Футбол 08 Тамыз, 2018 (0) (278)

Алматыда футзалдан әлем чемпионаты өтеді

Алматыда тамыз айының 19-ы мен 26-сы аралығында ТМД елдері тарихында тұңғыш рет футзалдан студенттер арасында әлем чемпионатының жалауы желбірейді.

Бұл чемпионат 1984 жылдан бастап Халықаралық студенттер спорты федерациясының (FISU) қамқорлығымен екі жылда бір рет өткізіледі. Қазақстан қыздар және ұлдар арасында болатын жарысқа өтінім білдіріпті.  Алты құрлықтың  басын қосатын  бәсекеге 16 ұлдар және 9 қыздар командасы бақ сынайды деп күтілуде.

Қазіргі танда, осыған орай ұйымдастыру комитеті іске қосылып, арнайы wucfutsal2018.com вебсайты ашылған.  Сонымен қатар, FISU-дың келісімімен ӘЧ логотипі, хабарламалар, инфогайд, маскот, медалдар бекітілді.  Ол туралы бізге чемпионаттың ұйымдастырушы комитетінің төрағасы,футзалдан Ллттық студенттер лигасының президенті, Дамир Шыныбеков мәлімдеді:

- Бұл жарысқа қызығушылық өте жоғары. Чемпионаттың дайындығына FISU жоғары баға берді. Жалпы біздің қаланың осындай халықаралық дәрежедегі спорттық шараларды ұйымдастыру жағынан тәжірибесі мол дегім келеді. Оның айқын дәлелі, 2017 жылы  өткен қысқы Универсиада ойындары. Жоғары деңгейде өткен  әлемдік жарысқа  арнайы  бой көтерген спорт нысандарда өтетін футзал бәсекесіне көптеген еріктілер  қосылуда. Бір сөзбен айтатын болсам, біз әлем чемпионатын қабылдауға толықтай дайынбыз. 

Айта кетер жайт, қазір Алматыда жұмыс бабымен Халықаралық студенттер спорты федерациясының (FISU) өкілдері келіп, спорттық нысандарды аралап, қонақ үйлердің  сапасын көрді.

- Алматыда өтетін футзал әлем   чемпионатына  дайындық қызу жүріп жатқан көрдік.  Бізде биыл спорттың әр түрінен 35 әлем чемпионаты өтеді. Соның ішінде футзал ең маңыздысы болып табылады, себебі қатысушылар саны  көп. Осы  біріншілік футзал  тарихындағы ең есте қаларлығы болатынына сенімдіміз, - деді FISU әлем чемпионаты Департаментінің директоры Пауло Феррейро.

Футзалдан әлем чемпионаты ойындары Almaty Arena және Halyk Arena спорт кешендерінде өтеді. Спортшылардың дайындығына арналған 4 дайындық база қарастырылған. 


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру