 (0) (80)

Әлем мергендері елордада екінші рет бақ сынайды

Астанада 29-31 тамыз аралығында «Алтын жебе» ІІ халықаралық турнирі ту көтермек. Ат үстінен ұлттық садақ атудың бұл әлемдік бәсекесі былтырғы жылы алғаш рет ұйымдастырылып, 13 мемлекеттің мергендері бақ сынаған болатын.

 

Бас жүлде румыниялық сұрмергеннің қанжығасына байланды. Венгрияның, Малайзияның, Түркияның мергендері жүлдегер атанды.  Сөйтіп, атағы алысқа кеткен «Алтын жебе» турнирінің биылғы додасына қатысу үшін іргелес елдерден басқа Малайзия, Кувейт, Оңтүстік Африка, Румыния, Венгрия сияқты алыс елдердің таңдаулы қолмергендері ықылас танытуда. Бұл туралы ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ресми сайты хабарлайды.

              Ұлттық спорт жанкүйерлерінің Елордадағы «Қазанат» ипподромында қатарынан екі тәулік қызықтаған І «Алтын жебе» бәсекесін ұмытпағаны анық. Екінші күні Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі  «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне келген құрметті меймандарымен бірге арнайы келіп тамашалаған, мерген жеңімпаздарды марапаттауға Әлемдік этноспорт конфедерациясының президенті Нежмеддин Білал Ердоған қатысқан   алғашқы «Алтын жебе» турнирі расында да қызықты, әрі тартысты өтті.

     Астанада алғаш рет әлемнің «ши үстінен шіркей атқан» кіл саңлақтары бас қосты. Мажарстанның атақты мергені Намети Кристофлер Арпад, Түркия садақшыларының саңлағы Мұрат Бонжук, моңғолиялық сұрмерген Дунчиг Отгонбямба, румыниялық даңқты қолмерген  Михай Козмей, Финляндияның әйгілі мерген қызы Анна Катарина сынды мергендер былтырғы жылы «Алтын жебеге алғаш қатысуымыз еді, дайындыққа бір күн берілмеді, мінген атымызға әлі үйренбедік, жебеміз ағаштан болды» деп қынжылған да, қобалжыған да, тартынған да жоқ.   Талай доданы көрген тарландар алғашқы күнгі  «Шапшаң ату» мен «Қалқан ату» бәсекесінде Қазақстанның үкілеп қосқан бес мергенін тықсырып тастардай көрінген. Біздің садақшыларымыз бір атқанда, шетелдіктер нысанаға екі-үш жебесін қатар қадайды.  Абырой болғанда алғашқы күнгі сайыста шымкенттік жас мерген  Айтбек Сарыбайдың алдына түскен ешкім болған жоқ.

     Ал, екінші күнгі «Жамбы ату» сайысы жанкүйер біткенді тіпті ширықтырып жіберді. Садақшыларға берілген алғашқы мүмкіндікте барлық спортшының оғы далаға кетті. Аянып қалған ешкім жоқ. Мергендер барын салды. Бірақ, қола, күміс, алтын жамбыға қадалған жебе болмады.  Сол кезде жанкүйердің еңсесін көтерген тағы біздің Айтбек мерген еді. Он бірінші болып жарыс жолына құйғытып шыққан Айтбектің екінші оғы күміс жамбыға дәл қадалғанда қалың жанкүйердің қошаметінен  құлақ тұнды. Алайда, Айтбектің соңынан іле-шала жұлдыздай зымырап шыққан Михай Козмейдің жебелері күміс пен алтынға кезек-кезек қадалды. 10+15 ұпай. Екі оқпен 25 ұпайды жұлып түсті.

      Сол  турнир барысында қаршығадай қағылез румындық мергеннің шапшаңдығына таң қалумен болдық.  Кәнігі мерген әр нысана тұсында үнемі екі жебені атып үлгереді. Атпен құйғыта шапқан қалпы үш нысанаға алты оқты қатар атқан Михай Кузмиден өзге садақшы болған жоқ. Сөйтіп, румын мергені алғашқы күнгі «Шапшаң ату» мен «Қалқан атудан» 25 ұпай, «Жамбы атудан» 25 ұпай, жиыны елу ұпаймен «Алтын жебенің»  алтын медалі мен бас бәйгесіне тігілген 2 миллион теңгені олжалап кеткен-ді. Күміс жүлде мен 1 миллион теңгені Айтбек Сарыбай, қола жүлдені Ералхан Айкөз иеленген.

      Ал, енді «Алтын жебенің» ІІ халықаралық турнирі қалай өткізілмек? Биылғы  «Алтын жебе» бәсекесінде  «Шапшаң ату» мен «Қалқан ату» жоқ. Бірақ,  бұл мергендер жарысы да үш кезеңнен тұрады. ІІ халықаралық турнир ережесі бойынша садақшылар алдымен «Азия стилінде», одан соң «Түрік стилінде», үшінші кезеңде «Қазақ стилінде» бақ сынайтын болады. Жүлде қоры  – 4 миллион теңге. Бас бәйге екі миллионға жуық.

      ІІ халықаралық «Алтын жебе» турниріндегі тағы бір ерекшелік, жарысқа шет мемлекеттерден екі спортшыдан қатысады. Ал, «Алтын жебеде»  қазақ ұлтының намысын қорғайтын 6-7 мерген дәл қазіргі кезде Елордадағы «Қазанат» атшабарында күнделікті қызу даярлық үстінде. Атап айтқанда, өткен жылғы «Алтын жебенің» жүлдегері  атанған оңтүстік өңірдің мергендері Айтбек Сарыбай  және  Жамбы атудан биылғы Қазақстан чемпионатында бас жүлде алған қарағандылық сұрмерген Талғат Омарбаев

      Сондай-ақ, «Алтын жебеге» алматылық қос мерген қыз, жуырда Қырғызстанда өткен халықаралық мергендер бәсекесінде жүлдегер атанған, ат үстінен садақ атуда бұған дейін бірнеше турнирдің жеңімпаз, жүлдегері болған Әлия Қалауова мен Рамиша Дидарова қатысады деп күтілуде.

 

 

 



Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру