Ұлттық спорт 15 Тамыз, 2018 (0) (312)

I әлемдік этноспорт ойындары Қазақстанда өтеді

Бүгін Түркиядан осындай қуанышты хабар алдық. ЮНЕСКО-ның бастамасымен 2021 жылы ұйымдастырылатын І Әлемдік этноспорт ойындарының Қазақстанда өткізілетіні Ыстамбұлдағы бүгінгі жиында айтылған.

Оқырман жадына салып өтсек, 12 тамыз күні Түркияның Эрзурум қаласында Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының ұйымдастыруымен «Түркі ойындары-2018» фестивалі басталған. Сонымен бірге 13-15 тамыз аралығында Ыстамбұл қаласында ЮНЕСКО-ның және Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының ұйымдастыруымен «Кешенді ІV косультациялық кеңес отырысы» және «Дәстүрлі спорттар мен ойындар бойынша достық тобы отырысы» атты жиындар өткізілуде. Әлемнің этноспортты дамытушы көптеген мемлекеттерінің жүзден астам өкілдері қатысатын бұл жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының құрметті президенті Қ.Сатыбалдыұлы, ҚР Мәжіліс депутаты, Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері халықаралық қауымдастығының президенті Б.Тілеухан, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Р.Жақсыбай арнайы шақырту алған болатын.

Ұлттық спорт жанкүйерлері 2018 жылғы 1-2 шілдеде ЮНЕСКО-ның Дәстүрлі спорттар мен ойындар комитетінің өкілдері Халил Ахмед Хан, Шамми Рана  және Марселлин Дэлли мырзалардың Астанаға арнайы сапармен келгенін ұмытпаған болар. Қазақстан мемлекетінің І Әлемдік этноспорт ойындарын өткізуге үміткер елдің бірі екендігі сол кезде мәлімделген.  Астанадағы  Ұлттық музейде ЮНЕСКО, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы арасындағы үшжақты өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойылды, ЮНЕСКО өкілдерінің «Этноспортты дамыту және насихаттау» тақырыбындағы семинар-кеңесі тыңдалды.

Бізге жеткен ақпаратқа сүйенсек, бүгін Ыстамбұлда өткен «Дәстүрлі спорттар мен ойындар бойынша достық тобы отырысында»  ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Р.Жақсыбайдың ағылшын тілінде жасаған «Этноспорт ойындарының ұлттық идентификациядағы маңызы,  Қазақстандағы дәстүрлі ойындар мен спорттардың даму барысы және әлемде этноспортты дамытуда қандай қадамдар жасалуы қажет» деген тақырыптағы баяндамасы тыңдалған. Сонымен қатар, жиында бірталай мемлекет өкілдерінің пікірлері талқыға түсіп,  қазіргі кезде дәстүрлі спорттар мен ойындарға көбірек көңіл бөлу арқылы әлемдегі әр халықтың тарихи жадын, ерекшелігін сақтауға болатыны мәлімделген.

Жиын қорытындысында, 2021 жылы І Әлемдік этноспорт ойындарының Қазақстан Республикасында ұйымдастырылу мүмкіндігінің басым екендігі айтылған.

2021 жыл – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толатын мерекелі жыл. Осы мерекелі жылы Астанада жер жаһанның таңдаулы ұлттық ойындары тамашаланатын І Әлемдік этноспорт ойындары ту көтеруі бек мүмкін.


ethnosport.kz


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру