Футбол 16 Тамыз, 2018 (0) (291)

Оның бір төбе, Роның бір төбе

Түнде мадридтік қос ұжымның UEFA суперкубогына таласқанын тамашаладық. Соңғы жылдары бір қазанға, жо-жоқ бір қалаға бастары сыймай жүрген «Реал» мен «Атлетиконың» арасындағы матчтар драмаға айналып жүр.

Жазғы трансфер кезінде «Атлетикоңыз» бірсыдырғы ауыс-түйістер жасап, шау тартқан Фернандо Торресті жапониялық «Саган Тосу» командасына жібергені болмаса, белді ойыншыларын сақтап қалды. Ал «Реал» ше? Көпшіліктің көңілін күпті еткен Перестің не ойлайтынын қайдам, Зинедин Зидан кеткенде-ақ біраз өзгерістердің орын алары белгілі болғандай. Атақты француз «Реалды» таңдай қағарлық жетістіктерге жеткізіп кетті. Оның орнын басар оғлан қайда?! «Анау келеді екен, мынау келетін болыпты деген сыңарезу болжамдар да айтылып жатты».  Әлем чемпионатына аз ғана қалғанда Испания құрама командасының бас бапкері Лопетегимен жасырын келісім жасасып, дау-дамайға басы қалған Флоро шалдың бір білгені бар шығар десті мамандар.

Роналдудың кеткенін ашық күнде төбеден жай түскендей қабылдағаны рас клуб жанкүйерлерінің. КриРо команда жүрегіне баланады. «Тоғыз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» дегендей, оның ұжымды тастап кетуін ешқандай ақылға сыйғыза алматындай көрінген «Реалдың» жақтастары. Тіпті португалиялықтың кеткені футболшыларға әсер еткен сыңайлы. «Марсело да кетем деп қорқытқанға ұқсайды, Модричті миландық «Интерге сатады екен» деген алыпқашпа сөздер желдей есіп жатты Испания астанасы жақтан. Спортта психология дегеніңіздің үлкен рөл ойнайтыны бар. Бір қарағанда Зидан мен Роналдудың кеткеніне аса қайғыра қоймағандай кейіп танытқан корольдік клубтың ойыншыларын алғашқы минуттардан-ақ сеңдей соғылыстырған Симеоне шәкірттері  1-минутта гол соғып, алға шықты. Диего Коста оң қапталдан айып алаңына ығысып барып, Варан мен Рамосты шаң қаптырған. Араға 26 минут салып, Бензема жоқтан бар жасады деуге болады. Екінші таймда кезек-кезек шабуылдаған жерлестер есепті 2:2 жеткізді. Рамос 63-минутта пенальти орындаса, Коста дубль авторы атанды. Экстра-таймда 98, 104 минуттарындағы Сауль Альварестің жауһар голы, Кокенің гауһар голы «кілегейлілердің» салын суға кетірді.

Бір қарағанда, корольдік клубқа ынта жетіспегендей көрінеді, ал Симеоне шәкірттері аш қасқырға ұқсайды. Жазғы трансфердің сәтсіз өтуі, Лопетегидің тактикалық қателігі, қорғаушылардың әлсіздігі немесе матчқа дайын болмай шығуы мадридтіктердің сәтсіз ойын көрсетуіне себеп болғандай, алайда басты ынталандырушы Роналдудың жоқтығы мадридтік команданың жеңілуіне тікелей әскер етті деп топшылауға болады.  Клубтың стратегиясы осы қарқынмен кері кете  беретін болса, «Манчестер Юнайтед», «Милан» командаларының қатарына Мадридтің «Реалы» да қосылып кетпесіне кім кепіл? Ал, «Атлетиконың» кешегі жеңісі «биылғы Ла лига жеңімпаздары біз боламыз» дегендей әсер қалдырды

Жұмәділ Сарқытбай


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру