Бокс 15 Тамыз, 2018 (0) (203)

"Астана Арланс" боксшылары Азия ойындарына аттанады

Ертең бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы Жазғы Азия ойындарына қатысу үшін Индонезия астанасы Джакартаға аттанады.

Бұл туралы "Астана" Президенттік клубының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Тамыздың 16-сы күні түстен кейінгі уақытта елордамыздың Назарбаев халықаралық әуежайы арқылы Джакартаға аттанатын жерлестеріміз Индонезияға ертерек жетіп алмақ. Ол жақта да боксшыларды қысқа мерзімді оқу-жаттығу жиыны күтіп тұр. Ал 18 тамыз күні Азиаданың ресми ашылу салтанатына қатысып, команда капитаны Әбілхан Аманқұл Қазақстанның көк туын көтеріп, спортшыларды бастап шығады. 24 тамыз күні боксшылар үшін алғашқы жекпе-жектер басталмақ.

Естеріңізге сала кетейік, ұлттық құраманың бірқатар боксшылары бүгінде «Астана арландары» сапында Дүниежүзілік бокс сериясына қатысып жүр. Азиадаға аттанған жігіттердің арасында 49 келідегі Теміртас Жүсіпов, 52 келідегі Азат Махметов, 56 келідегі Қайрат Ералиев, 64 келідегі Бекдәулет Ибрагимов, 64 келідегі Асланбек Шымбергенов, 69 келідегі Әбілхан Аманқұл соңғы кездері ел намысын «арландар» сапында да жыртып жүр. Сондай-ақ, ұлттық құрама сапында Саматәлі Төлтаев (60 келі) та бар.

Индонезияда біздің құрама екі алтын медаль алуды көздеп отыр.

- Жалпы, төрт медальді көздеп отырмыз. Соның екеуі алтын болуы тиіс. Жігіттердің барлығы да дайындықты жақсы өткізді. Дегенмен, босаңсымау қажет. Азияда біздің бәсекелестеріміз жетерлік. Бірінші кезекте өзбектерді айтуға болады. Басқа құрамалар сапында да тәжірибелі боксшылар бар. Бірақ, біз өз күшімізге сенеміз, - деді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов.


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру